Мемлекеттік тіл – заң жүзінде жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі. Облысымызда күні бүгін бұл тілде іс қағаздарын жүргізу біршама жүзеге асуда. Алайда, оның бірден-бір жұмыс тіліне айнала алмай отырғаны шындық.
Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасында басты стратегиялық мақсат мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтың өмірлік қажетіне айналдыру екендігі көрсетілген. Сондай-ақ осы тілге деген қажеттілік пен сұранысты кеңейту міндеті қойылып отыр. Күнделікті өмірде қазақ тілінде сөйлеу мәдениеттілік пен зиялылықтың дәрежесі саналмақ.
Бағдарламаны жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі бойынша міндетті талаптар қойылатын мамандықтар анықталып, олармен нақты ұйымдастырушылық және әдістемелік жұмыс жүргізілетін болады. Осылайша, мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны еселеп өспек. Әрине, мұның барлығы – болашақта жүзеге аспақшы игі шаралар.
Десек те, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде қол қусырып отырмай, әр мекеме мен ұйымда қолдан келетін шараларды неге атқара бермеске? Айталық, «Мойылды санаторийінде» мына үлгідегідей бірнеше шағын тілашарды құрастырып, емделушілер мен оларға қызмет көрсетуші-лердің өзара қазақша сөйлесулеріне мүмкіндік туғызса болар еді ғой.
Мемлекеттік тілде сөйлесейік!
Будем разговоривать на государственном языке!
Өзіңізді қалай сезінесіз?
Сізді не мазалайды?
Қан қысымымды өлшеңізші.
Сіздің қан қысымыңыз бірқалыпты.
Анда-санда бүйірім шаншып кетеді.
Бауырға, бүйрекке, жүрекке УДЗ
және электрокардиограмма жасатыңыз.
Созылмалы холецистит бар.
Бауырыңызды тазалап,
оның жұмысын жеңілдету керек.
Емдеу курсынан өтуіңіз керек.
Мен мұнда қандай емдер аламын?
Сіз дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 8.00-де гальванды балшықпен емделесіз, ал сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері сағат 12.00-де су-ембалшық емін аласыз.
Көңіл-күйіңіз қалай?
Жақсара түсті.
Сізге жасаған еміңіз үшін рақмет.
Деніңіз сау болсын!
Как вы себя чувствуете?
Что вас беспокоит?
Измерьте давление.
У вас давление в норме.
Изредка покалывает в боку.
Сделайте УЗИ печени, почек,
сердца и электрокардиограмму.
Есть хронический холецистит.
Надо вам почистить печень,
разгрузить её.
Нужно пройти курс лечения.
Я здесь какое лечение могу получить?
Вы по понедельникам,
средам и пятницам в 8.00
получаете гальваногрязь, а по вторникам,
четвергам и субботам
в 12.00 – водогрязолечение.
Как ваше самочувствие?
Стало лучше.
Спасибо Вам за лечение.
Будьте здоровы!
Бұған күнделікті қарым-қатынаста жиі қолданылатын «Сәлеметсіз бе!, – Здравствуйте!; Қайырлы таң! – Доброе утро!; Кездескенше! – До встречи!» деген сияқты сөз тіркестерін де қосқан орынды болмақ.
Біздіңше, мұндай жұмысты білім беру, халыққа қызмет көрсету сияқты салаларда да жолға қоюға болады. Ол үшін осы мекемелер басшылары тараптарынан барынша қатаң талап, осылардағы іске жауапты мамандар тараптарынан белсенді құлшыныс қана керек-ақ.
Қызметкерлердің бір-бірімен қазақша сөйлесулерін, мекеменің бірінші басшысы мен оның қосшыларының жоспарламаны, кез келген кеңес пен отырысты қазақ тілінде өткізуді, кеңсе құжаттарын да осы тілде жүргізуді қалыпты дағдыға айналдырса, мемлекеттік тілдің мәртебесі жоғары деңгейге көтерілмек.
Бұл, шын мәнісінде, соншалықты қиын да шаруа емес, тек әркім туған тілге деген жауапкершілікті сезіне білсе болғаны. Мұны, сөз жоқ, мекеме басшысы белгілеген бір жауапты қызметкердің үйлестіріп отырғаны жөн. Демек, мемлекеттік тілге мекемедегі құрылымдық бөлімшелер басшыларының оң көзқарасы қалыптасса, алынбайтын қамал жоқ. Бұл ретте тіл мамандарының да көп іс тындыра алатындықтарын айтқан жөн.
Ульян МАҚҰЛ,
Павлодар мемлекеттік педагогика институты
іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу бөлімінің бастығы.

