
Сүйінші деп жар салатын жаңалық. Жүрек-қантамыры ауруларына шалдыққан павлодарлықтардың жолдары болды. Себебі аймағымызға келісімшарт бойынша Ерлан Машимбаев есімді болашағы зор, тәжірибелі кардиохирург келді. Демек, енді бұрынғыдай Астанадан немесе Новосібірден дәрігерлер бригадасының келуін күтудің қажеті жоқ.
«Жас келсе-іске» демекші, небәрі 32 жастағы ол ашық жүрекке бес жүзге жуық операция жасап үлгерген. Ерлан Машимбаев Н.Н.Бурденко атындағы Воронеж медициналық академиясын тәмамдаған, одан кейін Мәскеу қаласындағы А.Н.Бакулев атындағы жүрек-қантамыр хирургиясының ғылыми орталығында білім алған. Ал өзінің ең алғашқы өздігінен жасаған операцияны 26 жасында сәтті жүзеге асырған. Бұл операцияны ол Астана қаласында Республикалық ұлттық ғылыми-медициналық орталықта жұмыс істеп жүргенінде жасаған.
- Мен мектеп қабырғасында жүргенде медицина болашақ мамандығым болатынын білдім, ал Воронеждегі студенттік шағымда өмірімді кардиохирургиямен байланыстырдым және операциялар кезінде мэтрлерге көмектесіп жүрдім. Мәскеуде де, Астанада да дәл осылай жасадым. Ал Павлодарға мені Алматыда жүрген жерімнен шақырды. Онда мен отбасыммен бірге тұрып, кардиохирургия орталығында қызмет етіп жүрген едім, - дейді Ерлан Машимбаев.
Жерлестеріміздің аман қалу жолында тек Ерлан Машимбаев қана еңбек етпейді, онымен бірге Павлодарға тәжірибелі операциялық медбике Гүлмира Шаяхметова және дәрігер-перфузиолог Зәуре Оразғалинова, яғни бір-бірін жарты ауыз сөзден, бір ғана көзқарастан түсінетін пікірлес команда келді. Ал Алматыдан келген кәсіби дәрігерге жергілікті кардиохирургтар көмектеседі. Демек, келешекте жергілікті дәрігерлерге өздіктерінен операция жасауларына жол ашылмақ.
Айтпақшы, жоғары білікті мамандар өздеріне көрсетіліп жатқан тұрғын үй, тұрмыстық жағдайларға, еңбекақы төлеміне риза. №2 қалалық аурухананың бүгінде Ерлан Машымбаев басқарып отырған кардиохирургиялық бөлімшесінің қажетті құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейі, жергілікті мамандардың кәсіби деңгейі де олардың көңілінен шығып отыр.
Кәсіби мамандардың еңбек еткеніне жарты жыл уақыт болды. Осы аралықта артокоронарлық шунтирлеу (АКШ) және жүректің туа біткен ақауларын жою бойынша 90-ға жуық операция жасалды. Ресейде, сондай-ақ Елордамыз мен Алматыда мықты мектептен өткен маман, әрине, көп нәрсенің байыбына бара алады. Өзінің күрделі мамандығының да қыр-сырын жақсы біледі. Жоғарыда аталған операциялар өте күрделі, микрохирургия екенін де мойындайды, себебі мұндай әрекеттер кезінде диаметрі 1,5 миллиметрлі жүрек қантамырларын тігуге тура келеді. Мұнымен келіспеске болмайды, өйткені бұл жерде асқан шеберлік қажет, бәрін де батыл қол, темірдей мінез және дәрігердің саналы рухы, оның жеңіске, адам өмірін сақтап қалуға деген оптимисті беталысы шешеді.
Алайда тіпті дәрігер-кардиологтардың өзі операцияның орнына дәстүрлі емдеу жолдарын ұсынғанды жөн санайды, дейді мейманымыз. Міне, сондықтан инфаркттан және оған әкелетін жүректің ишемиялық ауруларынан көз жұму көрсеткіші жоғары күйінде сақталып отыр. Дегенмен, бұл орайда күйзеліс, экология, дұрыс тамақтанбау сынды себептер де жүрекке өзіндік кесірін тигізетінін жоққа шығаруға болмайды. Алайда қатты сырқаттар кезінде операциялық араласу әрекетінің теңдесі жоқ. Дәрілер мен екпе белгілеу кезінде көп жағдайда емдеу далаға кетеді, себебі жүректе болып жатқан құбылыстардың нақты көрінісін көз алдыңызға әкеле алмайсыз. Тек қантамырлардың нақты жағдайын көрсететін коронографиядан кейін ғана науқасты емдеу жолдарын түпкілікті таңдау жөнінде шешім қабылдануы тиіс.
- Не десек те, бұл - әлеуметтік мәселе, өйткені инфарктқа бәрінен бұрын экономикалық белсенді жастағы - 40-60 жас шамасындағы ерлер, яғни күші кемеліне толған шақтарында жиі шалдығады. Ал операция дегеніміз не? Бейнелеп айтсақ, бұл – ажалдан аман қалған, еңбегіне оралған, физикалық белсенді жандар, жарты жылдан кейін отбасы мен елінің игілігіне еңбек етуге орала алатын адамдар. Бізде операция құнының төлемін мемлекет өз мойнына алып отыр. Өйткені мемлекет Қазақстанда жүрек-қантамыры ауруларынан өлім-жітімді төмендету үшін алдына үлкен мақсат қойды. Тағы бір айтарым, кардиохирургияның болуының өзі – экономикалық жағдайдың жақсы екенінің бірден-бір көрсеткіші, себебі бұл операцияларға қыруар қаржы жұмсалады, - дейді Е.Машимбаев.
АКШ-дан кейін көз жұму орташа есеппен - 2-3 пайызды, максимум 5 пайызға дейін болады, ал егер де мұндай науқастарға операциялар жасалмаса, әртүрлі дерек көздері бойынша өлім-жітім 50 пайызға жететін көрінеді. Міне, сондықтан да кардиохирургия тұрғындардың өлім-жітім көрсеткішін нақты төмендетеді деп саналады.
***
Бірнеше жыл бұрын ғаламтордан Франция мемлекеті әйелдер үшін пластикалық операцияларға қаржы бөлетінін оқып едім, сонда «бізде тым болмағанда мемлекет есебінен жүрек ауруларына шалдыққандарды ажалдан алып қалуға әрекет жасалса ғой» деп ойлап едім, дегенмен, іштей француздық нәзік жандыларға қызығып едім... Енді еліміз жоғарыда аталған күрделі операцияларды жасау арқылы сан адамның өміріне араша түсуде. Осы бағытта терең түсінік пайда болып, қазақстандық медицинаның алысқа көз тігуі, ел қазынасы адам өмірлерін сақтап қалуға мүмкіндік беріп отырғаны қуантады. Әрине, мұндай игіліктердің қандай бағдарлама шеңберінде жүзеге асып жатқаны маңызды емес, ең бастысы - бұл бағытта істің оңға басқаны.
Әзірлеген Г.ТҮГЕЛБАЙ.

