ТАРИХТЫҢ БІР САЛАСЫ – ШЕЖІРЕ

      Елтаным тақырыбы - өлшеусіз өнеге, ұрпақ үшін тағылым. Бүгінгі таңда баспадан шығып жатқан шежірелер соның дәлелі. Оларды ел тарихына қосылған ұлағатты құндылықтар деп білгеніміз жөн. Себебі тәуелсіз елдің ерікті азаматы тегін танып, елінің ерлігін, ұлтының ұлылығын біліп өссе «ұтысымыз» да қомақты болмақ. Асылы, бойда қуат, санада сілкініс, ойда серпіліс, көкіректе жалын, жүректе ұшқын, рухани ояну, ізденіс барда егемендігіміз баянды, көш басы түзу, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған шақта өскелең ұрпақ бабалар өмірінен ұлағат ұққаны жөн-ақ. Бұл бағытта шежірелер, өлке тарихына арналған шығармалар ауадай қажет.
      Қазақ - туысшыл, бауырмал халық. Ынтымақ-мейірімі ерекше жаралған қонақжай, кеңпейіл, текті ұлт. «Қарға тамырлы қазақ» сұраса келе «қарын бөле», нағашы-жиен, «жұрағатым-жұртым» деп жүрегі елжіреп тұратын ел. Бабаларымыз ешкімді жатсынбаған, тегі жаттың өзін бауырына басып, «қарабауыр» іргелі ел етіп тәрбиелеп, баули білген. Тіпті енші беріп «ата баласы» санап іргесін кеңейткен жұрт. Көнекөз қариялар: «Өркенің өссін, көргенді, білікті бала екенсің, ілгергі аталарың білікті болған еді», - деп тегін білгендерді мадақтап отырады. Ал тегіңді білмесең жөнге салады. «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» дейді қазақ. Руыңды білгенің жөн, себебі «тегіне тартқан текті болар». Бірақ «атаның емес, адамның баласы бол» деген ұлағатты да ұмытпағанымыз абзал. «Ұлт қамын ойла, елім десең елеусіз қалмайсың, халқыңа қызмет ет, ұлтыңа, жұртыңа адал бол», - деп ағыл-тегіл төгіледі. – «Біз қазақ деген жауынгер халықтың жалғасымыз, елдіктің, ерліктің үлгісі болған бабаларыңа ұқсап ірі болғаның дұрыс. Санасы таза, рухы ұлық, іскер де білгір азаматтар билік тізгінін ұстаса ел көркейеді, өмір түзеледі», - деп ағынан жарылып, ақ жол тілеп, ақ батасын береді қариялар. Иә, үлкендердің сөзіне құлақ салсақ, түп-тамыр, тегіңді білу – парасаттылық белгісі, перзентке аманат екен-ау!
       Қазақ: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жүрежат, жекжат, жұрағат, жұрт деп он екі атаға дейінгі туыстық шекарасын жіктеп қойған ғой. Алайда шежірелік нұсқалар болмаса көбіміз қандастық-туыстық қағидасын біле бермейміз. Әрине, бұл үшін ешкімді де жазғыруға болмас. Бүгінгі таңда елден жырақ кеткен ағайынның туыстық қағидасын ажырата алмайтыны да ақиқат. Ал егер Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының сақтаған, бүгінгі күні жарық көріп жатқан асыл мұра-шежірелерімізді зерделеп, сараласақ, қазақтың біртұтас туыс халық екендігін білесің. Алауыздыққа, өзара қырқысып, бөлініп-жарылуға, іргесін алыс салуға негіз жоқ. Демек, аты да, заты да қазақ баласы жақындасып «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жарасқаны керек-ақ. «Бөлінгенді бөрі жейді», «Бірлік түбі – тірлік», «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді», «Дауы көп елді жау алады» деп айтып жүрміз де. Тек көнеден жеткен көсемсөз әркімге ой салса игі.
        Бүгінгі шежірелер де бірлікке, елдікке шақырады. Осындай тәлімі мол шежіренің бірі жас ғалым Мақсат Алпысбесұлының жаңа туындысы: «Сүйіндік Айдабол бидің ұрпақтары». Орта жүз – Сүйіндіктен өсіп-өнген атаның бірі Айдабол ұрпақтары. Негізгі атақонысы Сыр бойынан шеру тартып, Баянаула өңірінде мекендеп қалған деген тарихи дерек бар. Қазіргі таңда Айдабол бидің ұрпақтары еліміздің әр облысында кездеседі. Ертеде Көкшетау, Ақмола, Қызылжар жағын жайлап, қыста Баянтау маңында тұрақтаған ордалы ел. Ал енді Айдабол би – тарихи тұлға, шамамен XVI-XVII ғасырларда өмір сүрген рубасы. Мүрдесі Ташкент жерінде жатыр деген тарихи дәлелді дәйексөз шындыққа саяды. Айдабол бидің бірліктің ұйытқысы болған, ақылман адам екенін танытатын Мәшһүр бабаның: «ойға бардым, бірақ Айдаболдан артық, ардақты ел таба алмадым» деп ағайынның сүттей ұйыған ынтымақ, бірлігіне, жарасты тірлігіне сүйсінуі де тегін емес. Сірә «тегі бір тебіспес» деп бекер айтылмаса керек. Аталған шығармада Айдабол би, оның ұрпақтары туралы айтылған құнды пікірлер көп қамтылған. Сондай-ақ бұл еңбекте Айдабол руының ортақ шежіресі, тарихи тұлғалардың өмір сүрген жылдары және Айдабол ұрпақтарының генеалогиясы, тәрбиелік мәні бар нақыл сөздері жаңа қырынан баяндалып, көп сыр ашылған. Автор бұл еңбекке далалық, фольклорлық, этнографиялық зерттеу материалдарын, мұрағат құжаттарын, өмірдеректер мен жәдігерлік фотосуреттерді кеңінен пайдаланған.
       «Сүйіндік Айдабол бидің ұрпақтары» шежіресі туыстық жүйесін білемін деген Сүйіндік-Құлболды-Айдабол би ұрпақтарына, сондай-ақ этнограф, деректанушы-тарихшыларға, фольклоршы ғалымдарға, генеалогия мамандарына арналған құнды зерттеу. Тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбесұлы бұған дейін де көптеген кітап жазған, 80-нен астам ғылыми еңбектердің авторы, «Қазақ шежірелері – тарихи дерек ретінде» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Осы сала бойынша еңбектеніп жүрген ғалымдардың алдыңғы санатындағы білікті маман. Оның жоғарыда аталған «Сүйіндік Айдабол бидің ұрпақтары» атты тарихи-генеалогиялық зерттемесі - ғылыми ізденіс жемісі. Шежірелік қағида ұлттық тәрбиемен ұштастырылып келтірілген. Ақ Ғұннан Төртуылға дейінгі аралықтағы (далалық ауызша тарихнама) тарихи-генеалогиялық дәйектер өзегіндегі әдеби-тарихи нақты дерек көздерімен бекітіліп, еңбектің мазмұнын байыта түскен. Десекте, шежіре ешқашанда толық бола алмайды. Қалыс қалған, толықтыруды қажет ететін тұстары да аз емес, ол үшін авторды жазғыруға болмайды. Кітаптың таралымы да аз – 300 дана. Автордың айтуынша егер демеуші табылса, таралымын көбейтуге болатын сияқты. Кітап - өте қажетті құндылық. «Алаштың арда баласы, өз үлесіңнен құр қалма!». «Тегіңді таны, ағайын!».

Әбен ҚАЙРАТ,
ардагер ұстаз.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30