Балалар мен жасөспірімдерді отансүйгіштікке, азаматтыққа тәрбиелеу, сондай-ақ, шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамыта отырып, шеберлікке шыңдай түсу - бүгінгі заман талабы. Жуырда Жолқұдық ауылының мәдениет үйінде Ақсу өңірінің өнерлі мектеп оқушылары аймақтық «Әнші балапан» байқауына қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Шара барысында 18 оқушы бақ сынасты. Байқау қорытындысы бойынша Қ.Шүлембаев атындағы орта мектептің 4-ші қазақ сыныбы оқушылары, апалы-сіңлілі Ақмарал мен Ақбота Ризабек «Маралдым» әнін нақышына келтіре орындап, 1-ші орынды иеленді. Абай Меруерт «Бала тілек» әнін орындап, мақтау грамотасымен марапатталды. Бұл оқушыларды Ақсу кентінің мәдени-сауық орталығының вокалдық үйірме жетекшісі Қамархан Бақыт дайындаған еді. Ол бойында өнері бар жастарды, мектеп бүлдіршіндерін қалалық концерттерге, байқауларға дайындайды. Аталмыш үйірме өткен жылы құрылды. Әзірге құрамында 10 бала бар.

