Еңбек ауылының байырғы тұрғыны, бар өмірін мал шаруашылығына арнаған, шопан болып 54 жыл еңбек еткен Заркеш Ахметов бүгінгі күні Ақсу қаласында тұрады.
Заркеш атамызбен әңгімелесе келе көп нәрсеге қанық болдық. – Кезінде «Путь Ильича» совхозы, қазір Еңбек ауылы атанып отырған ауылда табан аудармастан 54 жыл шопан болып еңбек еттім. Еңбек кітапшамда бір-ақ жазу бар. Осы жерден еңбекке араластым, осы жерден зейнеткерлікке шықтым, - деп бар құжатын атамыз алдымызға жайып салды. – Кезінде қарамағымда үкіметтің 600 саулық қойы болды. Соның 100-нен 107-110 қозы алып жүрдім. Қой басынан 4 килодан жүн қырқып, тапсырып отырдым. Уақытпен санасуды білмедік, тәулікпен еңбек етіп жүрдік. Қой қоздаған кезде көз де ілмедік. Осы жылдар ішінде үкімет еңбегімді бағалап, 1965 жылы Алматыда өткен жас шопандар слетіне қатысып келдім. Талай мәрте сыйлық, марапаттау қағаздарын алдым. Жуырда мешіттің асханасында қарттарға арналған қайырымдылық ас берілді. Бір мың теңгеден әр адамға ақша таратты. Өте риза болдық.
Бүгінгі күні Заркеш ата мен Қорлығайын апа немерелерін, шөберелерін қызықтап бақытты өмір сүруде. Қорлығайын апамыз да кезінде сауда саласында қызмет атқарған. Көп жыл «Космос» дүкенінде сатушы болып еңбек еткен жан. Атамыз бен апамыздың тұңғышы Бауыржан Ақсуда тұрады, жүргізуші болып істейді. Гүлнар Еңбек ауылында тұрса, Бақыт шаштаразда жұмыс істейді. Раушан Ақсу ферроқорытпа зауытында еңбек етуде. Осы балаларынан көрген 10 немере, сегіз шөберені қызықтап отырған Заркеш ата мен Қорлығайын апа - бақытты жандар.
Шамшат ЖҮНІСҚАЛИ.

