Маусым айында Қашыр ауданының барлық мектептерінде оқушылардың жазғы демалыстарын тиімді өткізу үшін сауықтыру лагерьлері жұмыс істеуде. Балалардың салауатты өмір салтын ұстанып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, сауықтыру мақсатында «Патриот» әскери лагері ашылған. Қ.Оспанова атындағы №3 орта мектепте дәстүрлі лагерьдің ашылу салтанаты өтті. Оған Қашыр аудандық қорғаныс істері бөлімі бастығының орынбасары А.Рақышев, аудандық оқушылар үйінің оқытушысы С.Нұрмұхамбетов қатысты. Лагерь жетекшісі С.Әділбаев балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жаңа жасанды футбол алаңында футбол ойынын, сондай-ақ спорттың басқа түрлері бойынша да жарыстар өткізіліп тұратынын жеткізді. Сонымен қатар алдағы уақытта аудандық прокуратура, ішкі істер бөлімі және орталық аурухана қызметкерлерінің қатысуымен дәрістер өткізу жоспарлануда.
Аталмыш шараның биылғы жылғы басты ерекшелігі – бұл лагерь тек аудан орталығындағы мектеп оқушыларына ғана емес, сондай-ақ Песчан және Береговой мектептерінде де ұйымдастырылды.
Бүгінде «Патриот» әскери лагерінде демалушылардың дұрыс тамақтанып, жақсы демалуларына барлық жағдай жасалған. Әскери лагерь қатарында 5-9 сынып аралығындағы 60 ер бала бар.
С.МӘДЕНОВА
Қашыр ауданы.

