КЕЗЕКТІ МАУСЫМ ЖАБЫЛДЫ

 

    Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театры 25 маусым күні өзінің ХХ-шы мерейлі маусымын М.Әуезовтің «Айман - Шолпан» музыкалық комедиясымен жапты.

    Эпостық жырдың негізінде жазылған М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедиясы - көптеген театрларда сахналанып, театр репертуарынан берік орын алған шығармалардың бірі. Кереку өңірінде ұйымдастырылған өнер ошағының өз шымылдығын дәл осы пьесамен жабуы тосыннан қабылданған шешім емес-ті. Аталмыш туынды жиырма жылдан бері көрерменнің ықыласына бөленіп, заман талабына сай сахналанып келеді.

    Әр спектакльдің өзіндік ерекшелігі болуы керек. Павлодарлық театрдың басты ерекшелігі -  «Айман - Шолпан» музыкалық комедиясы оркестрдің сүйемелдеуі негізінде жүреді. Қойылым бойында кейіпкерлердің көңіл-күйіне сай билері де бар. Негізгі  ерекшелік - басты рольді сомдаушылардың ауысып отыруы.

    Бұл қойылымда драмалық әрекеттен әнге, хорға, биге қиындықсыз ауысып кете беру - барлық орындаушыларға қойылған талап. Актерлер осы тұрғыдан алғанда өздеріне жүктелген міндетті толық атқара білді.  Айман рөлінде Талжібек Атамбек және Ақық Таспаева ойнады. Олар Айманның толғаныс сәттерін тереңнен ашып, көркіне ақылы сай парасатты ару ретінде бейнелей білді. Қыз бойындағы ізгілік пен парасаттылық, нәзік сезімі драмалық әрекетпен қатар ән арқылы да ашылған.

    Шолпан рөліндегі Толқын Абдрахимова мен Гүлжан Қайырбекова өзіндік актерлік ерекшеліктеріне орай сахналық ойын көрсете білді. Т.Абдрахимованың Шолпаны - ерке, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей, ер мінезді қыз. Байдың ерке қызының бойындағы ақылдылық пен көрегендік актриса ойынан тыс қалған жоқ. Екінші орындаушы Г.Қайырбекованың әншілік өнері әсерлі өрілді. Актриса тәкаппар бай қызының рөлін сомдады. Міне, бір спектакльде осындай екі түрлі образ көруге болады.

    Басқа рольдерді орындаушы актерлердің де елеулі сахналық табыстары бар. Қойылымда әрекет ететін Д.Ұябай, Б.Шәнім, М.Байжұманов, К.Қарымсақов, Р.Нығманов, М.Манап, С.Бекболатов, Г.Омарова, Ә.Дәурен,  М.Медетов, Е.Абжалов, М.Садығазин, Н.Қалиев және өзге де актерлер өз шеберліктеріне орай ойын көрсетті. Аталған актерлер театр маусымында көрермен көңілінен шығып, рөлдерді сомдауда белсенділік танытты.

    Спектакльдің тағы бір жетістігі - ол суретші мен режиссердің қиялынан туған сахналық сыртқы бейненің қайталанбас нұсқасы. Спектакльдің безендірілуі ұлттық нақышта. Сахна үлкен қазақ үй ретінде көрініс тапқан. Ол жалпы қазақ болмысын бейнелесе, екіншіден, Маман бай мен Көтібар батыр таласқан тойдағы үлкен үй деп те алуға болады. Қойылым суретшісі Ермек Кәмкенов режиссерлік ой-тұжырымға орай сахнаны безендірген. Суретші орындаушыларға әрекет ету үшін кеңістікті тиімді пайдаланған. Сахнада ою-өрнекті үй бұйымдары, алтыбақан, кереге бар. Кереге қазақ үйдің қабырғасы болғанымен, енді бірде абақты болып кетеді.

    Өнер сүйер қауым үшін қуанышты жаңалық М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедиясын қала әкімінің арнайы шақыртуымен Астана күніне орай Елорда  жұртшылығына ұсынбақшы. 

    Естеріңізде болса, театр ХХ-шы маусым шымылдығын 2009 жылдың 18-ші қыркүйегінде Ж.Артықбваетың «Малайсары тархан» тарихи драмасымен ашқан болатын. Театрдың ашылу салтанатына облыс әкімі Б.Сағынтаев қатысқанын өнер сүйер қауым әлі ұмыта қойған жоқ. Сонымен қатар театр өз көрермендеріне бұл маусымда Д.Исабековтің «Актриса немесе алтын тордағы тоты» драмасын, Е.Жуасбектің «Үйлену» комедиясын, театр күніне орай гала-концерт және Абай әндерінен «Өзгеге, көңілім, тоярсың...» атты романстар кешін ұсынды
    Міне, театр жан-жақты тақырыптарды қамтыған спектакльдер арқылы көрермендерге қызмет істеп келеді. Жиырма жылдың ішінде жеткен жетістіктері мен толағай табыстарының баға берушісі тек өнер сүйер қауым болмақ.


Айжан АХМЕТ,
театртанушы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Маусым 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 30