ЖАҢА БАҒДАРЛАМА – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

       Жуырда Астанада Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын талқылаудың қорытындысы жасалғаны белгілі. Естеріңізде болса, бұл бағдарламаны еліміздің денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев ұсынған. Міне, осы алқалы жиында Павлодар қалалық №2 аурухананың бас дәрігері Ораз Мұқашев жаңа бағдарлама жөнінде павлодарлық ақ желеңділердің ой-пікірлерін, өзі басқарып отырған аурухананың денсаулық сақтау саласының бірыңғай ұлттық жүйесін енгізу кезіндегі жұмыстарын баяндап берді. Айта кету керек, бұл саладағы жаңа реформа «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының негізгі кезеңдерінің бірі болып саналады.
        Сонымен, Павлодарда белгілі жоғарыда аталған медициналық мекеме мысалы негізінде отандық денсаулық сақтау саласының кезекті реформасының алғашқы нәтижелері, жетістіктері мен осы саланың мәселелері жөнінде білмек мақсатпен О.Мұқашевты әңгімеге тартқан едік.

- Ораз Сәрсенғалиұлы, өзіңіз басқарып отырған аурухананың ұжымы саладағы барлық жаңашылдықтарды қалай қабылдады?
- Бәрі құптады, себебі дәл осы реформаның арқасында шаруашылық жүргізу құқығына ие болдық. Нәтижесінде, біріншіден, біз анағұрлым дербеспіз, яғни бұл жүйе қаржыны тауып қана қоймай, тапқанымызды өздігімізден жұмсау мүмкіндігін береді. Мысалы, біз ішінара материалдық-техникалық базамызды жаңарттық, алдағы уақытта құрал-жабдық сатып алып қана қоймай, сонымен бірге кардиохирургиялық бөлімшеге арналған операциялық қарқынды терапиямен бірлескен блок ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл өз кезегінде қызмет түрлерін кеңейтуге жол ашады. Дәрі-дәрмек сатып алу көлемі 2,5 есеге артты, күніне бір науқастың тамақтануына жұмсалатын қаржы 181 теңгеден 320 теңгеге өсті. Еңбек төлемінің артқанын да айта кету керек, себебі бүгінде мықты дәрігер 120 мың теңге, ал медбике 80 мың теңге табыс таба алады. Мамандар Астанада кардиохирургия бойынша шеберлік сыныбына, Алматыда өткен рентгенэндоваскулярлық хирургия бойынша симпозиумға және Анталияда ұйымдастырылған тромболитикалық терапия бойынша конференцияға қатысып келді. Бұл мүмкіндіктердің барлығы аурухана есебінен қамтамасыз етілді.
        Дегенмен, ең бастысы осының бәрі және басқа да жаңа мүмкіндіктер адамдарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді.
- Ал осы жаңа бағыт науқастарға қандай пайда әкелмек?
 - Неге әкелмеске? Мәселен, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жыл сайынғы қаржыландырудың үстінен бес жылға қосымша 450 миллиард теңге бөлу қарастырылуда. Бұл қомақты қаржы, ал жұмыс үш бағыт бойынша атқарылады: сектораралық өзара байланыс қарастырылған, мұнда қаржыландыру барлық министрліктер мен ведомстволарды қамтиды, Денсаулық сақтау министрлігінен бастап Төтенше жағдайлар министрлігіне дейін, Туризм және спорт министрлігі, бір сөзбен айтқанда, ұлтты сауықтырумен айналысатын барлық органдар жұмылдырылады; Денсаулық сақтау саласының Ұлттық бірыңғай жүйесін (ДҰБЖ) енгізуге, сондай-ақ медициналық білім мен ғылымға кететін шығындар да ескерілген;

      Мысал ретінде, ДҰБЖ-ны ғана алып қарайық, алдымен нені байқаймыз? Министр айтқандай, енді ақша науқастың соңынан жүреді, демек, қызмет сапасын арттырмай ол қаржыны қолға түсіру оңай болмайды. Емдеу енді медициналық қызметтер көрсетудің бірыңғай тарифі бойынша жүргізіледі, әрбір ауруға арналған емдеу хаттамасы бар. Біздің қызметіміз үшін төлем соңғы нәтиже, әрбір емделіп шыққан науқас бойынша төленеді. Және де неғұрлым күрделі операциялар көп жасасақ, жаңа технологиялар енгізсек, соғұрлым медициналық қызмет сапасы жоғары болады, табатын табысымыз да еселенеді.
       Ал науқастарға көрсетілетін қызмет сапалы ғана болмайды, сонымен бірге қолжетімді болады, науқастар үшін жаңа жүйенің басты басымдылығы да - осы. Себебі жаңа технологиялар, медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жаңа аппаратура сатып алу қызмет түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын жүректің соғысын тексеріп, оған операция жасау үшін кем дегенде Астанаға жол тарту қажет болды, бүгінде бұл қиындық артта қалды, енді мұндай мүмкіндік кез келген павлодарлыққа қолжетімді.
- Сонда бір жағынан аталмыш қызметтер тегін болғандықтан қолжетімді дегеніңіз бе?
- Дәл солай. Қолжетімді дегенім, тек Павлодарда кардиохирургиялық бөлімшенің ашылуымен, жаңа технологияларды енгізумен қызмет түрлерінің кеңеюімен ғана байланысты емес, сонымен қатар осы мақсаттағы барлық шығындарды мемлекет өз мойнына алып отыр. Бұл шығындар аз емес, мәселен, бір стент 789 мың теңге, оны орнату 200 мың теңге тұрады, бір науқастың төселуі үшін кем дегенде үш-төрт стент қажет, сонда барлығы қанша болатынын санай беріңіз. Аортокоронарлық шунтирлеу (АКШ) бойынша операция құны бір миллион теңгеден астам тұрады. Бұрындары осындай диагнозбен павлодарлықтар Новосібірге барып жүрді, онда операция үшін 10-15 мың доллар төлеуге тура келген. Негізі біздің бөлімше басқа бағдарлама, яғни елімізде кардиохирургиялық қызметті дамыту бойынша 2007 жылы қабылданған бағдарлама шеңберінде, сондай-ақ Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен ашылған болатын. Өйткені Қазақстанда жүрек-қантамыр аурулары бойынша өлім-жітім көрсеткіші айтарлықтай жоғары – 54%, Павлодар облысында 50 % астам. Енді жаңа бағдарлама, денсаулық сақтау саласының жаңа жүйесі шеңберінде бұл бастама одан әрі қолдауын тапты, сонымен бірге кардиохирургиялық ауруларға ғана емес, барлық әлеуметтік маңызы бар сырқаттарға, қазақстандықтарды сауықтыруға баса көңіл бөлінуде. Бұл тегін медициналық көмекке деген теңдей, әділ қолжетімділікке және медициналық қызметтердің ашық болуына қол жеткізуге өте маңызды болып табылады. Жасыратыны жоқ, бұрындары менің күнделікті жұмыс күнім телефон қоңырауынан басталатын, хабарласушылар тұтқаның ар жағынан туыс-туғандарын, әріптестерін стационарға жатқызуға қол ұшын беруді өтініп жататын. Ал енді – кезек ашық түрде госпитальдау порталы арқылы жүзеге асады, бұл баршаға бірдей.
- Тағы да көрсетілетін қызметтер сапасы мен жүйенің науқастар үшін тиімділігіне оралсақ...
- 2011 жылы жоғары арнайы медициналық көмек көлемі кеңейтуді көздеп отырмыз. Бұл ең алдымен біздің науқастар үшін қажет. Айтпақшы, арнайы талдау ауруханада емделген науқастардың 95 пайызы өздеріне көрсетілген қызмет сапасына қанағаттанғандарын көрсетті. Аурухана 185 орынға шақталған, оның тең жартысына жуығы кардиология және кардиохирургияға берілген. Кардиохирургтар енді тәулік бойы кезекшілік жасайды. Бұл қадам өте орынды екені сөзсіз, себебі науқастарда инфаркт, жүрек қан айналымының қатты бұзылуы тәуліктің кез келген сәтінде орын алуы мүмкін. Ал оны ажалдан алып қалу үшін ургенттік кардиохирургия жасау керек. Бізге 30-дан астам науқас дәл осындай кезекшілік кезінде түсті. Миокардтың қатты инфаркт түрінде түскен науқастарға дәрігерлеріміз жүректің қантамырларына рентгенді бірден жасайды. «Жедел жәрдем» мұндай науқастарды бірден бізге әкеледі, себебі облыста бір ғана ангиограф – біздің еншімізде. Аталмыш аппарат жүрек және ми қантамырларына, жалпы бүкіл организмге заманауи деңгейде тексеру жүргізу мүмкіндігін береді. Болашақта ми қантамырларының қатты бұзылуына ұшыраған науқастарға қызмет көрсетуге көшуді жоспарлап отырмыз, өйткені инсульт кезінде науқастың келешекте кемтар болып қалмауы үшін алғашқы сағаттарда көмек көрсетудің маңызы зор. Ал науқастың сырқаттарының бүкіл көрінісін байқамай тұрып жоғары кәсіби көмек көрсету мүмкін бе?
- Сіз басқарып отырған ауруханада кардиохирургиялық бөлімше 2008 жылдың қарашасынан бері жұмыс істейді. Осы аралықта қанша адамды ажал аузынан алып қалдыңыздар? Сіздерге кардиохирургтар бригадалары әлі де келіп, көмек көрсетіп тұра ма?
- Жоқ, міне, жарты жыл болды, жүрекке операцияны өзіміз, ешкімнің көмегінсіз жасап жатырмыз. Біз келісімшарт бойынша Алматы қаласынан Ерлан Машимбаев есімді үздік маман, тәжірибелі кардиохирургты шақырдық. Ол бүгінде бөлімшенің меңгерушісі әрі операция жасайды, оған жергілікті кардиохирургтар ассистент болуда. Бөлімшенің ашылғанынан бері 128 адамға операция жасалды, оның ішінде 120 операция АКШ бойынша, сегізі жүректің туа біткен ақауларын жою бойынша жасалды. Сонымен бірге 300-ге жуық стентирлеу және 1700 коронография операциялары жүзеге асырылды. Ал өздігімізден, яғни наурыз айынан бері 80-нен астам АКШ, бес операция жүректің туа біткен ақауларын жоюға бағытталды.
       Бұл бізге не берді? Статистикалық басқарма мәліметтеріне сүйенсек, 2010 жылдың бес айында жүректің ишемиялық ауруларынан көз жұму көрсеткіші өткен жылдың баламалы аралығымен салыстырғанда 28,3 пайызға төмендеген. Осы орайда біздің кардиохирургтардың үлесі зор екені сөзсіз. Ай сайын біз 100-ге жуық коронография, 30 стентирлеу, 15 АКШ жасаймыз. Операцияларымыз науқастардың өмірлерін 10-15 жылға ұзартып қана қоймайды, сонымен қатар өмір сүру сапасын арттырады. Мұндай операциялардан кейін адам физикалық белсенді өмірге, еңбекке қайта орала алады, мүгедектіктің алдын алады. Ендеше, осыған қарап, мемлекеттің қыруар қаржы жұмсап, саланы дамытуы, мамандарды оқытуы, адам өмірін сақтап қалу, тұрғындардың экономикалық белсенді азаматтарына лайықты өмір сыйлау бағытында жасап жатқан жағдайлардың қаншалықты маңызды екені айтпасақ та түсінікті болар.

Әзірлеген Г.ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30