Әкесі Секен Қиясов Ұлы Отан соғысы басталысымен майданға аттанғанда Балкен бір жасқа да толмаған болатын. Бала Балкен сабақты жақсы оқиды. Сонымен бірге өнерлі болатын. Сырнайда жақсы ойнайтын. Тағы бір талпынысы, газет-журналдарға мақала жазатын. Республикалық «Ара» журналындағы, облыстық «Қызыл ту», аудандық «Социалистік еңбек» газеттерінде жарияланған мақалаларын осы кезге дейін сақтаған. Орта мектепті бітіргеннен кейін, 1960 жылы, КазМУ-дің журналистика факультетіне түседі, бірақ денсаулығына байланысты оқи алмайды. Жұмыс істей жүре сырттан оқып, бухгалтер-экономист мамандығын алады. Туған Әбжан (Алға) ауылында 42 жыл еңбек етті.
Бүгінде жетпіске келсе де ол әлі де қатарда. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуда. «Нұр Отан» ХДП жергілікті ұйымының белсенді мүшелерінің бірі. Ауылдағы партия ұйымына жетекшілік етеді. Ол – төрт баланың әкесі. Үш баласы жоғары білім алса, кенжесі мектептің 3-сыныбында оқиды.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Шаяхмет Сәдуақасов аудандық мәслихат хатшысы Төлеутай Мұқанов, «Нұр Отан» партиясы Ақтоғай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенже Саржанов, С.Мүткенов атындағы ауылдық округтің әкімі Жәнібек Ахметниязов бүгінде 70 жасқа келген Балкен Секенұлын мерейтойымен құттықтап, сый-сияпат көрсетті. Ауыл тұрмысын жақсартуға бағытталған игі істеріне тоқталды.
«Біздің Бәкең» деп ардагерді ауылдастары құрметпен атайды.
Б.ҚУАТОВ,
Ақтоғай аудандық соғыс және
еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы.

