ЕМДЕУ МЕКЕМЕЛЕРІ ЗАМАНАУИ ҚҰРЫЛҒЫЛАРМЕН ТОЛЫҚТЫ

Жақында Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы (ENRC) мен ENRC көмек корпоративтік қоры өз қаражатына заманауи үлгідегі медициналық құрылғылар сатып алып, облыс орталығындағы бірқатар емдеу мекемелеріне табыс етті. Жаңа құрал-жабдықтарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі Павлодар қалалық №1 ауруханада өтті. Игі шараға облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова, «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті Мұратқазы Жанғазақов, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның вице-президенті Жұмабек Қамзин, «Медикус Еуразия» фармацевтикалық компаниясының директоры Қайрат Сейсенов және облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты.

Айта кетерлігі, үстіміздегі жылдың басында облыс әкімдігі мен Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру туралы екіжақты меморандум жасасқан болатын. Бұл заманауи құрылғылар аталмыш келісімнің аясында сатып алынған екен. Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы өкілдерінің сөзіне қарағанда, облыс тұрғындарының игілігі үшін пайдаланылуға беріліп отырған медициналық құрылғылардың жалпы құны 311 миллион теңгені құрайды.

Халық денсаулығы үшін демеушілік көмектерін аямаған ірі кәсіпорын басшыларына облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова аймақ тұрғындарының атынан алғыс айтты.

- Бүгін облыс тұрғындары үшін ерекше күн. Себебі, аймағымыздағы емдеу мекемелері бұрын-соңды болмаған медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қазіргі заманның озық технологияларына сай жасалған жаңа құрылғылар өңірдегі медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға мол мүмкіндік береді деген сенімдемін. Сол үшін де осындай жақсы істің жаршысы болған ENRC корпорациясына алғыс білдіремін, - деді Ә.Ғалымова. «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті Мұратқазы Жанғазақов игі іс ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай кәсіпорынның павлодарлықтарға жасаған сыйы екенін және мұндай тартулар алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.

Демеушілік көмектің нәтижесінде Павлодар қалалық №1 ауруханаға ортопедия, травмотология, хирургия және нейрохирургияда қолданылатын жаңа рентген аппараттары орнатылды. Сондай-ақ, фрагментті сыну, сүйектерді бекіту, жарақат операциясы кезінде пайдаланылатын аспаптар жиынтығы және басқа да медициналық жабдықтар кешені тапсырылды. Аталмыш аурухана дәрігерлерінің айтуынша, енді мұнда күрделі операциялар жасауға мүмкіндік мол. Ал облыстық онкологиялық диспансерге демеушілік көмек ретінде «General Electric» ультрадыбыстық зерттеу аппараты мен «Pentax» бейнеколоноскоп құралы тапсырылды. «General Electric» аппараты арқылы әйелдердің сүт бездері, қалқанша бездері және түрлі ісік ауруларын анықтаса, «Pentax» аппаратының көмегімен диагностика сапасын арттыруға болады екен. Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға байланыссыз тонометр, автокератометр, офтальскоп, периметр, саңылаулы шам сынды соңғы үлгідегі құралдардан тұратын офтальмологиялық және эндоскопиялық құрылғылар орнатылды. Сонымен қатар, жедел медициналық жәрдем емханасы жаңа денешынықтыру залымен жабдықталды. Мамандардың пікірінше, заманауи құралдарға толы осынау дене шынықтыру кешені сал ауруы, склероз, паркинсон, инсульт, омыртқа бағанасының жарақатын алған науқастарды сауықтыруға өте тиімді көрінеді.

Аймақтың медицина саласын дамытуға көмек қолын созған демеушілерге ақ желеңділердің де, тұрғындардың да ыстық ықыласы шексіз.

Н.ШОДЫР.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30