Туған жер әрбір адамзат баласы үшін киелі әрі ыстық. Қашыр ауданының Березовка округіне қарасты Жайлауағаш ауылының тұрғындары түлеп ұшқан танымал тұлғалармен мақтанады.
Әсіресе, олар көп жылдар бойы әскери салада және журналистика мамандығы бойынша қызметтер атқарған соғыс және еңбек ардагері Шәкен Айдарханұлымен және КСРО оқу ағарту ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері, Новосібір гуманитарлық институтының құрметті профессоры Темірболат Ережепбайұлымен мақтанады.
Жуырда Жайлауағаш ауылында туып-өскен үлкенді-кішілі ағайындар жиналып ата-баба аруағына тағзым жасап, ас бердік. Ауылдың атын өңірімізге танымал еткен көптеген аға-апаларымыздың істеген еңбектерін еске алдық Барлығы екі жүзден аса адам жиналып, темір қоршау ішінде жатқан аруақтарға арнап құран бағыштадық. Сонымен қатар ауыл азаматтары осыдан 3-4 жыл бұрын Балақай, Табаш қыстауында жатқан ата-бабаларымызға белгітас қойған болатын. Бабалар жатқан көне зиратқа да барып, Құран оқыдық.
Дәмеш СОЛТАНҚЫЗЫ,
Павлодар қаласы.

