Келесі жылы тәуелсіздік таңы атып, еліміз өз алдына жеке мемлекет болып шыққанына жиырма жыл толады. Бұл – тарих үшін қас-қағым сәт десек те осы мерзім ішінде сүйікті Қазақстанымыздың гүлденуі жолында ұлан-ғайыр жұмыстар атқарылғанын, көптеген табыстарға қол жеткенін атап айтқым келеді.
Бүгінде Қазақстан – экономикасы мен әлеуметтік салалары бірдей өркендеген, келешекте дамудың үлкен жоспарларын жүзеге асыруға ұйымшылдықпен кіріскен ел. Елбасының «Қазақстан-2030» стратегиялық жоспары, сондай-ақ жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдаулары біздің табыстарға жетіп, алға басуымызға дұрыс бағыт сілтеуде деп білемін.
Мен ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен, бүгінде еңбектің зейнетін көріп отырған жанмын. Бұрынғы мен қазіргіні салыстырсам, бүгінде әр адамның қажырлы еңбек етіп, сол еңбегінің арқасында ауқатты тұрмыс құруына мүмкіндіктер берілген. Мәселе – адамның ынтасында, алдына қойған мақсатына жетуінде табандылық көрсетуінде. Біздің өз мемлекетіміз бар. Оның әлемдегі елу бәсекелестікке қабілетті елдер қатарына қосылуына Қазақстанның мүмкіндігі бар деп есептеймін. Осындай биік мақсат қойған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатын біз, ардагерлер, түсіністікпен қабыл алып, қолдап отырмыз. Елбасымыздың Қазақстанды жақсы істерімен бүкіл дүние жүзіне таныту мақсаты – құптарлық іс деп білемін. Кезінде Қазақстан, қазақ туралы әлемде білмей келсе, бүгінде бізді көп жұрт біледі. Саналуан ұлттың өкілдері тұратын, ынтымағы мен бірлігі жарасқан бейбіт ел деп таниды. Осындай жетістіктеріміз келешекте кең өрістеп, бақытымыз баянды болсын деп тілеймін. Қасиетті Рамазан айы қарсаңында осындай ойлармен толғанып, Павлодар қаласындағы Ақмешітке келген намазхандармен ой бөлісіп жүремін.
Қазақстан – Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының төрағасы. Биыл желтоқсан айының басында Астанада осы үлкен халықаралық ұйымға қатысушы елдердің саммиті өтетін болды. Бұл туралы Елбасымыздың мәлімдемесін тебірене тыңдадым. Осы саммит ойдағыдай өтеді, Қазақстан беделі арта түседі деп есептеймін.
Теміржан ҚҰЛАТАЕВ,
еңбек ардагері.
Павлодар қаласы.


Пікірлер
RSS лента .