«Қарғабаласынаппағымдер, кірпібаласынжұмсағым» дердемекші, әрбіранаөз шаранасынқызғыштайқорғайды. Ал балаларын ішпей-жемей таксидің ішінде ұмытып кеткен ана жайлы не дерсің?!
Ағымдағы жылдың 10 қаңтарында кешкі 18.40 шамасында полицияның «102» пультына 25 жастағы әйелдің 1 жасар сәбиді қара түсті шетел көлігінде ұмытып кеткені және такси жүргізушісінің белгісіз бағытта кетіп қалғаны туралы хабарлама түсті.
Оқиғаның қалай өрбігенін рет-ретімен баяндайық: күндіз қонаққа келген жас ана такси шақыртып, үйіне жетпекші болады. Алайда, кешкі уақытта және қаланың бір шетінен екінші шетіне жету үшін таксишілер бағаны шарықтатып тұрғандықтан, ол көлікті жолдан тоқтатады. Жүргізушіге көлікке отыра бере жол ақысын да беріп қояды. Межелі жерге жеткен ана жүргізушіге рахметін жаудырып, көліктен түседі де, көлікті айналып екінші есіктен баласын құшағына алмақшы болады, сол сәтте көлік орнынан қозғалып, жүріп кетеді.
Сасып қалған байғұс ана қараңғыда көліктің түсінен басқа ештеңені де аңғармайды. Тәртіп сақшыларына дереу оқиғаны тәтпіштеп баяндаған ол көліктің шетелдік және қара түсті екенін ғана жылап тұрып хабарлайды.
Осы оқиға бойынша, көлікті іздеп табуға барлық тиісті іздестіру шаралары дереу қабылданады. Полицияның кешенді күштері мен таксопарктер оқиға жайлы хабар алады.
Ал салонында сәбидің қалғанынан бейхабар таксист, жолаушылардың тасымалын әрі қарай жалғастырады. Осылайша ол сәбимен 1 сағаттай қала көшелерін шарлайды. Ал кішкентай періште болса пыс-пыс етіп тәтті ұйқыны соғып жатқан еді.
Бір қызығы, баланың артқы жолаушы орындарында жалғыз отырғанын жолаушылар, тіпті таксистің жұбайы да көрмеген еді.
Оқиға туралы бағдар алған полицейлер де қара түсті көліктерді тоқтатып, қызу тексеріске құлшына кірісіп кеткен еді. Әрбір қара көлікті тексеріске алған тәртіп сақшылары бір мезетте, аталмыш іздеуде жүрген көліктің үстінен дөп түседі. Дүкенге кіріп кеткен жұбайын тосып отырған таксист, «Кімнің сәбиі?»- деген қойылған тосын сұрақтан шошып кетіп, «Қайдағы сәби?»-деп аң-таң болады. Сөйтсе, аңғал жүргізуші өзінің желке жағында отырған сәбиді мүлде көрмегенге ұқсайды. Ал анасының одан көз жазып қалғанынан бейхабар сәби болса әлі де тәтті ұйқыда жатқан еді.
Полиция қызметкерлерінің жедел және кәсіби әрекеттерінің арқасында, полиция аға сержанттары Қайрат Түкенов және Ерсін Қайыргелдиновтың қырағылық пен қызметтік міндеттерін адал атқаруларының нәтижесінде сәби ата-анасына аман-есен қайтарылды. Тәртіп сақшылары қайғылы оқиғаның алдын алды.
Осындай қақаған сары аяздарда тілі шықпаған сәбиді түнгіге гараждарда қалдырса, оның аман болуы нейғабыл еді.
Динара БАЛГИНА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің маманы.

