Павлодар заң колледжінде қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының ұйтқы болуымен «Павлодар заң колледжі аруы – 2010» байқауы өтті. Байқауға тоғыз ару қатысты.
Алғашқы «Сәлемдесу» сайысында қатысушылар өздерін таныстырса, екінші турда «Қазіргі заманғы қыз қандай болуы керек?» деген сауалға жауап іздеді. Үшінші және төртінші турлар өте қызықты өтті. Осы сайыста байқау қатысушылары қолда бар құралдардан киім үлгісін дайындап, сәнді шаш үлгісін жасау шеберліктерін танытты. Бесінші тур – шығармашылық сайыста бойжеткендер бойдағы бар өнерін жұртшылыққа паш етті.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, байқауға қатысқан қыздардың барлығы жеңіс тұғырынан көрінуге лайық болды. Сондықтан жеңімпазды таңдау қиынға соқты. Қазылар алқасы мүшелерінің шешімімен «Павлодар заң колледжі аруы – 2010» атағына Гүлдана Берікқызы ие болды.

