Жазғы демалыс маусымында балдырғандар мен жасөспірімдер уақытты тиімді өткізу мақсатында ұйымдастырылған «Искра» аула клубында түрлі спорттық ойындар мен сайыстарға қатысып, денсаулықтарын сауықтырумен қатар білімдерін тереңдетеді.
Жанна Жолдасова жетекшілік ететін «Искра» аула клубына балалар мен жасөспірімдер үлкен қызығушылықпен жиналады. Мұнда келетін балалардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Дегенмен, олар өздеріне шұғылдануға ұнайтын пайдалы әрі тиімді іс табады. Достарымен бірге теннис, дойбы, шахмат ойнап, ән салып, би билейді. Оқушылардың білімі мен ой-өрісін кеңейту мақсатында интеллектуалдық сайыстармен қатар, ұлттық ойындарды ұйымдастыруға да баса назар аударылған. Қабырғалар мен сөрелерде оқушылардың жеке жұмыстары мен суреттері, әсем өрнектеліп, безендіріліген қолөнер туындылары жинақталған. Қиялдарына ерік берген жас суретшілер қағаз бетіне түрлі-түсті бояу арқылы қылқалам көмегімен табиғат көріністері мен өз ойларын түсірген. Сондай-ақ, тас жол үстіне бормен сурет салудан байқау өткізілген. Жазғы демалысты қызықты өткізіп, пайдалы мәліметтермен танысқысы келетін оқушылар үшін балалар шығармашылығы үйінде аптаның әр дүйсенбі күндері түрлі шаралар ұйымдастырылады.
- 2010 жылдың маусым айында Балаларды қорғау күніне орай аула клубтарының арасында футболдан сайыс өткізілді. Сондай-ақ іс-шаралар легіндегі «Көңілді отырыс», «Музыкалық калейдоскоп», «Көңілді суретші» және «Стратинейджер» би жарысына балалар үлкен қызығушылықпен қатысты. Шілде айынан бастап жоспарға сәйкес «Мисс-2010» және «Кольцо веселых городков», «Армейские будни», «Звездный небосвод», «Көңілді старт» спорттық шараларын өткізілуде. Жас ерекшеліктері мен ой-пікірлерінің айырмашылықтарына қарамастан балдырғандар мен жасөспірімдердің басын тоғыстыратын «Искра» аула клубы жазғы уақытта жаңа достармен танысып, сорттық шараларға қатысуға шақырады, - дейді Жанна Жолдасова.
Ақбота СЕЙСЕНБАЕВА,
Ақсу қаласы.

