көрермендер үшін тосын жаңалыққа толы
Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театры Павлодар облысында ғана емес, сонымен қатар Қазақстан бойынша шоқтығы биік мәдени ошақтарының бірі десек, асыра айтпағандық болар. Бүгінгі таңда театр өзінің 20 жылдық мерейтойын қарсы алмақшы. Театрдың осыдан жиырма жыл бұрын қойған алғашқы қойылымы - Мұхтар Әуезовтің пьесасы «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы болған. Сол кезде ұжымның тұсаукесер туындысының қоюшы режиссері ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театрдың қалыптасуында жетекші роль атқарған Ерсайын Тәпенов болды. Қазірде шығармашылық ұжым репертуарында көрермен көңілінен шығып жүрген көптеген пьесалық қойылымдар бар екенін мақтанышпен айтуға болады. Әрдайым шығармашылық ізденіс үстінде жүретін ұжым құрамындағы актерлер өздерінің өнерлерін шыңдап отырады деуге негіз бар. Театр ұжымының халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуы осының дәлелі. 1995 жылы Мысыр еліне М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклімен барған іссапары театр тарихында маңызды мәнге ие оқиғалардың бірі. Бұл іссапар арқылы күллі дүниежүзі халықтары қазақтың драма өнерімен кеңінен таныс болды. 13 жыл өткен соң Павлодар облыстық қазақ драма театры қайтадан Мысыр еліне шақырылды. Бұл жолы театр ұжымы Мұхтар Шахановтың «Отырар дастаны» қойылымын әлемге паш етті.
Павлодарлық әртістердің қойылымдары бірнеше рет республикалық театр фестивальдерінің жеңімпаздары атанды. Өнер иелері Мысыр, Түркия елдерінде, Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы және Новосібір қалаларында табысты өнер көрсетті. Бұл – қуантарлық жайт. Өткен 20 маусымда театр сахнасында ұлттық және әлемдік драматургияның таңдаулы туындыларымен қатар қазіргі кездегі театр авторларының өнер туындыларын жұртшылықназарына ұсынылмақ. Облыстық драма театр 2009 жылы Түрксой халықаралық ұйымы және Түркия театрлар бірлестігі Кония қаласында өткізген «Мың дауыс – бір үн» халықаралық театр фестиваліне қатысып, қазақ драмасының классикалық үлгісі «Айман-Шолпан» спектаклін қойды. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп аншлагпен өткен қойылымы арқылы түрік елінің көрермендерін қазақ мәдениетінің озық үлгілерімен таныстырылып, жүлделі орынмен оралуы қазақ елінің төбесін көкке жеткізгені сөзсіз.
Жиырма жылдық тарихы бар...
Ертең Ж.Аймауытов атындағы музыкалық қазақ театры өзінің 21-ші маусымының шымылдығын түреді. Бұл театр оперетталық музыкалық театр болғандықтан, биылғы жаңа маусым шымылдығын И.Штраустың «Жарқанаты» ашады. Театр репертуарындағы классика, шетел драматургиясының туындылары мен қазақ жазушыларының шығармаларының қатары үздіксіз толықтырылуда. Биылғы театр маусымы әсіресе шығармашылық ұжым үшін ерекше маусымдардың бірі екені сөзсіз. Осы жолы театр ұжымы екі пьесамен көрермендерді қуантпақ. Бірінші премьера - үлкен кішіге арналған Д.Исабековтің «Алладиннің сиқырлы шамы» ертегі пьесасы. Ал «Біржан – Сара» жаңа қойылымы театрдың 20 жылдық мерейтойына арнайы сахналанбақ. Сонымен қатар сахна өнерін бағалайтын көрермендер қазан айында Е.Жуасбектің «Үйлену», С.Раевтың «О, қыздар!», Э.Филиппоның «Филумена Мартурано», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», «Д.Исабековтің «Мұрагерлер», Т.Нұрмағанбетовтың «Табалдырығыңа табын» және тағы басқа пьесаларды тамашалау мүмкіндігіне ие. Қазіргі уақытта іргелі театр мерейтойына арналған қойылымдарға дайындық жүріп жатыр. Оған Астанадан К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының бас балетмейстері Тұрсынбек Әбдібаев, арияларды орындау үшін жерлесіміз, опера әншісі Шахимардан Әбілев шақырылған. Ал сахна декорацияларын безендіруге мемлекеттік сыйлығының иегері, суретші Мұрат Мақсұтов келмек.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.




