Павлодар қалалық №2 ауруханаға дәстүрлі саяхатымыздың кезекті аялдамасы физиотерапия бөлімшесі болды. Мұнда тұрғындарға көрсетілетін қызмет түрлерімен танысу үшін бөлімшенің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер, Денсаулық сақтау саласының үздігі Сәуле Оразғалиевамен тілдескен едік.
- Алдымен физиотерапия бөлімшесінің басты мақсатын айтып берсеңіз...
- Физиобөлімше аурухана ашылған күннен бастап жұмыс істеп келеді. Жыл сайын жақсарып, озық технологиялармен жабдықталуда. Бөлімшенің басты мақсаты – науқастардың тез сауығып кетуіне ықпал ету. Бүгінде науқастарды оңалтудың физиотерапиялық емдеу тәсілдеріне сұраныс жоғарылап келе жатыр. Биыл елімізде қабылданған денсаулық сақтау саласының 2011-2015 жылдарға арналған «Салауатты Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл бағыт тіптен мықтап қолға алынды. Нәтижесінде көптеген медициналық мекемелерде науқастарды оңалту бөлімшелері ашылып жатыр.
- Сіздерде де ашылған болар...
- Ауруханамызда кардиологиялық оңалту бөлімшесі ашылды. Бұл бөлімшеде қолданылатын тәсілдер адамдардың әртүрлі жүрек-қантамыр ауруларынан кейінгі ауыр операциялар мен ем-домнан кейін науқастардың зақымдалған ағзасын толық қалпына келтіруге зор үлес қосады. Мұнда қолданылатын емдеу амалдары денсаулыққа ешбір қауіп төндірмейді, жағымсыз жағдайлар да болмайды, науқастың тез сауығуына жетелейді. Осы мақсатқа мемлекет жеткілікті түрде қаржы бөліп жатыр. Сондықтан кешенді оңалту шаралары жүргізіледі. Жаңа бөлімшеге кардиологиялық орталықта қолданыста болған алпыс төсектің жиырмасы бағытталды. Тұрғындарды ауыр сырқаттардан кейін оңалтуға бөлінетін қаражат көлемі науқасты кез келген профильді бағытта емдеуге жұмсалатын қаржыдан екі есе артық. Олай болуы да тиіс. Себебі кардиологиялық аурулардан кейін адамдар арасында мүгедектікке ұшырау жағдайлары жоғары екені белгілі. Міне, жаңа бастама осыны төмендетеді. Оңалту-емдік шаралары аурухананың физиотерапиялық және гипербариялық оксигенация бөлімшелері негізінде жасалады.
- Физиотерапиялық тұрғыдан емдеу кезінде қандай тәсілдер қолданылады?
- Бөлімшеде 15 кабинет жұмыс істейді. Әрқайсысында әртүрлі физиотерапиялық емдеу тәсілдері жүргізіледі. Мұнда электр токтары, ультракүлгін, инфрақызыл сәулелер, лазерлер қолданылады. Массаждың түр-түрі жасалады, дене шынықтыру жаттығулары, ес-сезімді жеңілдету кабинеттері де кеңінен қолданысқа ие. Бөлімшеге аурухананың пульманологиялық, неврологиялық, терапевтік, кардиологиялық және кардиохирургиялық бөлімшелерінде ем-дом алып жатқан науқастар қажетінше көмек алады. Физиотерапиялық және оңалту шараларының жиынтығы зақымдалған денсаулықты қайтадан қалпына келтіруге, адамның еңбекке қабілеттілік деңгейін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар галокамера атты тұз шахтасын ерекше атауға болады.
- Бұл галокамера науқастарға қандай пайда әкеледі?
- Галокамера кабинетінде бір мезгілде алты адам ем-дом ала алады. Жанға жайлы әуен ырғағымен науқастар 25 минут бойы арнайы жіберілген теңіз тұзының аэрозолімен, ионымен тыныс алады. Адам тыныс алған кезде ол пайдалы зат науқастың өкпесіне, кеңірдек тарамына еніп, оны тазалайды, дезинфекциялайды, қанайналымды жақсартады. Тұз шахтасы - физиошипажай-курорттық емдеудің қазіргі заманғы озық тәсілі. Мұнда көбінде өкпе және жүрек ақаулары бар адамдар емделеді. Дәл осы тәсіл сондай-ақ иммунитетті жоғарлатады. Суық тию сырқаттары кезінде де қолдану артық етпейді. Өкпе қабынуы ауруынан кейін организмді қалпына келтіру үшін де өте пайдалы. Адамның көңіл-күй жағдайы оңалады. Сондықтан кардиохиургиялық операциялардан кейін науқастарға оңалту тәсілі ретінде қолданылады. Себебі галокамерадан шыққан науқастың ұйқысы жақсарып, тәбеті ашылады, өмірге деген құлшынысы арта түседі.
- Өзге де тәсілдердің тиімділігіне тоқталсаңыз?
- Ес-сезімді жеңілдету кабинетіне ауыр сырқаттан кейін келген науқастарға жайлы әуен, пайдалы хош иіс ұсынылады. Сонымен бірге бөлме аздап қараңғыланып, түрлі-түсті шамдар жанып тұрады. Мұның бәрі науқастың көңіл-күйін көтеріп, еркін тыныс алуына жол ашады. Дене шынықтыруға арналған құрылғылар арқылы да ауыр сырқаттанған жандардың денсаулығын қалпына келтіруге болады. Мұнда әртүрлі қозғалу, дем алу жаттығулары жасалады. Әртүрлі массаж кабинеттері массаждың саналуан түрін қолданады. Бірі науқастардың бірнеше сағатқа созылған операция барысында қатып қалған бұлшықеттерін босаңдатса, бірі сал ауруына душар болған жандардың өлі жасушаларын тірілтеді. Кабинеттердің кейбірінде артериялық қысымы жоғары науқастарға, буын ауруларына шалдыққандарға қызмет көрсетіледі. Асқазан-ішек жолдары ауруларын, арба мен балдаққа таңылған тұрғындарды емдеуге де тиімті тәсілдер қолданылады.
- Естуімізше, сіздерде барокамера деген ерекше аппарат та тұрғындар игілігіне пайдаланылуда.
- Шынымен де өте пайдалы құрылғы. Барокамерамен емдеу - озық әрі жаңа тәсіл. Бұл адамның ағзасына оттегінің жеткізілуі бұзылған кезде пайдаланылады. Аталмыш аппаратпен емделу, әсіресе, жүрек, ми, бауыр және бүйрек сырқаттарына шалдыққандарға тиімді. Барокамерамен емдеу кезінде науқасқа қажетті деңгейде төмен немесе жоғары оттегі қысымы жіберіледі. Науқас енгізілгеннен кейін камера толығымен жабық болады. Мұнда оттегі қысымын, ауа құрамын қажетті деңгейде реттеп отыратын тетіктері бар. Нәтижесінде оттегі адамның қажетті ағзасына жетеді. Камера ішіндегі науқаспен дәрігер телефон арқылы байланысып, жағдайын біліп отырады. Мұндай байланыс тәсілі галокамера кабинетінде де қарастырылған.
- Қызметтер ақылы ма?
- Бұрындары барлық қызметтер ақылы болса, енді мемлекет қыруар қаржы бөлуде. Сол себепті кейбір қызметтер кейбір тұрғындарға тегін, енді біріне жеңілдікпен көрсетіледі. Оңалту бөлімшелерін ашу өте тиімді. Сырқаттан кейін науқасты оңалту шетелдерде әлдеқашан қолданысқа енгізілген. Ауыр операциялар мен емдік процестерден кейін тұрғындардың бәрінің бірдей оңалту шараларына бару мүмкіндігі болмайды. Сондықтан науқастарды операциялық төсектен кейін оңалту бөлімшесіне бағыттау өте тиімді.
- Күніне қанша науқасқа көмек көрсетіледі?
- Шамамен күніне алпыстан астам науқас физиотерапия бөлімшесінің көмегіне жүгінеді. Олардың бәрі емдеу тәсілдерінен оң өзгеріс алғандарын айтып отырады. Ең бастысы – осы. Олай болуы да тиіс. Өйткені бөлімшенің барлық аппараттары Чех елінен арнайы әкелінген, озық әрі кешенді емдеу шараларын жасауға арналған.
- Әңгімеңізге, рахмет.
Тілдескен – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Бөлімшенің көмегіне жүгініп жатқан жандардың бірі Эвелина Зеничева жүректің ишемиялық сырқатына шалдығып, ауруханаға ауыр халде түскен. Қысымы да жоғары болыпты. «Дәрігерлер мені ажал аузынан алып қалды, - дейді ол. Бүгінде денсаулығы жақсарған. Физиотерапия, оңалту бөлімшелерінің пайдасын көруде. Тұз шахтасынан жақсы әсер алыпты. Ең заманауи аппараттардың көмегімен жасалатын әртүрлі массаждар өз нәтижесін беріп жатқанын айтты. Тыныс алуы жақсарып, сауығып келе жатқаны өзі сезетінін жасырмады. Ал Николай Безусов есімді науқас ес-сезім жеңілдету кабинетінде әсем әуен ырғағымен демалып отыр екен. Ол мұнда хош иіс пен ән ырғағы арқылы жайлылықты сезінетінін жеткізді. Оның жүрегіне жуырда операция жасалыпты. Сондықтан мұндай кабинеттер көмегіне жүгіну оған аса қажет.

