ҚАННЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ –ДЕННІҢ САУЛЫҒЫ

       Плазмаферез. Бұл сөздің қандай мағынада, қай салада қолданылатынын біреу білсе, біреу білмес. Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, плазмаферез – қан тазалау тәсілі. Осы амалдың адам үшін қаншалықты пайдалы әрі не үшін қажеттігін, қалай жүзеге асатынын білу үшін Павлодар қалалық №2 аурухананың реанимация және анестезиология бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары категориялы анестезиолог-реаниматолог дәрігер, аймақтың анестезиологтар мен реаниматологтар федерациясының президенті Болат Уәлиханұлы Қажбековті әңгімеге тартқан едік.

 

      Плазмаферез деген не?

      - Адам жас кезінде денсаулығы ешқашан сыр берместей сезімде болады. Яғни ағзамыз мәңгілік бірқалыпты өмір ағысымен, күнделікті жұмыспен бәріне үлгеретіндей тәрізді көрінеді. Алайда уақыт өте келе, олай болмай шығады. Сау адам кенеттен сырқаттанып қалады. Мұны былай түсіндіруге болады. Күнделікті қолданатын тамақ, су, ауа арқылы адам ағзасына тұрақты түрде он мыңдаған қажетсіз тіпті улы заттар енеді. Оған енді күйзеліс, ұйқының қанбауын, экологиялық жағдайдың қолайсыздығын қосыңыз. Демек, бүйрек, бауыр, өкпе және басқа да организмнің тазалығын сақтауға жауапты «тазалағыш» ағзалар өздеріне жүктелген міндеттерін толық атқара алмай қалады, яғни организмнің қорғаныш күші әлсірей бастайды, - деп бастады әңгімесін Болат Уәлиханұлы. 

     Мамандар кеңесіне сүйенсек, міне, дәл осы сәтте организмді қажетсіз заттардан тазалау қажет болады. Қанды тазалайтын көптеген тәсілдер бар. Алайда солардың ішінде плазмаферез әдісі айтарлықтай тиімді әрі заманауи саналады. Себебі мұндай процесс кезінде организмді тазалау терең жасушалық деңгейде жасалады.

 

 

     Өзге әдістерден басты ерекшелігі 

     Плазмаферез шарасы америкалық «Haemonetix» деген аппарат көмегімен жүргізіледі. Бұл аппаратпен қан тазалау анағұрлым қауіпсіз. Өйткені дәрігерлер тек тиісті бағдарламаны енгізіп, «бұйрық» береді. Қалғанын қондырғы өзі тындырады. Бұрындары қарапайым тәсілмен қанды тазарту кезінде қанды зертханаға жеткізгенше шайқалып, өзінің қасиеттерін жоғалту қаупі болған.  Ал бұл озық технологияның арқасында мұндай қорқыныш болмайды. Науқасқа уақыт жағынан өте қолайлы. Мәселен, қарапайым тәсілмен қан тазалау шарасына шамамен 1 кейде 2 сағатқа дейін уақыт жұмсалса, жаңа әдіс кезінде ең ұзағанда жарты сағат уақыт қажет болады. Кейде тіпті 15-20 минутта қажетті қанды тазалап, істі аяқтауға болатын көрінеді. Демек, уақыт үнемделеді. Қатты сырқаттанған аурулардың қанын тазарту кезінде науқастың өзін жайсыз сезінбеуін қамтамасыз ету үшін екінші жағынан оған қоректендіргіш заттар құйылады. Науқастан қанша қан алынғаны, қаншасы плазма бағытына, қаншасы тазартылып, қайтадан адам ағзасына оралып жатқанын аппарат экранында анық көрініп тұрады. Аппарат адамнан алынған қанды екі жаққа бөліп отырады. Дәрігерлер тиісті команда бергеннен кейін алынған қанның бір бөлігі шлакқа, улы заттарға толы плазма ретінде бөлек құйылып жатса, екінші жағында таза қан адам ағзасына оралады. Плазманың түсі кейде сарғыш, жасыл, кейде тіпті қара болады. Болат Қажыбеков плазма құрамында тәттілік неғұрлым көп болса, оның түсі де соғұрлым қаралтым болатынын айтты. Қарап отырсаңыз, плазмаферез шарасы қауіпсіз әрі жылдам. Адамның организмінде 4-5 литр қан болады. Аппаратпен адамнан бір литрге дейін қан алып тазалауға болады. Қанның мөлшері әр адамның денсаулық жағдайына байланысты алынады. Науқастың сырқаты неғұрлым ауыр болса, соғұрлым көбірек қан алынып тазартылады, дегенмен дәрігерлер 1 литрден асырмауға тырысады .

      Осы тәсілдің тиімділігін бір кісідей көріп жүрген жандардың бірі - Светлана Усанова. Ол күрделі бір сырқатқа душар болуына байланысты жылына екі рет қанын тазартып тұратын көрінеді. Дәрігер оның ауруына қатысты осындай кеңес берген.

 

      Қан тазалау шарасы қандай науқастарға жасалады?

     Бөлімше меңгерушісінің айтуына қарағанда, 2004 жылы ашылған бұл бөлімшеге ең қатты ауыратын науқастар түседі. Әсіресе, кардиология, терапия, неврология бойынша дертке душар болған жандар осы бөлімше көмегіне жүгінеді.  Бөлімше ашылған жылдан бері плазмаферез әдісі қолданыла бастаған. Содан бері 1126  науқастың қаны тазартылған. Мұндағы плазмаферез шарасын жасайтын аппарат аймақтың ешбір медициналық мекемесінде жоқ 

     Ақ желеңділер кез келген адамның бойында қажетсіз заттар, инфекция болатынын айтады.  Сондай-ақ қысым көтерілген кезде организм дәрілерге дес бермегенде қанды тазартып, қайтадан құю өзінің нәтижесін беретін көрінеді. Қан плазмадан және қызыл түйіршіктерден тұрады. Әрқайсысының өзіндік қызметі бар. Қызыл түйіршіктер организм жасушаларына оттегі мен қоректенгіш заттарды жеткізеді, ал плазма арқылы жасушадан пайдаланылған өнімдер, яғни холестерин қалдықтары және басқа да зиянды әрі қажетсіз заттар шығарылады, олар плазмада тұнып қалады. Бір сөзбен айтқанда, плазманың құрамында ауру қоздыратын инфекциялар жинақталады. Сонда плазмаферез көмегімен ластанған плазманы «жақсы қаннан» аластатады. Ал қанды тазалаған кезде аурсыну белгілері төмендейді. Қант диабеті кезінде де қанды тазарту науқасқа тиімді. Улану оқиғалары кезінде осы әдіс жиі қолданылады. Жылына екі рет плазмаферез шарасын жасауға рұқсат етіледі. Дені сау адамдарға да қанын тазартып отырған артық етпейді. Себебі кез келген адамның ағзасында шлак, токсиндер болады. Демек, бұл зиянды заттарды ағзадан аластатса, жасару сезімі байқалады. Өйткені қан тазарған кезде бүйрекке, бауырға, өкпеге көмек беріледі. Дегенмен, бұл қан тазалауды кейбір сырқаттар кезінде қолдануға болмайды екен. Мәселен, ауыр инфаркт, инсульт, науқастың жағдайы тым ауыр болған кезде плазмаферез процедурасын қолдануға болмайды, дейді мамандар. Қант диабеті сырқаты кезінде қан қысымы төмен болған жағдайда да бұл әдіс қолданылмайды. Ал жоғары болғанда, керісінше, тиімді көрінеді. Көптеген неврологиялық сырқаттарды емдеуге пайдалы. Сондай-ақ кейде науқастардың сырқатына байланысты дәрі-дәрмек көп қабылдағандықтан, кейін дәрінің әсері болмай қалады. Сонда плазмаферезшарасы адам ағзасының дәрімен емдеуге жауап беру қабілетін арттырады.

 

     Жеңілдіктер де жоқ емес

     Қанды тазалаудың плазмаферез әдісі баршаға тегін емес. Алайда көптеген жеңілдіктер жасалады. Мәселен, қатты сырқаттанған науқастарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, бірінші топ мүгедектеріне қызмет тегін көрсетіледі. Ал зейнеткерлер мен медициналық қызметкерлерге, екінші топ мүгедектеріне, көп балалы отбасыларға 50 пайыздық жеңілдіктер беріледі. «Жедел жәрдеммен» ауыр халде жеткізілетін науқастарға да қан тазалау қызметі тегін жүргізіледі. Ал ақылы қызмет көмегін пайдаланып, денсаулығы үшін қанын тазартуға келетін тұрғындар ақысын төлеп, ауруханамен келісімшарт жасап, қанын лезде тазарта алады. Бұл кезде де дәрігерлер әрбір келушінің денсаулық жағдайларына мұқият мән береді.

 

     Қан тазартылғаннан кейінгі күй

     Қатты сырқаттанған науқастардың ауруы біршама бәсеңдейді. Науқастың өзін-өзі сезінуі жақсарады. Ал дені сау азаматтар қанын тазартса, күшінің қайта молайып, өздерін сергек сезінгендерін бірден байқайды. Созылмалы шаршауға душар болғандар қан ауыстыру арқылы жұмысына деген құлшынысын арттыра алады. Бастысы қан тазарту ешкімге зиянын әкелмейді. Қан тазарғанда адам ағзасы жеңіл жұмыс істеп, олардың бойынан жасару белгілері байқалады.  

     Біз сіздерге плазмаферездің тиімділігі мен ұтымды тұстарын барынша жеткізуге тырыстық. Енді өз денсаулығына немқұрайлық танытпайтын әрбір адам жоғарыда айтылғандарды саралай келе, өзіндік бір шешім қабылдайды деген ойдамыз. Өйткені «басты байлық - денсаулық» екені сөзсіз.

 

     Светлана Усанова,плазмаферез 

     шарасына тұрақты келуші: 

     - Мен, әрине, еріккеннен келіп, қан тазалатпаймын. Сырқатымды асқындырып алмас үшін бес жыл болды жүйелі түрде келіп тұрамын. Шыны керек, бұрындары қарапайым тәсілмен қан тазалағанда қолайсыздық сезінетінмін. Уақыт жағынан да ұтылатынмын. Тіпті кейде қанның тазаланғанын сезінбей қалатынмын. Ол кезде 500 грамм қанды тазалау үшін сағаттап уақыт жұмсалатын. Ал қазір бәрі басқаша. Небәрі 20 минуттың ішінде қажетті қан мөлшерін тазартып аламын. Қаным тазаланғаннан кейін өзімді жақсы сезінемін. Осы аппарат қолданысқа енгізілгеннен бергі тұрақты пайдаланушысымын. Мұндай шара адамды жасартады деп жатады. Мені жасару қызықтырмайды, ең бастысы денсаулығым асқынбаса болғаны. Дегенмен де, беттегі безеулер азайып, әртүрлі инфекциялық ауруларға шалдығу қаупі төмендейтінін байқадым. Иммунитеттің жоғарлайтыны анық. Суық тиіп ауыру жағдайлары да сирейді екен.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікірлер  

 
0 #1 Ура казакшаТалига 02.05.2012 16:23
Кандай кушти Осындай казакша интернет парактары бар..... кобейе берсе екен !!!!!!!!!!!! Рахмет !!!!!!!!!!!!!!! !!!!!
Цитировать
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30