Ж.АЙМАУЫТОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫ ДРАМА ТЕАТРЫНА – 20 ЖЫЛ!

Ертістің Павлодар өңірі - Иса, Естай, Жаяу Мұса, Майра, Шәкен сынды өнер тұлғаларын тудырған мекен. Сондықтан осындай дарын иелерінің туған жерінде ұлттық өнер мен тәрбиені даралайтын рухани азық ордасы - театрдың болуы заңды құбылыс.

Қазақ халқының ұлттық өнерін, салты мен дәстүрін ұрпақ бойына сіңіріп, ұлт өмірімен біте қайнасқан руханиятының бастауы тым тереңде жатқаны анық. Театр - сол ұлттық өнердің қастерлі ошағы.

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театры Павлодар облысында ғана емес, сонымен қатар еліміз бойынша шоқтығы биік мәдениет нысаны. Қазақтың ұлттық өнерінің болмысын халыққа таратып, үлгі-өнеге болып келе жатқан театрдың бой көтергеніне биыл 20 жыл толып отыр. 1990 жылы желтоқсан айының жетінші жұлдызында өнер ошағы өзінің алғашқы маусым шымылдығын жазушы Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедиясымен ашқаны тарихтан белгілі. Ұжымның тұсаукесер туындысын режиссер ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театрдың қалыптасуында жетекші роль атқарған Ерсайын Тәпенов сахнаға шығарды.

 

 

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерсайын ТӘПЕНОВ:

 

Әлі есімде...

 

- 1989 жылы Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ музыкалы драма театры Павлодарға онкүндік гастрольдік сапарымен келген болатын. Сол тұста Павлодар облысының мәдениет басқармасын басқарған Мұхит Омаров мені Керекуден театр ашу ісіне араласуға шақырды. Павлодар өңірінің рухани азық орталығына айналған Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының тарихы Қазақстан тарихымен тығыз байланысты дер едім. Егемендікке ұмтылған Қазақстанның алғашқы қадамы болып табылатын қазақ театрының өнер ұжымы сахнаға шығып, көрермен санасына бір ой салу мақсатымен көптеген қазақ қойылымдарын қойды. Айта кету керек, Павлодарда қазақ театрының кең тыныс алуы - театр жанашырларының ерлігі. Облыс орталығында қазақ өнерін жаңғыртқан қазақ театрының қаз тұруына көп көмегін тигізгендер қатарында Әшірбек Сығай, Кәукен Кенжетаев, Мұхит Омаров, Қуат Есімханов сынды азаматтар қаншама күш-жігер, қажыр-қайрат жұмсады. Сондай-ақ өнер ошағының ашылуына үлесін қосқан Павлодар жұртшылығына ризамын.

Тоқсаныншы жылдың жетінші желтоқсаны... Театр шымылдығын ашқан «Айман-Шолпан» спектаклі бір жарым сағатқа созылса, қуанышы қойнына сыймаған адамдардың құттықтаулары екі сағатқа созылды. «Өлгені тіріліп, өшкеніміз жанғандай» болды деп осы кезді айтуға болады.

 

Театрдың алғашқы директоры Бектас ТАПАЛШИНОВ:

 

Театрдың анасы – режиссер, әкесі - директор

 

- Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының ашылуы – бірінші қуанышымыз болса, ақ түйенің қарны жарылған осы кезге қол жеткізгеніміз – екінші қуанышымыз деп айтар едім. Ертістің Павлодар өңірінде қазақ театрының ашылуына ықпалын тигізіп, еңбек еткен азаматтарға алғысым шексіз. Театр жұмысының алға басуына, өрлеуіне онда қызмет ететін әртістер ұжымына жетекшілік ететін режиссер мен оны басқаратын директор еңбегінің орны бөлек. Театрдың анасы – режиссер, әкесі – директор. Режиссер бойындағы көшбасшылық қасиеттің басым болуы, яғни, ол заманға сай туындының ұйтқысына айналуы өнер ұжымының жемісті еңбегінің кепілі болары анық. Кез келген әртіс осы орайда режиссермен бір мақсатты көздеп, бірлесе жұмыс істесе театр гүлдеп, өнер өркендейді. Осы мақсат үшін режиссер де, директор да әртістің шеберлігі мен шығармашылық еркіндігіне мүмкіндік беріп, жол ашу керек. Театрдың бүгінгі келбетіне, тыныс-тіршілігіне қарасаң, бұл мақсат орындалды деуге болады. Бүгінгі театр жаңарған, жаңғырған, келешек ұрпаққа берері мол өнер ошағы. Театрға кешегі құнарлы, нәрлі, аталы сөзді іздеп келген көрермен іздегенін тапса, үлкен олжаның бірегейі сол болар. Сондықтан театрдың бірінші кезекте қазақ өнерін түсінетін, бағалайтын көрермендер көп болсын деп тілеймін.

 

ҚР еңбек сіңірген әртісі, театр директоры

Мұхтархан МАНАП:

 

Менің үшінші театрым...

 

- Павлодар облысына келмес бұрын Арқалық және Жезқазған қалаларындағы театрларда жұмыс істедім. Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры – менің үшінші театрым... Павлодар жеріне тоқсаныншы жылдың қараша айында келдім. Келген бойда Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын дайындауға кірістік. Сөйтіп, желтоқсанның жетісінде театр шымылдығын аштық. Бүгінгі күні Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры республикаға ғана емес, сонымен қатар ТМД, шет елдерге танымал, шоқтығы биік мәдени ошақтарының бірі десек, асыра айтпағандық болар. Бұл - әрине, өздерін өнердегі тұлға мен, ұлт мәдениетінің өнердегі елшілері екендігін естерінен шығармаған театр ұжымы еңбегінің арқасы. Театрдың қанатын кеңге сермеп, әртістердің актерлік шеберліктерінің шыңдала түсуінің дәлелі – театр ұжымының қол жеткізген табыстары. Жиырма жыл бойы театрмен бірге тыныстап, бірге өніп-өркендедім. Сондықтан бұл театрдың менің өмірімде алар орны ерекше.

 

ҚР Мәдениет қайраткері Талжібек АТАМБЕК:

 

Бірінші драмалық рөлім

аса ыстық

 

- Қазақ халқы «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген. Сондықтан театрдың бірінші шымылдығын ашқан «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы мен үшін өте ыстық. Сол кезде спектакльдегі қызу әрі екпінді шақ әлі де жүрегімізде. Репетицияларға әлі күнге дейін сол сезіммен келемін... «Көңілі жас қартаймайды» демекші, қанша жылды артта қалдырсақ та, жастық шақтың жалынымен өмір сүрудемін.

Театр ашылысымен бүгінгі күнге дейін сомдаған рөлдерімнің барлығы есімде. «Қыз Жібек» спекткліндегі - Жібек, И.Кальманның «Сильва» спектікліндегі Сильва, И.Штраустың «Жарғанат» опереттасындағы Розалинда, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» спектакліндегі Гүлбаршын сияқты басты рөлдерді сомдадым. Ал «Айман-Шолпан» спектакліндегі Айман рөлі басқа рөлдерге қарағанда өзгеше. Себебі мұндағыі рөлдер арқылы театр актерлері халыққа танылды. Алғашқы рет сомдалған Айман рөлі - тұңғыш баламдай. Сен туған балаңды қаншама мәпелеп, сүйсең спектакльдегі рөл дәл сондай болады. Ол бойымызда мәңгілікке есте сақталады.

 

Театр әртісі Бахаргүл ҚҰРБАНОВА:

 

Жан-тәніме жақын кейіпкер

- Павлодар жерінде ашылған театрдағы көпжылдық қызметім мен осы театрдың өзімен есейдім. Т.Жүргенов атындағы Алматы өнер институтын бітірісімен-ақ, жастық шақтың жалынымен арман қуып осы театрға келдік.

Театрдың бас режиссері Ерсайын аға ең алғашқы қойылымда басты рөлді беріп, мені шабыттандырды. Бұл - театрдың, менің де өмірімдегі ең бақытты кезеңдердің бірі, әрине. Киелі өнер ордасының шымылдығын ашқан Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектакліндегі Шолпан рөлі өзім үшін тым ыстық. Музыкалық комедиядағы басты рөлдерді сомдаған сахналас әртістер - Талжібек Атамбек, Роза Тәжібаева, Майра Дәулетбақовалармен бірге ойнадым. Өзім сомдаған Шолпан рөліне келетін болсам, бұл кейіпкер менің жаныма өте жақын. Тікмінез, еркелік, тәкаппарлық, еркекшоралық - барлығы менің бойымнан табылатын қасиеттер. Сондықтан бұл рөл арқылы өзімді елестетемін.

 

ҚР мәдениет қайраткері

Мұхтар БАЙЖҰМАНОВ:

 

Әкемнің арманы орындалды

- Әкем, Хамит Байжұманов менің әртіс болғанымды қалады. Бала кезімде «Жалғыз шалбарымды сатсам да, сені әртіс қыламын!» деген сөздерін жиі еститінмін. Өзі әртіс болмаса да, мені әртіс болса екен деп армандаушы еді. Анам Қапиза және оның сіңілісі Қамиза театрда жұмыс істеген адамдар болған.

Театрға 1990 жылдың тамыз айында келген едім. Осында «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясында Әлібек рөлін ойнадым. Бүгін, міне, өміріміздің бір бөлігіне айналған театрымыз 20 жылдығын тойлағалы отыр. Осы жеткен жетістігіміз сол кісілердің арқасында деп ойлаймын.

Барлығымызғы ортақ мереке – жиырма жылдық мерейтойымызда театр ұжымының алға қойған мақсаттарға жетіп, көрермендерімізді қуанта беруін тілеймін. Тәжірибелі әртістер қатары толығып, табыстан табысқа жете берсін.

 

ҚР еңбек сіңірген әртісі Рауза ТӘЖІБАЕВА:

Өнерге деген қамқорлық

 

- Республикамыз бен шетелдердің өнерсүйер қауымының көзайымына айналған бұл өнер ордасы жиырма жылдың ішінде жүздеген қойылым қойып, талай театр фестивальдерінде топ жарып үлгерді. Қазақ өнерін халыққа насихаттап, оны халқыңның кәдесіне жаратуды міндетке алған өнер ұжымының қанаты талмай, еңбек етуінің арқасында театрымыз гүлденіп, құлашын кеңге жайды. Бұл қара шаңырақ талай жастарды тәрбиелеп шығарды, олардың өнердегі бақтарын ашып берді.

Сахна – киелі, сахна – қасиетті. Сондықтан сахнада жүрген әртістердің өнерін де бағалап, қадірлеу керек. Театрымыздың мерейі үстем болып, болашақта өнерге қамқорлық жасап, жанашырлық танытатын көрермендері азаймаса деймін.

Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31