Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының жиырма бірінші маусымы театр ұжымы мен көрермендері үшін есте қалар айрықша сәттерге толы болуда деуге негіз бар. Олай дейтініміз, жиырма бірінші маусым шымылдығын былтыр түрген театр өзінің көрермендері үшін алғашқыда екі бірдей премьералық қойылым әзірледі. Оның біріншісі Д.Исабековтің «Алладиннің сиқырлы шамы» ертегі- пьесасы болса, екіншісі өнер ордасының туған күніне орай арнайы сахналанған М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» музыкалық опереттасы болғаны белгілі. Ал жуырда шоқтығы биік мәдени ошақтың өнер тарландары өз көрермендеріне тағы бір жаңа премьералық қойылым тарту етті.
Қазақстандық танымал драматург С.Қасымбектің «Палата» мелодрамасы талғампаз көрерменнің назарына ұсынылды. Сахналанған спектакльдің қоюшы режиссері – ҚР мәдениет қайраткері – Гүлбарам Бахтиярова, суретші-декораторы – Рысбек Стыбаев. Басты рөлдерді сомдаған театр әртістерінің қатарында ҚР мәдениет қайраткері Талжібек Атамбек, Анар Байбөпенова және Аида Жәмішева болды. «Палата» қойылымын тамашалаймын деушілердің тағы бір мүмкіндігі бар. Аталмыш мелодрама наурыздың он екінші жұлдызында екінші рет сахналанбақ.
А.ӘДІЛБЕК.



