Қазақстанның халық қаһарманы, даңқты қолбасшы, әдеби және әскери өнерде артына қайталанбас ұлан-ғайыр ұлттық рухани мұра қалдырған бірегей қаламгер Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігі жайлы таныстыра отырып, жас ұрпақты өз Отанын сүюге, оның намысы мен абыройын қорғауға даяр болуға, елінің болашағы үшін тер төккен тұлғаларды ұмытпауға тәрбиелеу мақсатында №2 қазақ орта мектебінде ашық сабақ өтті.
Жоғары сынып оқушыларымен кездесуге мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Айдос Оразалин, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Гүлнәр Қайырханова және тіл жанашырлары Қанатбек Нәби, Садықбек Нұрсейітов қатысты. Олар қазақ халқының қайсар рухты ұлы Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери әдіс-тәсілдердің білгірі, сауатты басшылығы, ұтқыр ұйымдастырушылығы жайлы кеңінен әңгімеледі. Белсенді тақта арқылы халық қаһарманының шығармашылық еңбектері мен өткен өмірін бейнелейтін естеліктері көрсетілді.
Жүргізуші Гүлсая Серікова Бауыржан Момышұлының өмірбаяны жайлы баяндап, Махаббат Әмірханова, Темірлан Қуанышев, Айнұр Баяндина, Аяжан Шакар, Ботагөз Байсалбаева Б.Момышұлының туған жер, Отан, ел, бірлік, адамгершілік тақырыбында қалам тербеген нақыл сөздері мен мақал-мәтелдерін, М.Мақатаевтың «Мұзбалақ» поэмасынан үзіндіні жатқа айтты.
Ақбота СЕЙСЕНБАЕВА, Ақсу қаласы.

