Мен - еңбек жолын сонау қырқыншы жылдарда журналистикадан бастаған ардагермін. Қызмет бабымен көптеген жайсаң жандарды кездестіріп, олармен араласып тұрдым. Солардың ішінде елуінші жылдардың бас кезінен білетін Аманолла Рамазановтың орны бөлек еді. Нар тұлғалы, адамгершілігі зор, адамға жақсылық жасауға дайын тұратын азамат қатардағы қызметтен облыс басшысына, Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасарына дейінгі жолдан өтті. Алматы ауыл шаруашылығы институтының түлегі, жас агроном оқуды бітіргеннен кейін бірнеше жыл өткен соң, Куйбышев ауданы (қазіргі Ақтоғай) «Ақкөл» кеңшарының директоры болып тағайындалады. Жас жігіт бұл жауапты қызметті ойдағыдай атқарып, өзіне көрсетілген сенімді ақтайды. Бұдан кейін Баянауыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, осы өңірдің өсіп-дамуына бар күш-қабілетін салды. Облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы болып қызмет атқарғанда бұл саланы көркейтуге мол үлес қосты.
Аманолла Рамазанов Оңтүстік Қазақстан, Семей облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып сайланып, абыройлы қызмет етті. Ол КСРО Жоғарғы Кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып бірнеше рет сайланды. Ерен еңбегі жоғары бағаланып, екі рет Ленин орденімен, төрт рет «Еңбек Қызыл ту» орденімен, көптеген медальдармен марапатталды. Сонымен бірге Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің бес алтын, бес күміс медаліне ие болды.
Мен жастармен кездесулерде: «Аманолла Рамазанов еліне еңбегі сіңген, халық сүйіспеншілігіне бөленген азамат болған. Осындай жандардан үлгі-өнеге алыңдар!» деп айтып отырамын. Біздің облыста туып-өскен Аманолла Рамазановты мәңгілік есте қалдыру үшін Павлодар қаласында мемориалдық тақта орнатып, оның есімімен орталық көшелердің бірін атау керек деп ұсыныс жасаймын.
Сейілжан ҚҰРМАНОВ,
дербес зейнеткер, соғыс және еңбек ардагері,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

