Құрметті оқырман қауым! Газетімізде бұдан былай «Денсаулық+» атты айдар сіздерге жол тартпақ. Бұл айдармен берілетін мақалалар легі әрбір айдың алғашқы бейсенбісінде және газеттің әрбір сенбі күнгі нөмірінде жарық көретін болады. Мұнда Павлодар қалалық №№2 аурухананың тыныс-тіршілігінен, ондағы кәсіби қызмет түрлерінен, білікті мамандар мен озық технологиялардың жетістіктерінен хабардар бола аласыздар. Көкейлеріңізде жүрген сауалдарға тұшымды жауап алып, мамандар кеңесіне құлақ түрулеріңізге болады. Жаңа айдар тұрғындар денсаулығын жақсартуға өзіндік үлесін қосуды мақсат еткен. Сондықтан әр мақаладан өзіңізге керектісін алатыныңызға сенеміз.
«Жүректің ишемиялық ауруы» дегенді естігенде кімнің болмасын жаны түршігетіні анық. Жүрекке қажетті қанның жетпеуінен болатын бұл сырқатты дер кезінде анықтап дәрігерлік көмек көрсетілсе, көп қиындықтың алдын алуға болатынын кей адамдар естен шығарып алатыны мамандарды алаңдатады. Дәстүрлі дәрігерлік көмекке енді заманауи технологиялар мен тың әдістердің қолданылып жатқанын қоссақ, аты жаман аурудың алдын алып, онымен күресудің тетіктері түрлене түскені байқалады.
Ғылымның ең озық технологияларын павлодарлық ақ желеңділер де қолға алған. Нақтырақ айтсақ, мүмкіндікті іс жүзіне асырып, талай жанның өміріне араша болуда. Біздің кезекті сөз етпек медициналық мекемеміз – Павлодар қалалық №2 аурухананың қантамырішінің рентген хирургиясы бөлімшесі. 2008 жылдың қараша айында кардиологиялық орталықта кардиохирургиялық бөлімшемен қатар ашылған бұл медициналық құрылым аз уақытта адам өмірін сақтап қалуда маңызды мәнге ие екенін аңғарта білді. Осы аралықта 300-ге жуық стентирлеу, 2000 коронография жасаған. Айына шамамен жүзден астам адамның жүрегі тексерілсе, отызға жуығына стентирлеу операциялары жасалады. Семей мемлекеттік медициналық академиясында білім алып, кейін Казань, Новосібір қалаларында, сондай-ақ Израиль елінде біліктілігін жетілдірген бөлімше меңгерушісі Александр Никонов «жас болса да, бас болып», өзіне жүктелген істі дөңгелетіп әкетуде. Бүгінде мұнда 4 қантамырішінің рентген хирургы, 2 медбике және бір рентген зертханашы жүректің ишемиялық ауруларына шалдыққан тұрғындарға кәсіби көмек көрсетеді. Дәлірек айтсақ, науқастардың қантамырларын тексеріп, жүректің коронарлы артериясына қатысты патологияларды анықтауды мақсат еткен. Қажет жағдайда операция жасап, науқастарды ажал аузынан алып қалады. Бір сөзбен айтқанда, бұл бөлімше Германияда жасалған құны 1,5 миллион АҚШ доллары болатын ангиограф деп аталатын құрылғының көмегімен жүрек қантамырларындағы көріністі алақанда тұрғандай көріп, ақауларын анықтайды, нақты диагноз қою мүмкіндігіне ие. Мұндай құрылғы аймақта ешбір медициналық мекемеде жоқ. Бүгінде мамандар тек жүрек қантамырларына ғана тексеру жүргізеді. Болашақта ми қантамырларын тексеруді де қолға алмақ. Бөлімше ашылғаннан бері дәрігерлер шұғыл түрде түскен елу жанға дер кезінде операция жасаған. Бұл осыншама адамды ажал аузынан алып қалу мүмкін болғанын көрсетеді.
Бөлімше меңгерушісі жүректің ишемиялық ауруларының жасарып бара жатқанына алаңдаулы. Себебі бүгінде орда бұзар жасқа жетпей жүрегі сыр беріп, миокард инфарктына шалдығып жатқандар қатары көбеюде. Мәселен, жуырда бөлімше қызметкерлері 27 жасар жігіттің жүрегіне операция жасаған. Қуантарлығы, бөлімше көмегіне жүгінушілер ішінде шұғыл түрде жедел жәрдеммен жеткізілетіндерден гөрі жоспарлы түрде келетіндер саны басымырақ. Дәрігерлердің көздегендері де – осы. Яғни ауруды асқындырмай, алғашқы белгілері байқалған кезінде кәсіби мамандардан көмек қолын алған әлдеқайда тиімдірек, дейді бөлімше меңгерушісі Александр Никонов. - Шыны керек, көп адамдар жүрегі бүгін сыр берсе, «ертең басылып қаладымен» күн кешеді. Сөйтіп ауруды асқындырып алады, - дейді ол.
Бөлімшеге келушілердің көбі Екібастұз және Ақсу қалаларынан екен. Аудандардан келушілердің аздығын дәрігерлер ауылдық елдімекендегі ағайындардың бүгінде кәсіби көмек көрсететін орталықтардың барлығынан, озық технологиялардың жетістіктерінен бейхабар екенінен байланыстырып отыр. Бұл орайда емхана қызметкерлері жүйелі жұмыс істеу қажет. Яғни дер кезінде тұрғындарды тексеруге бағыттауға көңіл бөлулері тиіс деген ойда А.Никонов.
Ауылда тұрмаса да, облыс орталығында жүріп денсаулығына мән бермеген жандар да жоқ емес. Мәселен, А. есімді азамат 41 жасында миокардтың ауыр инфарктына душар болған. Науқас алдымен терлеп, одан кейін лоқсып, құса бастағанын айтады. Дереу «жедел жәрдеммен» аталмыш бөлімшеге жеткізілген. Оның коронарлық артериясына қан ұйып қалған. Науқас бұған дейін де кеуде тұсында шаншу, ауру белгілері болғанын жасырмайды. Аса мән бермепті. Абырой болғанда, білікті хирургтар дер кезінде көмек көрсетіп, қантамырға стент орнатқан. Қарапайым тілмен айтқанда, стент - қантамырдың бітеліп қалған аумағының арасын ашып, қанның еркін жүрекке жетуін қамту үшін орнатылатын металдан жасалған тор тәрізді зат. Дәрігерлер алдымен науқастың келісімін алып, ангиограф аппараты арқылы тексеру өткізіп, анықтаған ақауға стент орнатқан. Аппараттар арқылы алынған суреттер арқылы қай жерде қандай кедергі барын білуге болады дейді бөлімше меңгерушісі. Бұл зерттеу қан ағысын және артерияның тығындалған дәрежесін өлшей алады, артерияның тарылуы мен тығындалуына әкелетін қантамырында өсіп кеткен кез келген бляшканы анық көрсетеді екен. Анықталған жерге стент орнатылып, саңылау кеңейтіледі. Стент басындағы баллон белгілі уақыттан кейін үрленіп, қантамыр қабырғасындағы бляшканы ығыстырады. Ал қантамырдағы саңылаудың кеңуі қан айналымын қалпына келтіреді. Стент орнату ашық хирургиялық түрде жасалмайтын көрінеді. Дәрігердің айтуынша, тек білекте немесе шап маңында кішігірім тілік жасалып, артерияға катетер енгізеді. Жоғарыда біз тілдескен науқас енді дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындауға бел буған. Бірнеше күннен кейін отбасына оралады. Енді оған диета ұстап, өмір сүру салтына өзгерістер енгізу қажет, дене қозғалысын арттырып, холестерин мен майларды азайтуына тура келеді. Және тұрғылықты мекенжайы бойынша кардиологтың бақылауында болады. Тиісті дәрі-дәрмектерді мезгілінде қабылдауы керек. Олай жасамасқа шара жоқ, себебі тиісті талаптарды орындамаса, операция жасалған жер қайта тығындалып қалуы ықтимал. Александр Никонов жүрек ауруына шалдыққан жандарға операциядан кейінгі кезде «Plavix» деген дәрі белгіленетінін айтады. Бұл дәрі оларға 50 пайыздық жеңілдікпен сатылады. Аталмыш дәрі қанның ұйып қалуының алдын алады.
Әрине, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген әлдеқайда тиімді екенін тұрғындардың бәрі біле тұра, күнделікті күйбең тірлікпен өз денсаулықтарына мән беруді естен шығарып алатыны өкінішті. Әсіресе, барлық ағзалардың «төресі» - жүрекке немқұрайлық таныту орны толмас өкінішке әкелетінін қаперде ұстаған жөн болар. Сондықтан дәрігерлер қауымы тұрғындарды дұрыс тамақтанып, артық салмақтың алдын алуға, темекі шегуден бас тартып, кардиолог дәрігерлердің қабылдауына баруды жүйелі әдетке айналдырған абзал. Күйзеліске жол бермеуге тырысып, дене жаттығуларын жасауға көңіл бөлу де өз жемісін береді. Арнайы аппарат арқылы тексеруден өту де артық етпейді. Бұл - бөлімше қызметкерлерінің тұрғындарға берген кеңесі. Құлақ асқаныңыз жөн болар, өйткені «жар астында жау жоқ» деп ойлау, қателікке бой алдырады. Жоғарыда аталған қызметтердің барлығы тегін, шығындарды мемлекет өз мойнына алған. Ендеше қолда бар мүмкіндіктерді мүлт жібермей, кеудедегі лүпілдеген жүректі аялайық, ағайын!
PS: Алдағы сенбілік нөмірде, яғни 2010 жылдың 11 қыркүйек күнгі газеттің кезекті санынан «Плазмоферез – қанды тазарту» атты мақаланы оқитын боласыздар.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
Дәрігер дәптерінен...
Жүрек ауруына әкелетін жиі кездесетін себеп – коронарлық артерияның тарылуы немесе бітеліп қалуы, нәтижесінде жүрекке тиісті қан жетпейді. Кез келген бұлшықет сияқты жүрек те оттегі мен нәрлі заттарға бай қанның тұрақты түрде үздіксіз жетіп тұруын қажет етеді. Бұл өзге де организмдерге ауадай қажет. Коронарлық артерия дегеніміз – жүрекке өттегімен байытылған қан тасымалдайтын қантамырлар. Оның негізгі екі түрі бар, бірі - сол жақтағы басты коронарлық артерия, екіншісі – оң жақтағы коронарлық артерия. Міне, осы қантамырлар бітеліп қалса, алдымен кеудеде ауру белгілері байқалады, ол стенокардия деп аталады. Сырқат асқына келе, яғни қан жүрекке мүлдем жеткізілмесе, миокард инфаркты орын алады. Қантамырлар, медицина тілімен айтқанда, бляшка деген затпен тығындалып қалады. Бұл – май мен холестерин қалдықтарынан тұратын зат.

