Қашыр ауданы орталығында «Ақ баян» фольклорлық ансамблі өзінің жеті жылдығын атап өтті. Өнер ұжымы ұйымдастырған концертке халық көп жиналды. Мерекелік шараға Қашыр аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы С.Ахметова қатысып, игі лебізін айтты.
Ансамбль ұжымы өнерсүйер қауымға қазақтың халық әндерінен шашу шашып, ұлттық өнерімізді паш етті. Мың бұрала би билеген «Әдемі» тобы да кештің сәнін келтірді. 2003 жылы Фируза Әлімбетованың жетекшілігімен құрылған топ бүгінде аудан тұрғындары арасында бедел мен құрметке ие. Өнер ұжымындағы күміс көмей әншілер арасында Зүбайра Жекеева, Сайра Суханкулова, Сәуле Ілиясова, Мәссура Баймағанбетова, Дәметкен Төлепбергенова, Светлана Бисенбинова, Дәмеш Шаханова және Алтын Зейнуллина сынды апа-әжелер бар. Олар «Қамажай» халық әнін бимен ұштастырып, жұртшылық көңілінен шықты. Ауданның мәдени өміріне араласып жүрген азаматтардың бірі - баяншы Дәурен Жалалов концерттік бағдарламаның ойдағыдай өтуіне үлесін қосты. Өнер кешінің қонағы болған жамағат ансамбль мүшелеріне алғыстарын білдіріп тарқасты.
Жания КАБУЛОВА, Қашыр ауданы.

