Полиомиелит – (сал) орталық нерв жүйесін зақымдайтын өте ауыр жұқпалы ауру. Ол негізінен жұлынды зақымдайды. Бұл дерт адам баласына ерте заманнан белгілі. Ежелгі Египет табыттарын ашып қарағанда өлген адам сүйегінен полиомиелитке тән белгілердің табылуы бұған куә. Ғалымдар бұл аурудың бүкіл Еуропа континентіне тарағанын білді. XIX ғасырдың басында полиомиелит Еуропаның 24 елінде тіркелген, ал XX ғасырдың басында бүкіл дүние жүзіне таралғандығы анықталды. Елуінші жылдары аурудың ауыр эпидемиясы АҚШ-қа, Скандинавия, Австралия мен Жаңа Зеландияға жайылды. Совет Одағында полиомиелит басқа елдердегідей кең тарала қойған жоқ. Бұл сырқатты қоздырушы поливирус ішекте тіршілік етеді, оның көлемі өте шағын (18-25 миллимикрон), тек электрондық микроскоп арқылы ғана көруге болады. Аталмыш вирус сыртқы ортаға өте төзімді келеді. Ылғал мен суықта бірнеше ай сақталады. Адамның үлкен дәретінде ол жиырма төрт тәулік бойына өлмейді, топырақта – 150 тәулік, көкөністе – 15 күнге жуық, сүт пен сары майда – 3 айға дейін, айранда 164 күн, тоқтау су мен қайранда 3 айға дейін сақталады. Поливирус тек ыстыққа төзімсіз, 50 градус-та 20 минутта, ал қайнатса сол сәтте жойылады.
НЕГІЗГІ БЕЛГІЛЕРІ ҚАНДАЙ?
Вирусты сау адамға негізінен сырқаттанған адам немесе денесінде вирусы бар, бірақ өзі ауырмай жүрген жан да жұқтырады. Адам ағзасына вирус ауыз арқылы еніп, әзірленбеген ас пен лас қолдан, әртүрлі заттардан, судан, жуылмаған жеміс-жидектерден де жұғады. Полиомиелит адам жөтелгенде, түшкіргенде жұғуы мүмкін. Бұл дерт негізінен жас балалар жиі шалдығатын ауру. Онымен көбіне алты айлық сәбиден бастап бес жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Бұдан ересек балалардың ауруы өте сирек кездеседі. Организмге енген вирус жұтқыншақ пен ішекте өсіп өнеді. Одан қанға өтіп, бүкіл денеге тарайды. Вирус қанға түскен кезде оған қарсы зат антитела пайда болады, сөйтіп олар вирусты жойып жібереді. Баланың дені сау болғанда ғана осылай болады. Ал бала организмі әлсіз болса, вирус көбейіп, кетеді де, нерв жүйесіне зардап шеккізеді, сөйтіп аяқ-қолды сал етеді. Ауру жұққаннан кейін оның алғашқы белгілері білінгенше тоғыз, он екі күн өтеді. Бұл кезде баланың әлсіреуі тамаққа тәбеті болмауы, басы ауырып, кейде іші бұзылуы мүмкін. Одан кейін бірде дене қызуы көтеріліп, аяқ сал болып қалады. Орталық жүйке жүйесінің қызметі бұзылады. Осыдан барып, баланың басы ауырады, құсады, ұйқысы келіп, маужырай береді, кейде сандырақтайды.
Негізінен ауру тұмауға ұқсап басталады, бала жөтеледі, мұрнынан су ағып, тамағы баспаға (ангина) шалдығады. Одан кейін іші бұзылып, денесіне бөртпелер шығады. Арқасының еттері ауырып, аяқ-қолы қақсайды. Омыраудағы балаларда елірме пайда болады. Арада үш-төрт күн өткен соң баланың дене қызуы басылып, ол аурудан айыққандай әсер тудырады. Бұл қауіпті әрі қатерлі әсер. Өйткені баланың беті бері қарағандай болғанымен әп-сәтте бірнеше сағат немесе бірнеше күн ішінде ол сал болып қалады.
ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ
Полиомиелитпен ауырған баланы ұзақ емдеуге тура келеді. Өйткені ауру алғаш басталған кезде өлген жүйке жасушалары қайта қалпына келмейді. Ал олардың қызметін қалған көрші жүйке жасушалары өздеріне алғанша біраз уақыт өтеді. Дәрігерлер ем қолданғанда сау қалған жасушаларға көмектесуге әрекет жасайды. Ол үшін бала арнайы дене шынықтыру жаттығуларын пайдаланады, массаж алады. Осылай емдеу тәсілдерінің нәтижесінде бұлшық ет пен зақымданған сүйекте қан айналысы жақсарып, аяқ пен қолдың бұлшық еттерінің семуі тоқталады, буындар қозғалмай қалуының алдын алуға болады. Кейде мұндай ем жақсы нәтиже бермейтіндіктен зақымданған органға операция жасауға тура келеді. Осы дерттен кейін әртүрлі дене кемістіктері бар адамдарды арнайы шипажайларға жіберіп, ұзақ жылдар емдейді. Ғалымдар аты жаман аурудың алдын алудың жолдарын іздестіріп, терең зерттеулер жүргізіп келеді. Дегенмен, жұмыстың нәтижесі байқалды. Вирустың адамға зияны аз түрі табылып, жұқпалы кеселден құтылудың мүмкіндігі туып отыр. Америкалық ғалым Альберт Сэбин айрықша поливирус тапты, оны организмге жіберсе, денеде ауру пайда болмайды, қайта организмді сырқаттан қорғайтын антитела көбейіп, бала бойында дертке қарсы иммунитет пайда болады екен.
Балаға егілген не ішкізілген бұл тірі вирус ішке түскен соң көбейіп, дененің ауруға қарсы тұру күшін молайтады. Сонымен бірге вакцина егілген бала вирус тасушы болады да, ол маңайындағы егілмеген балаларға вирусын жұқтырады. Сөйтіп олар да полиомиелитке қарсы егілген болып шығады. Жер шарында осы ауру тараған, оның эпидемиясын туғыза алатын аудандар әлі көп. Шетелдерге барып қайтқан отандастарымыз және сол елдерден елімізге келген туристер өздерімен бірге ауру қоздырғыш поливирустарын әкелу қаупі бар. Сондықтан елімізде жас сәбилерге жыл сайын вакцина егіліп тұрады. Атап айтқанда, 1966 жылдан бастап 2 ай мен 1 жас аралығындағы балаларға полиомиелитке қарсы вакцина 3 ай сайын егіліп тұрады.
Вакцинадағы вирус тірі болғандықтан оны қолданғанға дейін өлтіріп алмай, тірі сақтау – аса қажетті шарт. Сондықтан бұл сырқатқа қарсы қолданылатын вакцина негізінен тек балалар консультациясы мен емханаларында ғана сақталады. Вакцинаны ата-аналардың қолына беру, оны балаларға әке-шешесінің өзі ішкізсін деу – үлкен қателік болып саналады. Әдетте вакцина балаға тамақ ішерден бір сағат бұрын беріледі. Оны ішкен соң белгілі бір уақытқа дейін басқа сұйық зат ішуге болмайды. Өйткені вакцина тек ішекке ғана емес, тамақ-жұтқыншақ жолдарына да әсер етуі тиіс. Осы сырқатқа қарсы тірі вакцина жасау – қазіргі заманғы медицинаның қомақты табысы. Міне, осы ғылыми жетістіктің арқасында бұл кездері полиомиелит өмірде сирек кездесетін ауруға айналды.
Алайда, соңғы кездері осы дерт бірқатар елдерде қайтадан қозғаны барлық бұқаралық ақпарат құралдарынан айтылып жатыр. Сондықтан кейін ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолға бет бұрайық. Яғни, ата-аналар қауымы елімізде Денсаулық сақтау министрлігі ағымдағы айдың 6 мен 10 аралығында, тек бес сал ауруына қарсы вакцина егу шараларын жүргізеді. Екпе алған балалар сал ауруына шалдықпайтынын қаперлеріңізде ұстаңыздар!
М.СЕЙІТҚАЗИНА,
балалар дәрігері,
Павлодар ауданы.

