Облыс орталығындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы Павлодар облыстық филиалының жастар бірлестіктері арасында «Жас көшбасшы» атты байқау ұйымдастырылды. Шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында еліміздегі ұлтжандылық тәрбие беру және «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өтті.
ҚХА облыстық филиалы, жастар бірлестіктерінің үйлестіру кеңесінің төрайымы Наталья Нефедованың айтуынша, өзге ұлт өкілдерінің қатысуы сайыстың басты шарты болып табылды. Бес жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан байқауда өзге ұлттардың 14-17 жас аралығындағы жастарынан құралған 10 топ өзара бақ сынасты. Чуваш және шешен-ингуш жастар бірлестіктері сайысқа бірінші рет қатысты. Әр топ «Жас көшбасшы» атағына ие болу үшін байқаудың төрт кезеңіндегі түрлі тапсырмаларды орындады. Бірінші кезеңде бірлестік мүшелері ағылшын, қазақ және орыс тілдерін меңгеру деңгейін көрсетсе, екінші кезеңде кешенді логикалық тапсырмаларды орындады. Сонымен бірге, Қазақстанның және Павлодар өңірінің тарихы бойынша да білімдерін сынады. Ал сайыстың төртінші кезеңінде жастар пікірталас алаңына шақырылды. Онда олар мемлекеттік жастар саясаты, «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.
Павлодар облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұлттар тілдері бөлімінің бастығы Нұрлан Байбәкіров қатысушылардың мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалап, кейбіріне оң бағасын берді. Қазылар алқасының шешімі бойынша үшінші орын славян жастар бірлестігіне бұйырса, облыстық «Возрождение» немістер қоғамының намысын қорғаған ұл-қыздар екінші орынды еншіледі. Байқаудың барлық кезеңдерінен сүрінбей өткен татар-башқұрт жастар бірлестігі бірінші орынға ие болды.
А.ЕСІМХАНОВА.

