Арын Уәлиев 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Мәскеуді, Ленинградты қорғауға, Бауыржан Момышұлы қолбасшылық жасаған Волокаламск тас жолын жаудан азат ету шайқасына қатысты. 1941 жылы 13 қазанда Ленинград майданында Камышловка деревнясын, Батыс майданда 11 желтоқсанда Волокаламск қаласын, 1942 жылы 28 желтоқсанда Великие Луки қаласының жанындағы Татьяновка деревнясын жаудан азат еткенде бір рет жеңіл, екі рет ауыр жараланды. 1943 жылдың мамыр айында екінші топтағы мүгедек ретінде денсаулығына байланысты запасқа шығарылды.
Арын Уәлиев соғыста көрсеткен жанқиярлық ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, үш мәрте «Ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Әскери марапаттың ең ардақтысы Орта Азия әскери қолбасшысының сыйға берген 1917 жылғы «Алмас қылышы» еді.
Арын Уәлиев 1947-1956 жылдары Баянауыл аудандық әскери комиссариаттың екінші бөлімшесінің бастығы болды. Одан кейін Үрлітүп біріккен әскери комиссариатында жауапты қызмет атқарды. Ертіс аудандық азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Ертіс аудандық тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының директоры болды.
Қай қызметте істесе де адалдығымен, әділдігімен, тапсырылған іске жауапкершілікпен қарауымен өнеге бола білді. Соғыстың зардабынан Арын Уәлиев 1973 жылы елу бес жасында дүниеден озды. Оның ерліктері, еңбектегі өнегелері ұрпаққа үлгі.
Б.ХАМЗАҚЫЗЫ,
Ертіс ауданы.

