Айтыс – қазақ халқының әз өнері, тамыры тереңде жатқан ауыз әдебиетінің бір түрі. Ол - біздің ұрпақтан-ұрпаққа тарап келе жатқан ата дәстүріміз. Баға жетпес осы рухани байлығымыздың да тоқырауға ұшырап, дамуын сәл тоқтатқаны баршамызға аян. Бақытымызға орай Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен айтыс өнерінің тамырына қан жүгіріп, қайта жанданды. Астананың төрінде ұйымдастырылған аламан айтыс – осының дәлелі. Бекарыс, Аманжол, Ринат, Балғынбек сияқты дүлдүл ақындар мен Сара, Айнұр сынды тізгін бермес төкпе ақындардың өнерін жұртшылық жылы қабылдады. Олардың суырып салма өнерін бүкіл халық көгілдір экраннан тамашалап, қуанышқа кенелуде. Өлшеусіз талант пен әншілік өнерді паш еткен өнер иелерінің сөздері – өзінің көркемдік жағынан күні бүгінге дейін маңыздылығын жоғалтқан емес, жоғалтпайды да. Бұл айтыстың сөздері анықтық, тазалық, дәлдік жағынан болсын, көркемдік, сұлулық жағынан болсын, қазақ фольклорының төрінен орын алады. Сондықтан қазақ өнерінің бірегейі – айтыс, қазақ халқы барда ол ешқашан өлмейтініне кәміл сенімдімін.
Бақыт ӘБІЛҚАСОВА,
Май ауданы, Қаратерек ауылы.

