Міне, жадыраған көк майсалы жаз да қыза түсті. Жазғы демалысқа шығып, мектеп оқушылары да масайрауда. Демалыс күндерін қалай өткізсем? - деп армандамаған бала да сірә, жоқ шығар?! Бірі ауылдағы туыстары мен ата-әжелеріне баруды аңсаса, ал енді бәзбіреуінің баратын жерлері де жоқ болуы мүмкін. Бірақ тығырықтан шығатын жол да дайын. Ол - мектеп жанындағы демалыс лагері. Көп балалы аналар мен отбасы жағдайы нашарлау ата-аналар үшін, әрине мектепішілік лагерь өте қолайлы. Балалар мұнда үш мезгіл тамақтанып, түрлі ойындар ойнап, бой сергітпек.
1 маусымда Қ.Шүлембаев атындағы орта мектеп жанындағы «Достық» атты демалыс лагері өз жұмысын бастап кеткен-ді.Лагерьдің құрамында 56 оқушы бар. Оның тең жартысы көп балалы ата-аналар мен отбасы жағдайы нашар ата-аналардың балалары. Лагерьдің жұмысына жауапты ұстаздар А.Жакупова мен С.Семенько қарамағындағы балалармен жұмыс істеп жүрген ұстаздардың жүргізген тәрбие жұмыстарын қадағалап, өз кеңестерін беріп отырады. Лагерьдің алғашқы ашылуы да «Алло, Біз өнерпаздарды іздейміз» атты айдармен басталып, өнерсүйер, өнерге жақын оқушылар өз өнерлерін әр түрлі жанрда көрсете білді. Біреулері өлең айтса, енді біреулері би билеп, тақпақтар оқып, өз өнерлерін ортаға салды.
Бастауыш сынып ұстаздары Т.Конюхова, В.Гольц, С.Семенько интеллектуалды ойындар, викторина, зарница, конкурстар жүргізсе, Ж.Байманкулова «Бала мен қоғам» атты конкурстық бағдарлама ұйымдастырды. Денешынықтыру пәні мұғалімдері В.Конопенко, Д.Омарова түрлі олимпиадалық ойындар жүргізумен бірге, оқушылармен Ертіс жағасын тамашалау саяхатын ұйымдастырып, балалар табиғат аясын тамашалап, үлкен бір әсер алғандай болды. Қазақ тілі пәні мұғалімдері Ә.Хочиева, Б.Исенова, Ә.Белгожанова қазақ тілі үйірме жұмыстарын жүргізді. 5-ші сынып оқушыларының «Сүйікті елім, жерім» деген тақырыпта жазған шағын эсселері де адамның есінен мәңгі кетпес кезең - ол мектеп табалдырығындағы қызықты балалық шақтары екенін дәлелдеп бергендей.
Ал бастауыш сынып оқушылары өз ойларын салған суреттерімен бейнелепті.
Өмірдегі ең қызықты кезеңің қай кезең деп кез-келген адамнан сұрай қалсаңыз, «ол - менің мектептегі балғын балалық шағым» деп жауап беретіні де сөзсіз.
Осы мектеп жанындағы лагерьде өріліп жатқан балалық шақтың бір кезеңі балаларға зор әсер қалдырғандай.
Б.Бұланбаева,
Қ.Шүлембаев атындағы орта мектептің ұстазы, Ақсу қаласы.

