Есқара - Железинка ауданының шет жағында жатқан іргесі мықты, ынтымағы, бірлігі мен тірлігі ұштасқан ауыл. 2009 жылдан бастап ауылымызға көп жаңалық пен өзгеріс енді. Солардың бірі – Ахметов Жамбыл ағайдың демеушілігімен салынған мешіт болса, биылғы жылы елімізде салынып жатқан жастар клубы. Егеменді еліміздің болашағы – жастар. Оларға әдептілік пен мәдениеттілікті қалыптастырып, тәлім-тәрбие беретін ошақ – ауыл клубы. Бұл клуб – тек жастардың бас қосар жері ғана емес, сонымен бірге халқымыздың баға жетпес қайнар бұлағы болатын ұлттық салт-дәстүрлері насихатталып, халықтық ойындар, ән мен күйлер, мерекелер мен тойлар өткізілетін орын. Бұрын жастарымыз жазғы демалысқа келгенде, кеш уақытта ауыл жастарының тыныс тауып, дем алатын орын таба алмайтынын айта кетейін.
Ауылымызда мешіт ашылғанда, халықпен кездескен аудан әкімі Жанат Шұғаев тұрғындардың тұрмыс-жағдайымен танысып, елдің шешілмей жатқан қандай мәселелері барын сұрағанда, елге клуб керектігі айтылған. Әкім клуб мәселесі жуық арада қарастырылады деп уәде етті.
Ол елдің сұрауын жерге тастамай, сөзінде тұрып, биылғы маусым айынан бастап елді мекенімізде клуб салынып жатыр. Клуб құрылысымен айналысып жатқан - қалалық фирма. Оларға басшылық жасап жатқан - өңіріміздің тумасы Нұрымбай Қайдаров. Ауыл жастары құрылысшыларға көмек көрсетуде. Жастарға жұмыстарың сәтті болып, алға бассын деп тілейміз. Құрылыс барысын әкім өзі бас болып, қадағалап отырады. Жанат Рәшитұлы сөзі мен ісі бір, халық мүддесін ойлайтын, іскер, сенімді басшы екенін танытып отыр.
Елбасымыздың «Мәдени мұра» бағдарламасы мен ел жастарының мәдениетті және салауатты өмір салтының жүзеге асуына өз үлесін қосқаны үшін аудан әкіміне Есқара тұрғындары ризашылығын білдіріп, ол басшылық жасап отырған Железин ауданымыз өркендеп, көркейе берсін, еңбегі жемісті болып, беделі өсе берсін деп тілек білдіреді.
Есқара ауылы тұрғындарының атынан
Г.БЕГЕЖАНОВА.
Железинка ауданы.

