32 ДӘРІГЕР ҚАУІПТІ СЫРҚАТТЫ ЖҰҚТЫРҒАН

 

     Республикалық басылымдар еліміз бойынша алты жүзден астам дәрігер В және С гепатиттерін жұқтырғаны жөнінде жарыса жазуда. Интернет мәліметтеріне сүйенсек, республика бойынша санитарлық дәрігерлер мың жарымға жуық медициналық мекемені қамтып, 34 787 медициналық қызметкерді тексеруден өткізген. Міне, осы жағдай біздің облыста қандай көрініс тапқанын білу мақсатында мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне хабарласқан едік.
     Айта кету керек, өзге облыстармен салыстырғанда «көш басында» болмасақ та, аймақта жағдайдың мәз еместігі анықталды. Облыс бойынша арнайы тексеруден өткен 1674 медициналық қызметкердің 32-і В және С гепатиттерін жұқтырғаны белгілі болған. Олардың біреуі В мен С гепатитін қоса жұқтырса, 12-інде - В гепатиті, қалғанында С гепатиті анықталған. Барлығы - хирургиялық араласу саласында қызмет ететін мамандар. Яғни хирург, акушер-гинеколог, травмотолог, офтольмолог, уролог, онколог сынды салаларда хирургиялық медициналық қызмет көрсетуші ақ желеңділер. Мамандардың сөзінше, көп жағдайда аталған бағыттағы дәрігерлер қауымы осы вирустық гепатиттерді жұқтыру қаупі бар топтарға жатқызылады. Себебі олар күнделікті қызметтерінде науқастардың ашық тері, шырышты қабаттарымен жұмыс істейді. Дегенмен, санитарлық дәрігерлер вирустан қорғану үшін қолғап, маска, халат, көзілдірік сияқты қажетті жеке қорғаныш құралдарын тиімді пайдалану керектігін айтады. Мұндай құралдармен аймақтың барлық мекемелері толық қамтылған, дейді мамандар. Жоғарыда аталған департаменттің бас маманы Марина Аладованың айтуына қарағанда, вирус жұқтырған қызметкерлердің барлығы хирургиялық бағыттағы жұмыстарынан аластатылып, өзге қауіпсіз қызметке ауыстырылған көрінеді.
     Өткір вирустық гепатит – бұл ұзақтығы алты айдан кем болатын бауырдың өткір түрде қабынуы. Гепатиттің А және Е түрлері энтеральды жолмен, яғни су, азық-түлік және лас қолмен тамақтану арқылы асқазан-ішек жолдарымен таралса, В,С және Д түрлері парентеральды жолмен жұғады. Қарапайым тілмен айтсақ, қан құю, денеге екпе жасау, операция жасау кездерінде, сондай-ақ жыныстық жолмен тарайды.
     Мұндай арнайы тексерулер Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «В және С вирустық гепатиттерінің алдын алу бойынша қосымша шаралар туралы» және облыста «Денсаулық сақтау мекемелерінде В және С вирустық гепатиттерінің алдын алу бойынша шараларды күшейту туралы» қаулыларына сәйкес ағымдағы жылдың бірінші шілдесінен бастап елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Дәрігерлер ауруды жұқтырудың алдын алу мақсатында 1999 жылдан бастап В вирустық гепатитке қарсы арнайы вакцина алып отырған. Санитарлық мамандар дәл осы амал вирусты жұқтырудың алдын алатын таптырмас құрал екенін жеткізді. Дегенмен, В типті гепатитке қарсы екпе болғанымен, С-ға қарсы мұндай вакцина мүлдем жоқ көрінеді.
     Бүгінгі күні тексерілуі тиіс дәрігерлердің барлығы 100 пайыз қамтылды. Оң нәтижемен анықталған дәрігерлердің диагнозы тағы бір мәрте нақтыланатын болады. Ол үшін тиісті анализдер зертханалық тексерулерге жөнелтілді. Санитарлық дәрігерлер диагнозды нақтылаудың жауабы шамамен он күн ішінде белгілі болатынын айтты. Демек, В және С вирустық гепатит жұқтырған ақ желеңділер, әзірше, өзге бағытта қызмет етуге мәжбүр болады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 28 29 30 31