Екібастұз қаласындағы №5 «Жұлдыз» балабақшасында Ұлыстың Ұлы күніне орай мерекелік шара өтті. Ересек топтардың тәрбиешілері ұйымдастырған шараға бүлдіршіндер белсене қатысты. Барлығы ұлттық киім киіп, Наурыз мейрамына арналған өлеңдерін айтып берді. Келген қонақтарға арнап қазақтың салт-дәстүрлеріне негізделген ертегі көріністерін көрсетті. Тәрбиешілер балаларға Наурыз мерекесінің мән-мағынасы жайлы мол мағлұмат берді. Ер балалар «Арқан тартысу», «Қол күрес» сияқты ұлттық ойындар бойынша күштерін сынаса, қыз балалар «Соқыр теке» ойынын ойнады. Шара соңында балалар мен тәрбиешілер «Қара жорға» биін билеп, көрермендердің ризашылығына бөленді.
Д.ЕРТАЙ.

