Жақында Баянауыл өңірінде «Сапалы білім – болашақ кепілі» атты білім беру саласы қызметкерлерінің аудандық форумы өтті. Оған аудан бойынша 300-ге тарта мұғалім қатысты.
Форумда аудандық білім беру бөлімінің бастығы Асқар Лекеров «Ауданның білім саласындағы мақсаттары мен міндеттерінің орындалуы» деген тақырыпта баяндама жасап, өңірдегі мектептердің бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, аудандық білім беру саласында алға басушылық байқалады. Бұдан кейін ардагер ұстаз Ғалия Әубәкірова сөз алып, Елбасының халыққа Жолдауында білім беру саласын дамытуға ерекше мән берілгенін атап өтті. Шара барысында ауданның бірқатар білікті ұстаздары баяндама жасап, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ететіндіктерін паш етті.
Форум соңында жақсы жетістіктерге қол жеткізген мектептер мен ұрпақ тәрбиелеу ісіне ерекше үлес қосып жүрген ұлағатты ұстаздар аудандық білім беру бөлімінің атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жаннұр МҰСАБАЕВА,
Баянауыл ауданы.

