РЕЙД
Үстіміздегі жылдың 20 тамызы күні Павлодар қалалық әкімдігі мен санитарлық - эпидемиологиялық қадағалау қызметінің, сондай-ақ, Қазақстан Сүт одағының бастамасымен Павлодар қалалары көшелерінде арнайы тексеру жұмыстары жүргізілді. Облыста сапасыз сүт өнімдерінің салдарынан адам өміріне қауіп тудырған жағдайлар тіркелген болатын. Қауіпті жағдайдың алдын алу шаралары тек қана Павлодар облысында ғана емес, еліміздің барлық аймақтарында жүргізіліп жатыр.
Павлодар қаласының көшелерінде жүргізілген арнайы тексеріс жұмыстарының нәтижесінде сүт өнімдерін сатушылар санитарлық -эпидемиологиялық құқықтар мен талаптарды, әкімшілік кодекстің баптарын сақтамайтынын көрсетті. Сүт өнімдерін жасырын сату салдарынан республика бойынша бірнеше қауіпті жағдайлар тіркеліпті. Мысалы, шекаралас Ресей аумағынан келген сібір күйдіргісі жарасы, былтыр ғана республика бойынша орын алған сары ауру белгілері - сүт өнімдерінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтіндігінің салдарынан туған келеңсіздіктер. Сүт өнімдерінің салдарынан тарайтын індеттер қайнатылмаған өнімді ішуден ғана емес, жарақаттанған дене мүшесіне бір тамшы сүттің тиіп кетуінен де белең алады екен.
Қала көшелерінде сауда жасайтын тұрғындардың өнімдері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейді, тіпті шаруашылық пен жануарлардың ветеринарлық анықтамалары да жоқ болып шықты. Қарапайым сатушының сауда жасауға арналған арнайы киімі, сүт ыдыстарының қақпақтарында пломбының салынуы және сатушының жеке санитарлық кітапшасы болуы секілді талаптар да сақталмаған. «Қала көшелері мен рұқсат етілмеген жерлерде сауда жасайтындар Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 164 бабы «Құжатсыз сауда-саттық жасау», 165 бабы «Тыйым салынған орындарда сауда жасау» және 323 баптың 1 тармағы «санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға байланысты құқықбұзушылықтар» нормалары алдында тікелей жауап беруге тиісті» ,- деді өз сөзінде Павлодар қалалық тұтынушы нарығы үйлестіру секторының инспекторы Азамат Мәжитов.
Қала көшелеріне жүргізілген арнайы тексеріске қатысқан Павлодар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының бас маманы Құралай Әбдірахманова: «Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін өнімдерді сатуға қанша тыйым салынса да, ережелер уақытылы сақталмайды. Талаптарға жауап бермейтін сүт өнімдерін сатып алу қаншалықты зиянды екенін тұрғындар жете түсіне бермейді. Тек күнкөріс қамы үшін осындай іспен айналысуға мәжбүр болады»,- деді.
«Сүт – биологиялық өнім. Сүт құрамының таза әрі пайдалы болуы сүт беретін сиырға байланысты. Яғни, малдардың дұрыс тамақтануы, денсаулығы, егілу жұмыстарының уақытылы жүргізілуі секілді жұмыстарға көңіл бөлгенде ғана тұрғындар денсаулығына еш қауіп төнбейді. Сүт өнімін күнделікті тексеріп отыру қажет. Әйтпесе, олар әр күнде әртүрлі белгілер мен нәтижелерді көрсетуі әбден мүмкін. Сүтті дұрыс таңдай білу де керек. Бұл қарапайым тұрғындар үшін қиынға түседі. Ол үшін сүт сататын адамның санитарлық-эпидемиологиялық анықтамасын сұрау қажет, әрі сатушының киім киісі мен жүріс-тұрысына жіті көңіл бөлген де артық етпейді»,- деп атап көрсетті Қазақстан Сүт одағының баспасөз жетекшісі Андрей Кукушкин.
«Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 21 тарауы «Әкімшілік құқықбұзушылық, тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігі» техникалық талаптарға сәйкес келмейтін өнімдерді пайдалануға шектеу қояды. Техникалық регламент сүт өнімдерінің қауіпсіздігін қадағалайды. Оның қауіпсіздігін сақтау тек заңды тұлғаларға ғана емес, сүт өнімдерін өндірумен, сақтаумен айналысатын физикалық тұлғаларға да тікелей қатысты»,- деді өз сөзінде Андрей Кукушкин.
Бұл күнде сүт өнімдерін көшеде сату тек қана сары ауруға шалдықтырмайды, сонымен қатар өнімнің алдағы уақытта нарықтағы сапасын төмендетеді. Тұрғындар, көшеде бір ыдыстан екінші бір ыдысқа сүт өнімдерін құюдың залалы көп екенін білсе де, өз жұмыстарын жалғастыра береді. Павлодар қаласында күн сайын заңсыз сүт өнімдерін сататындарды құрықтау мақсатында арнайы күзет адамдары құрылғанын атап өтті Павлодар қалалық тұтынушы нарығы үйлестіру секторының инспекторы Азамат Мажитов. Ең бастысы сатушы тұрғындар бұқара халықтың денсаулығы, өздерінің қолдарында екенін ұмытпаса болғаны. Көшеде жасалатын сауда-саттық зиянды әрі заңсыз екенін тұрғындардың есінде сақталуы қажет.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

