Жақында облыстық балалар ауруханасында Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «6 жасқа дейінгі балаларды полиомиелитке қарсы қосымша иммундау шарасына дайындық және оны өткізу» деген тақырыпта семинар болып өтті. Оған аймағымыздың түкпір-түкпіріндегі терапевт, педиатр мамандар шақырылды. Семинарда сөз алған аталмыш департамент қызметкерлері шараға жиналған ақ желеңділерге полиомиелит ауруының таралу жолдары мен оның алдын алуға бағытталған іс-шаралар жөнінде баяндады.
Жыл сайын әлемнің әр бұрышында адам денсаулығына аса қауіпті түрлі жұқпалы аурулар таралуда. Солардың бірі – алты жасқа дейінгі кішкентай бүлдіршіндер арасында көп кездесетін полиомиелит ауруы. Мамандар: «Полиомиелит - энтеровирустен пайда болатын жұқпалы ауру. Оның бастапқы белгілері – қызудың көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы, құсу, аяқ-қолдың сырқырауы. Негізінен ол ауру көп жағдайда байқала бермейді. Сондықтан да, полиомиелит қоғамда сал ауруы түрінде көрінбейінше, кеңінен таралуы мүмкін. Тіпті, бұл жұқпалы ауру адамның бұлшық еттерін жансыздандыратын болса, онда ол науқастың өліп кетуі де әбден мүмкін. Жалпы, полиомиелит жасөспірімдер мен ересектер арасында да кездеседі. Бірақ, туғаннан бастап 6 жасқа дейінгі балалар полиомиелиттің неғұрлым осал тобы болып табылады», - дейді.
Аталған жұқпалы індет биыл көрші елдерде үдей түскен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, Тәжікстанда жіті солғын параличтің 564 жағдайы тіркеліп, арнайы зертханалық тексерулер оның 183-і полиомиелит ауруы екенін анықтаған. Өкініштісі, онда бұл аурудан тоғыз бала көз жұмған. Мұндай қайғылы оқиға Ресейде де орын алған. Ал Қазақстан Республикасында полиомелиттің соңғы жағдайы 1995 жылы тіркелген екен. Алайда, эпидемиолог мамандар Қазақстан Республикасына шет мемлекеттерден келіп-кетушілер мен қоныс аударушылар көп болғандықтан, полиомиелит ауруының ену қаупі төніп тұрғанын айтады. Сондықтан да қауіпті індеттің алдын алу үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мұрындық болуымен үстіміздегі жылдың 6-10 қыркүйегі аралығында еліміздің барлық өңірлерінде жаппай «Қазақстандағы полиомиелитке қарсы ұлттық иммундау күндері» атты шара ұйымдастырылмақ.
Аталмыш шара барысында Қазақстан Республикасының алты жасқа дейінгі барлық балаларына полиомиелитке қарсы бір реттік қосымша вакцина жасалады. Республика деңгейінде қолға алынған шара біздің өңірімізде де ойдағыдай жалғасын табады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда облыста полиомиелитке қарсы вакциналауды жүргізу жөніндегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлескен бұйрығы шығарылып, жұмыс тобы, облыстық үйлестірушілердің құрамы бекітілген.
Санаулы күндерден кейін басталатын «Қазақстандағы полиомиелитке қарсы ұлттық иммундау күндері» атты шара аясында облыс бойынша 348 екпе пункттері жұмыс істейтін болады. Атап өтерлігі, олардың 73-і шығу екпе бригадалары, яғни арнайы пункттерге келуге мүмкіндіктері жоқ балаларға, шалғай елді мекендерге баратын топ құрамы.
Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бөлім бастығы Зайпа Шадиеваның айтуынша, аталған шара барысында облыс бойынша 62 мыңға жуық бүлдіршінді егу жоспарланып отыр. Мамандар көптеген шет мемлекеттер үшін үлкен үрей туғызған індеттің алдын алуға тек вакцина ғана көмектесе алатынын айтады. Сондай-ақ балалар үшін бұл вакцина тегін әрі зиянсыз. Сол үшін де дәрігерлер әр ата-ана баласының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, полиомиелит вакцинасын жасатуға белсенді қатысуға шақырады.
Нұржайна ШОДЫР.

