Астана қаласында “Бақытты жұлдыз аясында» атты VII Халықаралық балалар мен жастарға арналған ақпарат құралдары жас тілшілерінің медиафестивалі болып өтті. Оған Ақсу қалалық гимназиясының “Балауса» ақпарат орталығы тәрбиеленушілері қатысты.
Фестиваль аясында балаларға Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері шеберлік сыныптарын өткізіп, түрлі тақырыптарда дәріс оқыды. Балалар «Хабар», «Астана», «КТК 7» телеарналарына экскурсияға барып, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, кәсіби тілшілермен сұхбаттасып қайтты. Онымен қоса, фестивальге қатысушылар «Нұр Отан» ХДП-ның орталық кеңсесінде «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Н.Өтешевпен кездесті. Шара барысында балалар еліміздегі жастар саясаты, БАҚ-тың дамуына қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қою мүмкіндігіне ие болды. Фестивальге қатысушылар ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің өкілдерінен де шеберлік дәрістерін алып, ақпарат құралдарының жұмысын дұрыс ұйымдастыра білуді үйренді. Сондай-ақ балалар еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мұражайында болды. Бұл олар үшін ұмытылмас әсер сыйлағандығы анық.
Фестивальге қатысқан әр орталық көрмеде өздері шығаратын мектепішілік газеттерін, шығармашылық жұмыстарын қорғады. Шара аясында да олар бірнеше топқа бөлініп, өз жеке редакцияларын құрып, газет басып шығару ісін меңгерді. Онымен қоса, бейнебаян түсіріп, «Үздік сұрақ», «Үздік мақала» «Үздік фото» сияқты сайыстарға қатысты. Фестиваль қорытындысы бойынша гимназияның «Балауса» орталығы «Ақпараттық дебют» аталымы бойынша лауреат дипломымен және грамотамен марапатталды. Ал қатысқан оқушылар дипломға және журналистика негіздерін оқыту курсын өткені туралы сертификатқа ие болды.
Гимназия оқушыларының атынан Халықаралық медиафестивальге қатысуына қаржылай көмек көрсеткен «Ақсу» балалар қорының төрайымы Гүлмира Ұзақоваға және лицей директоры Нұрикамал Жедеуоваға үлкен алғысымызды білдіре отырып, дарынды оқушыларды қолдау жолында сәттілік тілейміз.
Гүлбану БӘКІРБЕКОВА,
Ақсу қалалық гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

