Сенбі күні облыс орталығында Железин ауданының тауар өндірушілері ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесін ұйымдастырды. Халық көп жиналған шарада жергілікті тұрғындар тұрмысқа қажетті өнімдерді арзан бағамен сатып алды.
Железин ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Баулыбай Аужановтың айтуынша, жәрмеңкеге 3,5 мың тоннаға жуық ет әкелінген. Оның ішінде ірі қараның, қой мен құс еттері бар. Сондай-ақ, күнбағыс майы, сүт өнімдері мен көкөністер және тағы да басқа азық түрлері арзан бағамен сөрелерге қойылды.
- Жәрмеңкеге ауданның барлық ауылдық округтері қатысуда. Бұл – осы жылдағы біз қатысып отырған алғашқы жәрмеңке. Өткен жылы бірнеше рет облыс орталығында және үш мәрте ауданда ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесін ұйымдастырдық. Оның әрқайсысында орташа есеппен алғанда он миллион теңгенің өнімдері сатылды. Түскен қаржының бір бөлігіне Павлодар қаласында орналасқан «Железин» әлеуметтік дүкеніне тауарлар әкелеміз. Өткен жылы Железин ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыста бірінші орынға ие болды. Осы межеден түспес үшін ыждаһаттылықпен жұмыс жасауды жалғастыра береміз, - деді Баулыбай Ілияшұлы.
Аудан өкілінен өңірде биылғы дала жұмыстарына дайындық қалай жүріп жатқанын сұрадық. Б.Аужановтың сөзінше, биыл егістік алқабы 148 мың гектарға ұлғаяды деп күтілуде. «12 мың тонна тұқым егуді жоспарлап отырмыз. Оның барлығы тексерістен өтті. Бұйыртса, дала жұмыстарын сәуір айында бастаймыз. Техникалардың дайындығы да - басты назарда. Өткен жылы 48 жаңа техника сатып алдық. Осы уақытқа дейін 30 мың гектар аумақта қар тоқтатылды. Егіс жұмыстарымен қатар, мал шаруашылығына да баса мән беріп отырмыз. Бұл ретте, асыл тұқымды 600 бас мал сатып алуға өтініш білдірдік», - деді ол.
Павлодар қаласындағы «Восточный» шағын ауданында тұратын Әнуарбек Омаров ақсақал бәйбішесімен бірге жәрмеңкеге арнайы келіпті. «Ірі қара малдың еті мен көкөніс өнімдерін сатып алдық. Жалпы, осындай жәрмеңкелердің көптеп ұйымдастырылғаны жергілікті тұрғындар үшін қажет-ақ. Мұндағы тауарлар табиғи әрі бағасы да арзан. Сондықтан, халықтың дені сапалы өнімді молынан сатып алғысы келеді», - дейді ақсақал.
Фархат ӘМІРЕНОВ.
Баянауылда бұрын-соңды болмаған жобалар қолға алынуда
Баянауыл ауданындағы «МТС Жайма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттің қолдауы арқасында Америка Құрама Штаттарынан 699 бас асыл тұқымды қара мал сатып алды. «Абердин-Ангус» деп аталатын сиыр малының бұл түрі қысы суық өңірлерде өсіруге аса қолайлы. Жоба мақсаты – келешекте өңірде етті асыл тұқымды мал басын арттыру және экспорттық әлеует құру.
Етті мал шаруашылығын дамыту үшін біздің аймағымызда кезек күттірмес бірқатар кешенді мәселелерді шешу керек. Соның бірі - заманауи технологиялармен жабдықталған мал бордақылайтын алаңдарды салу және асыл тұқымды мал санын арттыру. Бұл мәселелерді түбегейлі бір жақты етпейінше, сыртқы нарықтарға ет импорттау қиынға соғатыны анық.
Ежелден төрт түліктің өсуіне қолайлы өңір саналатын Баянауыл ауданында бүгінде мал шаруашылығының ет бағытындағы әлеуетін құру өміршең деп танылып отыр. Жергілікті сала өкілдері де бұл ретте бастамашылдығымен танылғанын атап өткен абзал. Оның үстіне аудан төрт түліктің саны бойынша облыста көш бастап тұр. Соңғы дерек бойынша, көрікті мекенде 62 мыңнан астам қара мал, 131 мыңдай қой-ешкі және 15 мыңнан астам жылқы өсіріледі. Мал және егін шаруашылығымен айналысатын 458 шаруа қожалығы мен 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тіркелген. Былтыр олармен 7,2 млрд. теңге көлеміндегі қаражатқа ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылды. Бұл көрсеткіш 2010 жылмен салыстырғанда 57 пайызға артық.
Жақсы іске – батыл қадам
Баянауылдық мал етінің сапасы аймағымызда жоғары бағаланады. Осы артықшылықтарды ескерген жергілікті мал өсірушілер мемлекет тарапынан жасалатын қолдауды пайдаланып, заманға сай мал қоралары мен бордақылау алаңдарын тұрғызуға талпынуда.
Сондай батыл бастамалардың бірін «МТС Жайма» серіктестігі былтырғы жылы қолға алған. Шаруашылық «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы «Инфрақұрылымы дамыған жалпы саны 7000 бас асыл тұқымды қазақтың ірі қара малын, оның ішінде 2500 бас аналықты бір кезекте ұстауға арналған мал шаруашылығы кешенін құру» инвестициялық жобасын жүзеге асыру үшін жұмыс жүргізуде. Жоба бір кезекте 1000 басқа арналған бордақылау алаңын құру және еуропалық стандарттарға сай кесек еттерді вакуумдық орама жасап, экспортқа шығаратын екі сатылы кезеңде жүзеге асырылады. Қазіргі кезде аталмыш алаң құрылысының 500 басқа арналған бөлігі аяқталып келеді. Сапалы ет өндірісіне жол ашатын бұл бастама кеңауқымдылығымен көзге түсті.
Баянауыл ауданының әкімі Ернұр Әйткеновтың айтуына қарағанда, «ҚазАгроҚаржы» компаниясы серіктестіктің қазіргі жағдайын елеп-екшеп, лизинг негізінде 4 пайыздық үстемемен 1,518 млрд. теңге несие қаражатын берген. Шаруашылық басшысы, іскер азамат Батырбек Алдабергенов өткен жылдың желтоқсан айында Құрама Штаттарға өзі барып, Монтано аймағынан 699 бас асыл тұқымды малды таңдап алыпты. Әрқайсысының құны 600 мың теңгеге бағаланған. Ұшақпен 3 мәрте рейс жасап жеткізілген ірі қараның барлығы - жас, тоғыз айлық баспақтар. Оның ішінде 40 басы - бұқа. «Абердин-Ангусты» Баянауыл өлкесіне жерсіндіріп, қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жүргізу және бұқа қосуға жыл бойы американдық мамандар көмек жасайды. Бұл қара малдың ерекшелігі сол, еті аса дәмді әрі тез піседі. Күніне 850-900 грамм салмақ қосатын қасиеті бар, сойғанда 250 келі таза ет өндіріп алуға болады екен.
- «МТС Жайма» шаруашылығының келешекке жоспарлап отырған жобалары өте ауқымды әрі өміршең, - деп әңгімеледі аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Ахмет Серкебаев.
Олар шетелден мал әкелуді мұнымен шектеп қойған жоқ. Б.Алдабергенов жақында ғана Ресей Федерациясына жол жүріп кетті. Ондағы «Садовское» зауытынан 320 бас асыл тұқымды «герефорд» ірі қара малын әкелуді жоспарлап отыр. Асыл тұқымды мал санын өсіріп, көбейту үшін жемшөп қорын молынан қамту және оның құрамын арттыру мақсатында серіктестік егін салуды, көпжылдық шөп егуді де ерекше назарда ұстауда. Бұған дейін егін шаруашылығында пайдалануға қажет шетелдік заманға сай техникалар сатып алды. Жаңа техниканың тілін тауып, игеріп кетуі үшін жас мамандарды арнайы оқу курстарына жіберіп отырады. Бүгінгі күні мұнда асыл тұқымды мал есепшісі мен мал дәрігері бар. Серіктестіктің шаруасын ұршықша иіріп алып кететін кәсіби менеджер-зоотехник пен білікті агроном қажет екендігін, отбасы бар жас мамандарға баспана берілетіндігі туралы мәліметтер арнайы орындарға және ғаламтор арқылы үзбей хабарланып келеді. Алайда, тәжірибелі мамандардың саны азайған ба, әлде жер шалғайлығынан ба, әзірге білімді де білікті кадрлар табылмай отыр...
Табысы тасып, ырысы артқан...
Жалпы, аталған шаруашылық-тың иелігінде бүгінде 34 мың гектардай жер бар. Оның біраз бөлігіне егін салынса, қалғаны жайылым мен шабындыққа тиесілі. Қара малдан басқа 160-тай қой, 220 жылқы өсірілуде. Мұнда бүгінде жүз он бір адам еңбек етеді. Былтыр екі мың гектардан астам жерге дәнді дақыл себіліп, әр гектарынан 9,9 центнерден өнім жинаған. Машина-трактор паркінде әртүрлі жұмыстарға қолданатын 80-дей техника бар. Соңғы жылдары серіктестік жалпы құны 143 млн. теңге өз қаражатына әрқайсысы 1500 шаршы метрлік 8 мал қорасын, мамандарға арнап 2 тұрғын үй (әрқайсысы 2 пәтерлі), қонақүй, жұмысшылар асханасы, малшылар үйі мен тәулігіне 15-20 бас ірі қара мал сойылатын мал сою алаңын салып шықты. Бүгінде екі тұрғын үй мен арнайы қасапхана құрылыстары жүріп жатыр. Жылына 50-60 тонна ұн өндіретін «Фермер» шағын диірмені де жұмыс істеп тұр.
Аталған шаруашылықтың арқасында Қаратомар ауылдық округіндегі халық бақуатты тірлік кешуде. Көптеген отбасылар серіктестіктен жұмыс тауып отыр. Оның басшысы кейбір азаматтарды курстарға жіберіп, ет өңдеу кәсіпорнында орнатылатын шетелдік технологияның тіліне үйретуде.
Республикада алғашқы
Былтыр «МТС Жайма» аудандағы ірі қара малды асылдандыру мақсатында республика өңірлерінде бұрын-соңды болып көрмеген ерекше жобаны бастады. «Асылдандыру» деп аталған бағдарлама аудан көлемін қамтиды. Жергілікті биліктің қолдауымен серіктестік өлкедегі шаруа қожалықтарына асыл тұқымды 76 бұқаны келісімшартпен ақы-пұлсыз таратып берді. Шаруалар алынған сегіз-тоғыз айлық еркек төлдің тірі салмағына байланысты биыл есеп айырысатын болады. Осы арқылы алдағы 2 жылда ауданның 30-дан астам шаруа қожалығындағы қара малдың тұқымы толықтай жаңартылып, олар келешекте селекциялық жұмыстармен айналыспақ. Ал 2015 жылға қарай осы тәсілмен аудандағы қара малдың тең жартысы асылданады деп болжануда. Бұл жобаның ерекшелігі – алушы мен берушінің арасында ешқандай қаржы мен кепілдік мүлік туралы мәміле жоқ, тек қарапайым шарт қана жасалады. «Асылдандыруға» бүгінде облыс басшылығы назар аударып, оны басқа аудандарға енгізуді мақсат етіп отырса керек.
Еттен кенде болмаймыз
Шұрайлы өлкедегі мал шаруашылығын асылдандыру жұмыстары мұнымен тәмамдалмайды. Ұзынбұлақ ауылдық округінде «Баян Орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (директоры Мұрат Кенжебаев) «Абердин -Ангус» асыл тұқымды малынан 1000 басқа дейінгі аналық-репродукторлы шаруашылығын құру» жобасы бойынша 1,7 миллиард теңгенің несиесін алуды көздеп отыр. Ол аталған елді мекен аумағынан 20 000 гектар жерді қарауына алған. Қажетті техникамен жарақтанып, жұмысқа білікті мамандарды қабылдауда. Бастама құпталса, осы жылдың қыркүйек-қазан айларында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке АҚШ-тан асыл тұқымды қара мал сатып әкелінеді.
Осылайша, келешекте ауданда етті мал шаруашылығын дамыту бағытында бұрын-соңды болып көрмеген мүмкіндіктер қалыптасады. Екі бірдей асыл тұқымды аналық-репродуктор шаруашылығы және бір мың басқа арналған инфрақұрылымы дамыған 2 мал бордақылау алаңы тұрақты жұмыс істейді. Сондай-ақ, әр ауылдық округте кемінде 80-100 басқа арналған шағын мал бордақылау алаңдарын құру жоспарда бар. Қызылтау округінде - «Оразбек», «Қайырбек», Жаңатілекте - «Жасталап», Құндыкөлде - «Айша», Ұзынбұлақта - «Отан», «Бұқар Жырау», Ақсанда - «Батырхан» шаруа қожалықтары қазіргі күннің өзінде өз алдарына мал бордақылап, жыл сайын етке өткізуде. Олар алдағы уақытта мемлекет көмегін пайдаланып, асыл тұқымды мал сатып алуды жалғастырады. Нәтижесінде, аудандағы ет өндірісі бірнеше есеге өсіп, экспорттық әлеует қалыптасады.
- Қолда барға қарап отырмай, ізденіске ұмтылған жоғарыда аталған шаруашылықтар келешекте бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, нарықта оқ бойы озық тұратыны сөзсіз, - дейді А.Серкебаев. - Шетелден жеткізілген, алдағы уақытта тағы әкелінетін асыл тұқымды ірі қараны жатсынбай, жерімізге лайықты жерсіндіріп, жемісін көрумен қатар аудан малының сапасын көтеретіндігімізге сеніміміз мол.
Бір сөзбен айтқанда, баянауылдық ағайын мемлекет қолдауын айқын сезіне бастады. Жалпы, мал шаруашылығы бойынша былтыр 17 шаруашылық құрылымына 40 млн. теңге субсидия төленді. Бұл – шаруалар үшін үлкен көмек.
Қазақ халқы ықылым заманнан төрт түлік малды береке мен байлықтың басы санап, көп игілігін көріп келді. «Мал — елге құт» деген сөз бар дана халқымызда. Төрт түліктің берекесін игілігімізге пайдаланып, ұлттық экономиканың бәсекелестікке қабілетті салаларының біріне айналдырсақ, нұр үстіне нұр болмақ. Ендеше бастамашылдығымен танылып отырған баянауылдық мал өсірушілерге тек сәттілік тілейміз!
Мұрат АЯҒАНОВ.
Екібастұзда «Жайлау» бағдарламасы табысты жүзеге асуда
Қой өсіру - қазақ халқының ежелден келе жатқан тарихи дәстүрлі мал шаруашылығының бірі. Халқымыздың тұрмыс тіршілігі, күнкөріс көзі момын жануармен тікелей тамырласып жатыр. «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген сөздерде терең ұғым бар. «Қой егіз тапса, бір түп жусан артық шығады» деп қой малының өз несібесін өзі айыратынын айтса, «қой анасы — оннан, жылқы анасы — бестен» деп, қой малының жылдам көбейетінін меңзеген.
Бүгінде облыстағы қой саны жарты миллионнан асып жығылады. Соңғы жылдары момын түліктің басы айтарлықтай арта түсті. Былай алып қарағанда, аймақтың қой етін экспортқа шығарудағы әлеуеті өте зор. Бұдан бірнеше жыл бұрын аймағымызға келген Сауд Арабиясы өкілдері керекулік қойдың етіне тамсанып қайтқан. Сол жолы арабтар біздің шаруалармен ынтымақтасып, бұл салаға инвестиция салуды да сөз еткен болатын. Бұл бастама не себепті екені белгісіз, әрі қарай тарқатылмаған күйде қалып қойды. Десек те, шет мемлекеттің қазақтың қойына аңсарының ауғаны жақсылықтың нышаны деп қабылдағанымыз рас.
Түзде өскен малдың еті қолда жемделген жануардікінен тәтті келетінін білетіндер жайлауда жетілген «тегене құйрық момын түлікті» әсіресе, жаздың күндері сатып алуға бейіл. Бұл осы уақытта шаруаларға үлкен мүмкіндіктер тудырып, пайда табуға сеп болады. Дегенмен, қазіргі күні қой етінің жыл бойына тұрақты жұмыс істейтін экспортын дамыту мәселесі агроөнеркәсіп кешенінде тұрған өзекті жайттардың бірі. Қазақ жерінің қой өсіруге өте қолайлы аймақ екені ертеден белгілі. Ал Павлодар өңірінің табиғи ерекшеліктері бұл бағытта үлкен мүмкіндіктерге жетелейді.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды уақытында орындауға сеп болатынның бірі – қой етінің экспорты. Қара малдан басқа қой етін сыртан келіп сатып алушылар аз емес. Осы жағдайды аймақ шаруалары ұтымды пайдаланса абзал. Мамандардың айтуынша, ет экспорты бойынша республикамыздың әлеуеті зор. Осындайда қой шаруашылықтарына да айрықша көңіл бөлінеді. Бұл ретте, еліміз бойынша бүгінде бірқатар бастамалар табысты жүзеге асып жатқанын айтпай кетпеуге болмас.
Көпшіліктің есінде болса, осыдан екі жыл бұрын «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолға алуымен облыста «Жайлау» атты бағдарлама іске қосылған. Аймақтағы мал басын көбейтуді мақсат еткен бастама шеңберінде облыс шаруаларына бес мың саулық сатылып алынды. Бағдарлама талаптары да қарапайым. «Жайлау» бес жылдық мерзімді қамтиды. Мал алуға тілек білдірген әр азаматқа, яғни қатысушыға компания жүз бас қойды бес жыл уақытқа жалға берді. Бес жыл өткен соң шаруа оны корпорацияға екі жүз қой етіп қайтарып беруі керек. Бұл екі аралықта жүз бас саулықтың өсімі орташа есеппен төрт жүз-бес жүз қойға дейін жетеді деп күтіліп отыр. Сонда бес жылдан соң шаруаның таза табысы – орташа алғанда үш жүз қой болады. Осылайша, бағдарламаға енген ауылдық тұрғын жалға алған тірі «тауарынан» екі еседен астам пайда көреді. Қолда қалған меншікті малын әрі қарай өсіре ме, сата ма – ол әрбір азаматтың өз еркіне байланысты.
Корпорация мамандары бастаманың болашағын әбден зерттеп, екшеп-текшеп алғандығын айтады. Мұндай тәжірибе осыдан отыз жыл бұрын Қытай мемлекетінде де болып, өз жемісін байқатқан. Бірақ, олар әрбір азаматқа бес қойдан артық бермеген. Ал біздің еліміздің географиялық ерекшелігі әрбір шаруаға ең кемі жүз қойдан беруге болатынын көрсетіп берген. Бағдарлама мемлекет қазынасынан 100 миллион теңгеге қаржыландырылса, ол Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына теңдей етіп бөлініп берілді. Сол жолы барлық қойды корпорацияның еншілес компаниясы – «Өскемен-Семей-Павлодар» ЖШС таратып берген еді.
Біздің облыста бағдарламаға Ақтоғай, Ертіс, Железин аудандары және Екібастұз бен Ақсу қалалары енді.
«Жайлаудың» өз кезегінде сәтті бағдарламалардың бірі екенін бүгінде Екібастұз өңірінің қой өсірушілері дәлелдеп отыр. Бұл аймақтан 10 азамат осы мүмкіндікке ие болған. Жалгерлік негізде алынған момын түлікті шопандар бүгінде аман-есен өсіріп-бағуда. Атап өтерлігі, корпорация әр ауданға бір оператордан тағайындады. Ол шаруаның бес жыл бойғы қойды өсіру барысын тұрақты бақылайды. Кеңестер беріп отырады. Бұған қоса ай сайын компанияның арнайы комиссиясы да тексерістер жүргізеді. Бұл өз кезегінде малдың шығынсыз өсуіне жағдай тудырмақ. Шаруа әр қойды сақтандыруды да ұмытпауы керек. Таратылған қойдың барлығы жас саулықтар, олардың күйін үнемі қадағалап отырмай болмайды.
Екібастұз өңіріне бекітілген оператор маман Зейнолла Жақсыбаевтың айтуына қарағанда, бүгінге дейін саулықтар екі рет төл берген. Қазір әр тұрғынның қорасында 250-ден 300-ге дейін қой бар.
- Ауылдағы ағайындар корпорация арқылы алынған қойларға аса жауапкершілікпен қарайтындықтары соншама, олардың жем-шөбін, суын ерте бастан қамдап алып отырады, - дейді оператор. – Былтыр егіннің мол шығуына орай, жемді тонналап үйді, тіпті мал азығына күнбағыстың тұқымын пайдаланып жатқан шопандар да бар. Өзім ай сайын барып санағын алып, малдардың уақытылы егілгенін, жем-шөбінің молдығын тексеремін. Жақында ғана фермаларды аралап шықтым, қойлары өте күйлі, семіз. Қора-жайларының қолайлы екеніне көзімді жеткіздім. Биыл қысты ойдағыдай өткізсек, келесі жылы саулықтардың төлді жақсы беретіндеріне ағайындар сенім артып отыр. Шаруалар өз ыңғайына қарай, корпорация алдындағы борыштарын келесі жылдан бастап өтей берулеріне де болады.
Зейнолла Рахметоллаұлы жергілікті азаматтардың өз міндеттемелерін толық атқарып жатқандығын айтады. Әр мал басын жүз теңгеден «Мұнай сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы сақтандырып қойды. Әу баста бағдарлама қабылданғанда қой алуға үміткер азаматтардың шопандық тәжірибелері толық тексеріліп, ауыл әкімдері оларға кепіл бола білді. Осындай алдын ала ұйымдастырылған шаралардың нәтижесі қазір көңіл қуантады. Оператор-маманның өзі жеке кәсіпкер, мал бағу ісінен әжептәуір тәжірибесі бар көрінеді. Өзінің айтуынша, бес жылдан кейін бағдарлама аяқталғанда, еңбегінің өтеуі ретінде корпорация өңірден қайтарылған қойдың отыз пайызын оған береді.
«Әр жыл сайын алған малды ветеринарлық тексеруден өткізіп, екпе шараларын қабылдауға шаруалар міндетті. Ауылдарды аралап, азаматтармен тілдесіп, қажетінше көмек жасап тұруға тырысамыз. Корпорацияның арнайы комиссия мүшелері тоқсан сайын келіп тексереді. Егер «Ертіс өркені» корпорациясы келесі жылы бағдарламаны басқадай мал түрлері бойынша жалғастырса, біз оған міндетті түрде қолдау танытып, қатысатынымыз анық. Себебі, оның игілігі мен келешегіне көзіміз жетіп отыр», - дейді Екібастұз қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Кенжебек Дүйсенбаев.
Бұған дейінгі облыс басшысы Б.Сағынтаев өткен жылы Екібастұз өңіріне барғанда «Жайлау» бағдарламасы жалғасын тауып, келесі жылдан бастап ауылдықтарға мүйізді ірі қара мен жылқы үлестіріле бастауы мүмкін екенін айтқан. Бұл жаңалыққа жұртшылық қуанысып қалған еді. Бастама қазіргі облыс әкімі Ерлан Арынның қолдауымен жүзеге асып, шаруа ағайынның үміті ақталатынына сенім мол.
Мұрат АЯҒАНОВ.
Былтыр Елбасының тапсырмасы бойынша «Сыбаға» бағдарламасының өмірге келгені белгілі. Ет бағытындағы ірі қара мал басын көбейтуге бағытталған бұл игі бастама ауылдағы ағайынның дәулетін асырды. Оның нәтижелілігі мен өміршеңдігін бүгінде шаруалар мойындап отыр.
Сауса сүті бұлақ, сойса еті көл-көсір Зеңгі бабаның тұқымын өсіруге ден қойған фермерлердің қуанышы - «Сыбаға» аймақтағы ауыл шаруашылығын өркендетуге қаншалықты үлесін қосты? Биыл ол жалғасын табуы мүмкін бе? Бүгінде бұл салада жүргендердің көпшілігін осы сауалдардың мазалап жүргені анық. Көптің көкейіндегі сұрақтар бойынша осы бағдарламаны жүзеге асырушы құрылымдардың бірі - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Павлодар облысы филиалының директоры Сайра Ықыласоваға хабарласқан едік.
- Жұртшылық «Сыбағаның» өте бір тиімді бағдарлама болғанын айтуда. Сіз бұған не дейсіз?
- Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында ірі қара мал еті экспортын 2016 жылға дейін 60 мың тоннаға, ал 2020 жылға қарай 180 мың тоннаға жеткізу қажеттігін қадап айтқан-ды. Ішкі нарығымызды отандық дүниелермен қамтамасыз етсек, ұтылмаймыз. Есесіне, Қазақстанда өндірілген етті сыртқа тасымалдауға да жол ашылмақ. Саннан сапаға көшуді көздейтін «Сыбаға» бағдарламасы кенжелеп қалған мал шаруашылығын өркендетуге жаңа серпін берді. Саланың ахуалы едәуір жақсара түсті. Етті зеңгі бабаны өсіргісі келгендер, бұл ата кәсіпті жаңғыртуға бет бұрғандар тарапынан қалтаны қақпайтын несиеге деген сұраныс жыл бойы үзілген жоқ.
Шыны керек, «Сыбаға» бағдарламасы республикамыздың басқа өңірлерінде секілді бізде де бірден қолдау тауып, жүзеге асып кетті. Алғашында, көпшілік оның нендей талаптардан тұратынын білмегені рас. Бағдарламаны облыстық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, қала-аудан басшыларына шығып насихаттадық. Әсіресе, облыстық «Сарыарқа самалы» басылымында жарық көрген әлдебір материалдан соң бізге хабарласушылар қатары бірден артты. Бұл үшін басылым ұжымына алғысымыз зор.
Бір сөзбен айтқанда, бастама күтпеген нәтижелерді көрсетті. Несиені алуға ниет білдіргендер саны көп болды, бұған дейінгі басқадай бағдарламалар кезінде соншама ауқымды болып көрмеген. Расында оның қоятын шарттары кісі қызығарлықтай. Жеңілдіктер молынан қарастырылған, кепілге салынатын мүлік те қарапайым. Соның нәтижесінде былтыр жалпы саны 42 адам «Сыбаға» бойынша 222 миллион теңгенің қаржысына ие болды. Ауылдағы ағайындар қолдарына тиген қаражатқа 1325 сиыр және 42 асыл тұқымды бұқа сатып алды. Несие алуда Баянауыл (7 адам несие алды), Қашыр мен Ақтоғай (әрқайсысында 6 адамнан), Павлодар (4), Ертіс (3) аудандары ерекше белсенділік танытты.
Атап өтерлігі, мал сатып алғаннан кейін кейбір шаруашылықтар жаңадан құрылды. Себебі, кей азаматтар бұған дейін өз алдына шаруа қожалығын құрғысы келгенмен, қолдағы малдары жеткіліксіз болған ғой. Бағдарлама олардың арманының орындалуына себепкер болды. Осындай жайттарды ескерсек, бастаманың өте бір тиімді және өміршең болып шыққанын сеніммен айтамыз.
- Несиені алуға құмартушылар санының көп болғанына қарағанда, онда жеңілдіктер молынан қарастырылған болар?
-Иә. Қор әу баста өз тарапынан шарттар тағайындағанда оны қайтару, сыйақыны өтеу секілді мәселелер ерекше ескерілген ғой. Несиенің жылдық өсімі небары 6 пайыз ғана. Бұған қоса, қарызды өтеу бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, алынған несие сомасын, яғни негізгі қарызды фермер тек 2 жылдан кейін ғана қайтара бастайды. Ал несиенің пайыздық өсімін тек 1 жылдан соң ғана төлейді. Демек, алғашқы екі жыл бойы малды өз төлі есебінен көбейтуге болады. 24 айдан кейін ғана 1-1,5 жасқа толған баспақты етке өткізеді. Яғни, былтырғы несие алғандар қарызын тек 2013 жылдан бастап қайтарады. Оған дейін олардың алған малының саны кем дегенде 2 есеге өсуі керек. Мысалы, ол қырық сиыр алса, екі жылдан соң оның қолында сексен қара мал болады. Екі жыл бойы біз оларды сырттай бақылап қана отырамыз. Бағдарламаның негізгі талабы да осы.
- Шаруаларға қаражат рәсімдеу, мал таңдап беруде белгілі бір қиындықтар орын алмай қалмаған шығар...
- Бағдарламаның тиімді бір тұсы – біз қаражатты тікелей қарыз алушының шотына аударамыз. Ол бізбен келісе отырып, белгілі бір шаруашылықтан шартта көрсеткендей көлемде мал сатып алады. Құжатқа, кепілге байланысты қиындықтар туындады. Дегенмен біз оларды тез арада шешіп отырдық. Біздің қордың мамандары сан жағынан саусақпен санарлық болса да, әрқайсысының кәсіби деңгейі жоғары. Шаруалармен етене жұмыс істеу арқылы мәселелер біржақты етілді.
- Құжат тапсырғандардың ішінен әлеуеттілерін қандай тәсілмен анықтадыңыздар?
- Біз алдымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және жергілікті бөлімдер арқылы бағдарламаны насихаттадық. Аудан, ауыл әкімдеріне шығып, кімдерді ұсына алатындығын сұрастырдық. Әрбір қарыз алушымен тұрғылықты елді мекеніне барып жұмыс істедік. Бұл іске қоғамдық ұйымдар, сараптау мекемелері де тартылды. Банктер арқылы қандай да бір қарызының жоқтығы анықталған соң, шаруаның қолдағы малына санақ жүргізілді. Малшылардың үйлері мен қора-қопсысы, жайылымы мен шабындығы, су көздері зерттелді. Бұдан соң оның қара мал сатып алатын шаруашылығын мұқият тексердік. Әрбір малдың құжаты назардан тыс қалмады. Шарт бойынша малдың жасы 2-4 жыл болуы керек. Сиырлар сатылып алынған соң «Қазагромаркетингі» АҚ-на тіркеліп қойылды, оқтын-оқтын тексеріліп отырады.
- Кейбір азаматтар несие алу үшін облыс орталығы мен ауылының ортасында сабылғанын айтады. Несиені рәсімдеу барысы соншалықты ұзақ әрі көп жүріп-тұруды қажет етті ме?
- Мен бұл мәселеге қатысты былай айтар едім. Біз өткен жылы «Сыбаға», «Егін-жай» және шағын несиелеу бағдарламаларын сәтті орындап, 431 жобаны 495 млн. теңгеге қаржыландырдық. Сапалы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, біздің филиал жыл қорытындысы бойынша республикада үздік шықты. Біздің мамандар несиені ең аз уақыт ішінде рәсімдеп, шаруалардың қолына қаржыны тез арада беруімен ерекшеленді. Мәселен, «Сыбағада» талап бойынша рәсімдеу екі аптаны құраса, біз көпшілігін 5-7 күннің ішінде тәмамдап қойып жүрдік. Дүйсенбіде құжат тапсырған адам сол аптаның жұма күні қаржыға қол жеткізген жағдайлар да кездесті.
Өңірде қордың бір ғана филиалы бар, ол облыс орталығында орналасқан. Біз шаруаларды босқа сабылтпайық деп, әр ауданға арнайы барып, өтініштерді өзіміз жинап жүрдік. Бармас бұрын, әр ауыл, ауданға телефон шалып, факс жіберіп, қандай құжаттар талап етілетінін күні бұрын хабарладық. Кейбір ауылдардың тұрғындары сенімсіздік білдірді ме, әлде басқадай жағдайлар себеп болды ма, жер шалғайлығына қарамастан, біздің мекемеге өздері келіп құжаттарын тапсырды. Сол кездері олардың кейбірінің құжаты жетпей, ауылдарына қайта барып-келуге мәжбүр болды. Жалпы, бүгінде ауылдардағы шаруа қожалықтарының көбісінде үйге, жерге, басқадай да мүліктерге қатысты құжаттары дұрыс еместігін айтқым келеді. Кейбірі дер кезінде құжаттарын қарамаған. Соның салдарынан босқа сабылады. Оған кінәлі ретінде бізді көрсету, меніңше, азаматтыққа жараспайтын қылық.
- Жоғарыда өзіңіз атап өткен «Егін-жай» мен шағын несиелеу бағдарламаларының көздеген мақсаттары қандай?
- «Егін-жай» - көктемгі мезгілде диқандардың егіс жұмыстарына қажетті құрал-жабдық, техникаға қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай, тұқым сатып алуы үшін берілетін несие түрі. Ол 3 миллион теңге көлемінде 13 пайызбен үш жылға дейін беріледі. Жеке кәсіпкерлер үшін шағын несиелеу түрі қарастырылған. Қарапайым шаруа кепілге қоятын мүлкі болса, тоғыз жарым пайызбен 3 жыл мерзімге бір миллион теңгеге дейін қаржы ала алады. Несиенің бұл түрі арқылы өз алдына жеке кәсіп ашып жатқан азаматтар баршылық. Ақтоғай ауданынан В.Свистунов дейтін азамат 900 мың теңге қарыз алып, пластикалық терезе шығаратын жаңа өндіріс орнын құрды. Қашырлық Т.Мамадалиева біздің көмегімізбен бір миллион теңгеге жылыжай құрал-жабдықтарын сатып алды. Павлодар ауданындағы «Белоусова» ЖК болса, жыл сайын көктемде қордан 400 мың теңге қарыз алады. Ол көктемде бұл қаржыға картоп пен көкөніс тұқымдарын сатып алып егіп, ала жаздай өсіреді. Күзде жиналған өнімін сатып, одан түскен пайдадан қарызын өтейді. Осы секілді мысалдар толып жатыр. Бұл екі бағдарлама жыл сайын жалғасын табуда.
- «Сыбаға» былтырғы жылмен тәмамдалып қала ма?
- Жоқ, ол биыл да жалғасады. «Сыбаға» екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің үміт отын жақты. Етті қарамен айналысамын деушілердің тарапынан сұраныс еселей түскен себепті, қор оның мерзімін ұзартты. Биыл біздің облысқа 200 миллион теңгедей қаражаттың бөлінетіні белгілі болып отыр. Дегенмен, ол жыл ішінде еселене түсуі де ғажап емес. Қазірдің өзінде оған қатысуға ниет білдіріп, өтініш түсіріп жатқандар бар. Өз шаруашылығын кеңейтудің амалын, дамудың жолын іздеген азаматтар үшін үлкен мүмкіндіктер туындап отыр. Осындай сәтті қалт жібермей, уақытында, ретімен пайдаланып қалғандарыңыз абзал дегім келеді шаруа ағайынға.
- Ендеше, игі бағдарламаның негізгі шарттарын шаруалардың есіне салып қойсаңыз...
- «Сыбаға» несиесі тек қана мал шаруашылығымен айналысатын, соның ішінде етті бағыттағы ірі қара өсіруші жеке кәсіпкерге, шаруа қожалығына, фермерлік шаруашылыққа және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге беріледі. Және бұл қаржы тек етті бағыттағы сиырлар мен ұрықтандырушы аталық мал, яғни, асыл тұқымды бұқалар алуға жұмсалуы тиіс. Несие алушы берілген қаржыға тек сиырлар мен бұқаларды сатып алып қана қоймайды, оны өсіріп, өндіріп, етті бағыттағы сиырлардан тұратын табынға айналдырады, болмаса, бордақылау алаңдарына тапсырады.
Несиенің көлемі 1 миллион теңгеден 18 миллион теңгеге дейін (былтыр 7,5 миллиион теңгеге дейін ғана берілген) жеті жылға 6 пайыздық үстемемен беріледі. Комиссиялық ақы ұсталмайды. Кепілдікке шаруаның жағдайына қарай, жылжитын және жылжымайтын мүліктер алынады. Ол дегеніміз – ауылдық тұрғынның үйі, қарауындағы жері, мал ұстайтын қорасы, техника, басқа да ғимараттар. Егер қарыз алушының өзінде кепілге ұсынатын мүлкі болмаса, екінші тұлғаның меншігіндегі нысанды, яғни ата-анасының немесе аға-інісінің мүлкін қоя алады.
Екінші мәселе - несие алушының малды бағып-күтуге қажетті мүмкіндігі, қора-қопсысы, суат көзі, мал азығының берік қорын жасақтайтын жағдайы, мал жайылымы (бұл жерде бірігіп шаруа жүргізу жөніндегі келісімшарт арқылы да болады) болуы міндетті. Шаруашылықтың төңірегіндегі малдәрігерлік-санитарлық ахуалдың талапқа сай болуы есепке алынады.
Ерекше ескеретін жағдай - «Сыбағадан» несие алатын шаруаның бұрыннан малы болуы тиіс. Ол малдың саны несиеге алынатын мал басының 50 пайызын құрауы керек. Яғни, сіздің он бас ірі қараңыз болған жағдайда малыңызды тезірек көбейткіңіз келсе, қалауыңыз бойынша, жиырма басқа дейін сиыр немесе қашар, болмаса бұқа сатып алуға несие рәсімдеуіңізге болады. Осы тұста көңіл аударатын бір мәселе бар. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал сатып алатындарға жергілікті атқарушы органдар, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері малды қайдан, қай шаруашылықтан, серіктестіктен алуға болатындығы жөнінен көмектесуі керек. Ол малдардың жынысы, жасы, тектілігі, өнімділігі, яғни барлық сапалы өлшемдері көрсетілген ақпараттар жиынтығы компьютерлік базада тұрғаны жөн. Қарапайым тілмен айтқанда, несие иесіне малды «шертіп тұрып» таңдап алуға толық мүмкіндік туғызылуы тиіс. Ал малдың сапалық өлшемдерін «Қазагромаркетинг» секілді бағалаушы компаниялар белгілейді.
Құжат жинау, тапсыру талаптарын білу үшін қордың филиалына келудің қажеті жоқ, жергілікті ауыл әкімдері, ауыл шаруашылығы мамандары барлық ақпаратты біледі. Құжатыңызды да солар арқылы өткізе аласыз.
Бағдарламаның басты ерекшелігі, пайыздық мөлшерінің аздығы дер едім. Шаруашылықтар алғашқы екі жылда ешқандай қаржы қайтармайды. Ал бұл уақыт ішінде шаруаны дөңгелетіп, мал басын біршама арттырып алуға болады. Оның үстіне алғашқы төлдері де жетіледі. Сондықтан мемлекет берген қаржыны қайтаруға да қиналмайды. «Ештен кеш жақсы» деген халқымыз, былтыр несие рәсімдеуге үлгере алмағандар, биыл бағын сынап көрулеріне әбден болады.
- Әңгімеңізге рахмет!
Мұрат АЯҒАНОВ.
Осыдан екі-үш жыл бұрын жұртшылық баға мәселесін жиі сөз етіп, «жұмыртқаның бағасы қымбаттады», «ет пен көкөністің құны шарықтап кетті», «күнделікті ішіп-жемнің құны көтеріліп жатыр» деп алаңдасатын. Әсіресе, аз ғана зейнетақымен күнелтетін қарттар үшін базардағы бағаның шарықтауы қиындық тудырғаны рас...
Oның үстіне, қалаларда ауыл шаруашылық тауарларының аздығы, соның ішінде көкөністің сырттан тасылып әкелетіні де бағаның ырықсыздануына жол беріп келді. Бұл мәселеден соңғы жылдары ауыл шаруашылығындағы көптеген қайта өңдеу өндірістерінің іске қосылып, жаңадан заманға сай көкөніс қоймаларының салынуы құтқарды. Енді өзіміздің өсірген көкөнісіміз қыс бойына жетеді. Ет, сүт, жұмыртқа, күнбағыс майы, нан өнімдері, сары май, балық, жарма өнімдері, бұрын сирек кездесетін жеңсік тағамдар қазір жеткілікті. Оларды қала тұрғынының дастарқанынан күнде көріп жүрсек те, таңғалмаймыз. Мұны қалай молшылық деп айтпасқа!
Қарапайым халықтың күнделікті жиі тұтынатын тамақ өнімдерінің барынша төмендетілген бағада сатылуын қамтамасыз ету мәселесі өңірде бірінші орында тұр. Тұрғындар жиі шоғырланған елді мекендерде ауыл шаруашылық тауарлары жәрмеңкелерінің ұйымдастырылуы арқылы бұл ретте біраз мәселелер шешіліп, қала орталықтарында жұмыс істейтін азық-түлік базарларына жергілікті шаруалардың өнімдері делдалдар көмегінсіз тұрақты түрде жеткізілуде.
Бағаның ырыққа көнуі апта сайын облыс орталығында және өңірге қарасты екі қалада өтіп тұратын ауыл шаруашылық тауарлары жәрмеңкелеріне тікелей қатысты екені анық. Ауыл мен қаланың ортасында жіптей есілген жәрмеңкенің жетістігі мен нәтижесін, әсіресе, облыс орталығының тұрғындары жақсы сезініп отыр. Әр сенбі сайын қолына дорбасын алып, орталық базар жанында өтетін сауда мерекесіне асығатын жұртшылық қарасы қалыңдап кетеді. Мұндай шараның жиі ұйымдастырылуы табысы төмен отбасылар мен зейнеткерлер, әлеуметтік әлжуаз топтар үшін ерекше тиімді. Себебі, жәрмеңкеде сатылатын кез-келген ауыл шаруашылық өнімінің бағасы базардағыдан кем дегенде 10-15 пайызға арзан.
Кезінде Павлодар қаласының өндірістерінде еңбек етіп, қазіргі күні құрмет демалысындағы Қадыр ақсақал бәйбішесі екеуі сенбі сайын жәрмеңкеге тұрақты баратын шаһар тұрғындарының бірі.
- Бәйбішем екеуіміздікін қосқанда қырық-елу мың теңгедей зейнетақы аламыз. Күнделікті ішіп-жейтінімізге молынан жетеді. Азық-түліктің қымбаттамай, қалада апта сайын ауыл шаруашылық жәрмеңкесінің ұйымдастырылып келе жатқаны – біз секілді зейнеткерлерге үлкен көмек. Қарап отырсақ, қазір базардағы тамақ бағасы былтырғы осы кезбен салыстырғанда біршама төмен. Ауылдан әкеп сатылатын сүт аста-төк. Картоптың келісін қырық, қырыққабатты отыз теңгеден, күнбағыс майының бір литрін 245 теңгеден сатып аламыз. Еттің бағасы да қолжетімді. Жәрмеңкеден сүтті үлкен ыдыспен қотарып әкеп, қолдан айран ұйытамыз, ірімшік жасаймыз. Дүкеннің сұйық айраны секілді емес, үйде ашытылған сүт нағыз дәрумен ғой. Қалада тұрсақ та осындай мүмкіндік барына ризамыз. Осы орайда қазіргі кейбір қиыншылықтарға қарамастан бағаны тұсаулап, делдалдарды ырықтап, біз секілді жандардың жағдайын жасап отырған облыс басшылығына өзім сияқты қариялар атынан алғыс айтамын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халқымыз. Осындай игі істерді көре отырып, үндемей қалу жараспас,-дейді зейнеткер.
Облыс орталығына әр сенбі сайын аудандардың кезектесіп өнім жеткізіп тұруы екінші қырынан ауылдағы ағайындардың өз өнімін өткізуіне жол ашты. Өңірдің ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер былтыр Астана қаласында өткен Павлодар облысы күндерінде «Кереку-Баянауыл» атты жәрмеңкеге белсене қатысып, астаналықтарды сапалы да тіл үйіретін тағамдарымен тамсантып қайтқандары да есімізде. Оған қоса, «Қараөткел-2011» ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде өңірден апарылған өнімдеріміз ұйымдастырушылар тарапынан жоғары баға алды. Ендеше, жәрмеңке бұл ретте ауылдағы өнім өндірушілер арасында сапа бәсекелестігін тудыруда деп айтуға да болар.
Жалпы, былтыр аймақта ауыл шаруашылық тауарларының 102 жәрмеңкесі өткізіліп, оларда 1 миллиард теңгеден астам өнім сатылған. Бір қуантатыны, оның нәтижесінде облыс орталығында балық өнімдері де көбейіп, ол жұртшылыққа қолжетімді бағамен сатылып келеді. Былтыр облыс бюджетінен Қашырдағы балық питомнигіне 12 миллион теңге субсидия берілсе, биыл 13 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр. Бұйыртса, питомник осы жылы өз өнімдерін жәрмеңкеде таныстырып, басқа жақтан келіп жатқан балықты сөреден ығыстырады.
Мұрат АЯҒАНОВ.
|
облыстық басылым ұжымы Павлодар ауданында болды
Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы осы аптада шығармашылық кешпен Павлодар ауданына қарасты Шақат ауылында болды. Облыстық басылым өңір тұрғындарының қашанда жанынан табылатын, сырлас серігі екендігін тағы бір танытты.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында газеттің балалар мен жастарға арналған қосымшалары - «Айналайын» мен «ЖАС times»-тың бетінде жарық көрген мақалалар іріктеліп, жинақ жарық көрген болатын. Павлодар ауданы ауылдарынан жиналған жұртшылық алдында аталмыш жинақтардың тұсауы кесіліп, бірнеше данасы жергілікті кітапхана қорына, мектептерге табыс етілді. Сондай-ақ, «Айналайынның» аудан бойынша жас тілшілері басылым тарапынан марапатқа ие болды. Балалардың қамқоршысы, қолдаушылары - ата-аналары да марапаттан құралақан қалған жоқ. Ал аудандық «Заман тынысы» газетінің редакторы Роза Мұстафина «Сарыарқа самалымен» тұрақты әріптестік байланыстар үшін марапатталды.
Кеш барысында жиналған жұртшылықпен қызықты ойындар ұйымдастырылып, басылым мен оның тарихына байланысты сұрақ-жауап өткізілді.
Әсем ән мен шуақты жыр төгілген шығармашылық кештің құрметті қонағы, ұзақ жылдар «Сарыарқа самалында» қажырлы еңбек еткен аймағымызға белгілі қаламгер Бақыт Баймұратұлының тағылым мен танымға толы, терең сырлы әңгімесі жұртшылықты ерекше баурап алды. Қазақ халқы тарихының әр кезеңінен ой тербеген ардагер газеттің қашан да елдің көзі мен құлағы, қоғамға бойлап, тани түсетін айнасы екенін баса атап өтті.
Павлодар аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Қайрат Қабылбеков шараға арнайы қатысып, көпшілікті алдағы мерекемен құттықтады.
Көңілді өткен кеште Шақат ауылының әкімі Темірболат Қанкин: «Облыстық басылым - қашан да біздің үйіміздің төрінен табылатын сүйікті газетіміз. Жыл сайынғы жазылу науқанына біздің ауыл тұрғындары барынша белсенді түрде атсалысады» - деді.
Шара соңында жұртшылық тілшілермен бірге «Атамекен» әнін қосыла шырқап, өнерпаз журналистерге алғыстарын жеткізді!
Жарқынбек АМАНТАЙ,
Павлодар ауданы.
Облыстық «Сарыарқа самалы» газеті тарапынан марапатқа ие болған оқушылар мен олардың ата-аналары:
Жоламан Ахметов, 5-сынып оқушысы, Коряковка ауылы.
Анасы Анар Ахметова.
Зарина Бычелова, 5-сынып оқушысы, Коряковка ауылы.
Анасы Айгүл Хамзина.
Нұржан Байызбаев, 5-сынып оқушысы, Красноармейка ауылы.
Анасы Гүлсім Байызбаева
Жанель Нарботаева, 6-сынып оқушысы, Заңғар ауылы.
Анасы Маржан Шәріпова.
Шарбақты ауданы - Ертістің Павлодар өңіріндегі экономикалық әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Өңір тұрғындары ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын толайым табыстармен қарсы алуда.
Аудан экономикасының негізгі саласын ауыл шаруашылығы құрайды. Оның басым бағыттары астық өсіру және мал шаруашылығы болып табылады. Қазіргі таңда қарағайлы өңірде 22 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 227 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын Красиловка ауылындағы «Желнеркевич» шаруа қожалығы алдағы уақытта өзінің тағы бір бөлімшесін ашпақ. Тары дақылын өңдейтін жаңа зауыт Сосновка ауылында бой көтеруде. Бұл - аймақтағы тары жармасын шығаратын екінші ірі өндіруші болмақ. Оны 2012 жылдың тамызында іске қосу жоспарланып отыр.
Аталмыш ауылдың әкімі Виктор Сәрсенбиновтің айтуынша, «Желнеркевич» шаруа қожалығы жаңа зауытының ашылуы өлкенің экономикалық әлеуетін арттыруға қомақты үлесін қоспақ. Жарма тарту зауытының құрылысы екі жылдан астам уақыт бойы жүргізілуде. Заманауи талаптарға сай құрылғылар Қытайдан жеткізілген.
- Кәсіпорын өндіретін жоғары сұрыпты өнім нарықта сұранысқа ие. Болашақ жарма тарту зауытының өндірістік қуаттылығы – тәулігіне 12 тоннаға дейін болады деп жоспарлануда, - дейді өндіріс шебері Виктор Круглов. - Айта кетерлігі, бұл зауыт болашақта қарақұмық, арпа сынды дәнді-дақылдарды өңдеумен де айналыспақ. Барлығы сұранысқа байланысты.
Орловка ауылдық округіндегі «Победа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1999 жылы құрылған. Кәсіпорын жұмысының бір бағыты «Күрең дала сиыры» және «Симментал» асыл тұқымды қара малын өсіру болып табылады. Жуырда кәсіпорын 400 ірі қара малға шақталған қазіргі заманғы сүт фермасын ашқан. «Победа» ЖШС директорының мал өсіру бойынша орынбасары Григорий Сапешконың айтуынша, жаңа сүт кешенін тұрғызуға 260 миллион теңге жұмсалды. Кәсіпорынның өз қаражатына ашылған кешенде үш мыңнан астам ірі қара мал бар. Оның ішінде 799 сиыр – асыл тұқымды. Сондай-ақ, кешен қоймасында 2 жылға жететіндей мал азығы сақтаулы екен.
- Сүт кешені жоғары сапалы өнім шығаруға негізделген. Өнім күнде облыс орталығындағы «Сүт» АҚ-на жеткізіледі. Сүттің майлылығы 4,2-4,3 пайызды құрайды. Келешекте асыл тұқымды мал санын ұлғайту мақсатында Ресейдің Новосібір облысының шаруаларынан 200 бас ірі қара малды сатып алуды көздеудеміз. Оған мүмкіндік бар, - дейді Г.Сапешко.
Сүт сауу блогында заманауи құрылғылардан басқа сыйымдылығы үлкен сүт қоймасы, жұмысшылар үшін арнайы қызмет бөлмелері де қарастырылған. Қазіргі кезде сүт кешенінде екі сауыншы жұмыс істейді. Жалақы көлемі - 90-100 мың теңге. Сауу жұмыстары қол еңбегін талап етпейді, барлығы автоматтандырылған. Тіпті, 8 миллион теңгеге мал азығын тасымалдау құрылғысы сатып алынған.
Шарбақты ауданында «Жұмыспен қамту - 2020» стратегиялық бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарды табысты экономикалық еңбекке тартуға негізделген мақсат-міндеттерді орындаумен өңірдегі жұмыспен қамту орталығы айналысып келеді.
Аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Гүлмира Смайылханованың айтуынша, халықты тұрақты еңбекпен қамту ісін жүзеге асырушы мекеме мен бағдарламаға қатысушы арасында әлеуметтік келісім жасалған. Бүгінгі күні бағдарламаның бірінші бағыты, яғни тұрғылықты жері бойынша кәсіби дайындықтан өткізуге, еңбекпен қамтуға, сондай-ақ, азаматтың жеке ісін ұйымдастыруға қолдау көрсету бойынша 107 шарбақтылық азамат өтініш білдірген. Атап айтқанда, кәсіптік дайындықтан өту мақсатында 27 азамат облыс орталығына жіберілсе, 55 жұмыссыз қайта дайындық курстарында білімдерін жетілдіруде. Сонымен қатар, Павлодар қаласында 15 адам біліктілігін жоғарылатуда. Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Светлана Кайсаримованың айтуына қарағанда, қазіргі кезде қайта даярлық курстарына жіберілген 20 электр дәнекерлеуші, 20 автомобиль жөндеуші слесарь және 15 тракторшы маман Шарбақты ауылындағы №24 лицейде өндірістік тәжірибеден өтуде.
Александр Циммерман - мемлекет қолдауын мүлт жібермей, бағдарламаның игілігіне қол жеткізген азаматтардың бірі. Аудандық №24 кәсіптік лицейін құрылысшы-шебер мамандығы бойынша тәмамдаған ол үш айлық дайындық курсынан соң, жергілікті «Әлімбаев» жеке кәсіпкерлігінде өндірістік тәжірибеден өтуде. Кейін тұрақты жұмысқа орналаспақ.
- Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының, әсіресе, жастар қауымы үшін тигізер пайдасы зор. Менің мамандығым бойынша тұрақты жұмысқа орналасу қиынға соққандықтан, аталмыш бағдарламаға қатысуға өтініш білдірдім. Сөйтіп, еңбек нарығында сұранысқа ие газ-электр дәнекерлеуші мамандығының иесі атандым. Ендігі кезекте тұрақты жұмысқа тұрып, туған ауылымда еңбек етемін, - дейді А.Циммерман.
Аудан орталығының тұрғыны Константин Гринченко да - өз ісін дөңгелетіп жүрген азаматтардың бірі. Ол аудан тұрғындарына фотосурет және бейнефильмге түсіру қызметтерін ұсынуда. Осы кәсіппен айналысқанына екі жылдан астам уақыт болыпты. Константин тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, бәсекеге қабілетті маман атану мақсатында «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша несие алуға бел буған. «Кәсіби түсірілімге арналған сапалы құрылғыларды сатып алу үшін 750 мың теңге көлемінде несие алдым. Пайыздық жағынан тиімділігі мол. Алдағы уақытта фотостудия ашпақпын. Жалпы, алға қойған мақсаттарым көп. Солардың бірі - жаңа жұмыс орындарын ашу», - дейді ол. Бұл ауданда жеке ісін ұйымдастыру арқылы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға және ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға негізделген екінші бағыт бойынша шағын несие түрінде 36,7 миллион теңге бөлінген. Өтініш білдірген 18 азаматтың 10-ына несие беру ұйғарылды.
Шарбақты ауданына қарасты Шалдай және Хмельницкий ауылдық округтерінде экономикалық әлеуеті төмен бірқатар ауылдар бар. Осындай елді мекен тұрғындарын өңірдің экономикалық белсенді орталықтарына көшіру мақсатында аудан орталығында, Орловка және Александровка ауылдарында әрқайсысы екі пәтерлік 14 тұрғын үй салынып жатыр. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша салынып жатқан нысандар құрылысына 142 миллион теңге бөлінген. Болашақта 28 отбасы осы үйлерге қоныстанады деп жоспарлануда.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.
Шарбақты ауданы.
 СейсенбікүніоблысәкіміБақытжанСағынтаевжұмыссапарыменМайауданындаболды. АймақбасшысыауданәкіміНығманПішенбаевпенбірқатарауылдық округтердіаралап, әлеуметтікнысандардыңтыныс-тіршілігіментанысты.
АлдыменМалайсарыауылдықокругінеқарастыАқсарай, Жаңасарайауылдарындаболды. ЖүзелугежуықтұрғыныбарЖаңасарайауылындахалыққаүшжылданберімедициналықпунктқызметкөрсетуде. Тұрғындарғадәрі-дәрмекуақытылыжеткізіліп, алғашқымедициналықжәрдемкөрсетілетінорынкелержылықажеттіқұрал-жабдықтарментолыққамтылмақ. МедпунктмедбикесіА.Балтабаеваауылданегізіненжүрек-қантамырларыауруыменауыратындаржиікездесетіндігінатапөтті. 2010 жылдыңжелтоқсанайында ауылдықмәдениетүйіашылып, түрлімерекелікшараларөткізіліпкеледі. Ауылдықкітапханадаосығимаратішіндеорынтепкен. Аталмышмекемелерқызметіментанысқаноблысбасшысымәдениетүйіндегікейбірескіріпқалғанқұралдардыжаңартудытапсырды.
1926 жылыіргесі қаланғанМалайсары- Майауданындағыіріауылдардыңбірі. Бірержылбұрынмұндағыауылдықмәдениетүйіапаттыжағдайғатапболған. Мекемеғимаратыныңшатырындауылжұлыпкеткенболатын. Нысандықалпынакелтіруүшінаудандықбюджеттен15 миллионтеңгедейқаржыбөлініп, тиістіжұмыстаржүргізілген. АталмышғимаратқабарғанБ.Сағынтаевмолқаражатбөлінгенжөндеужұмыстарыныңауқымынакөңілітолмайтынынатапөтті. Деседе, ғимараттыңкүрделіжөндеуденсоңкөпшіліккеесігінайқараашуы- халықүшінерекшеқуанышболғандығын, жұртшылықтыңбарлықмерекелікойын-сауыққаатсалысыпжатқандығынайтқанауылтұрғыныБалтабайЖетібаевақсақалоблысәкімінезоралғысынжеткізді. МәдениетүйіауылдаелТәуелсіздігінің20 жылдығынтойлауғаәзірленуде.
Мұндағы ортамектептіңхал-ахуалыментанысқаноблысәкімібиылғыжылыМайжәнеЛебяжіаудандарынаоблысбюджетіненарнайықаражатбөлініп, компьютерлерсатыпалынғандығынатады, мұныңболашаққадегенқамқорлықекендігінетоқталды. Аталмышбілімошағыныңөткенжылғытүлектерінің ҰБТ-дажинағанорташабалы88-діқұрап, біроқушы Астанақаласындағы«Назарбаевуниверситетінде» білімалумүмкіндігінеиеболған. Мектепалдағыуақыттадабілімкөрсеткіштерінарттыратүсудімежееткен. Биылғыоқужылындабір«Алтынбелгіге» үміткержәнетүрлідеңгейліжарысжеңімпаздарыҰБТ-даөзбақтарынсынамақ.
Бүгіндеауылдыңмедициналықамбулаториясындатұрғындарүшінқажеттібірқатаржағдайларқарастырылған. Майауданында«Жұмыспенқамту– 2020» бағдарламасыныңаясындаигіістержүзегеасуда. АуданорталығыКөктөбеменБаскөлауылдықокругіндеқажеттімамандықиелерінкөшіріпәкелуүшінжалпыаумағы700 шаршыметрдіқұрайтын5 тұрғынүйсалыныпжатыр. ӘрқайсысыекіпәтерліүйлердіңтөртеуіКөктөбедетұрғызылуда. Жергіліктімекемелермен шаруашылықтыдамытуғақажеттімамандардыдаярлау, біліктіліктерінарттырумақсатында110 адамтүрліоқуорындарындабілімалуда. Ауданорталығынаалысауылдарменбөлімшелерденонотбасыкөшіріліпәкелінбек. АудандықжұмыспенқамтуорталығыныңдиректорыСерікТілеубековүстіміздегіжылдыңжелтоқсанайыныңбасындаәзірболатынүйлерге азаматтаралдағыжылдыңбасынанорналастырылатынынатапөтті.
Ауданорталығындағы«Ақбота» балабақшасы70 баланықамтыпотыр. Б.Сағынтаевбалабақшаүйініңахуалынакөңілітолғандығынжеткізді. Жақында3 миллионтеңгеқаржыбөлініп, барлыққажеттіқұрал-жабдықтаралынғанмекемедебүгінде бүлдіршіндердіңжасерекшеліктерінеқарайтөрттопжұмысістеуде. ОблысәкіміМайауданындаерекшежолғақойылғанмектепкедейінгібалалардыбалабақшаменқамтуісінеоңбағасынберді. «Бүгінде83 пайызғажеткенбұлкөрсеткіштіарттырудыжалғастырамыз», - дедіМайауданыныңәкіміН.Пішенбаев.
Көктөбедеорталықтандырылғанжылуберужүйесі 5 жылбұрынсалынғанболатын. Биылғыжылы20 миллионтеңгебөлініп, үшжаңақазандықалынды. «Бүгіндебұлқазандықтаршығындыүнемдеугемүмкіндікберіпотыржәнежылуқуатыдаартты», - дейді«Май- сервис» коммуналдықкәсіпорныныңдиректоры А.Оспанов. Облысбасшысы9 бірдей ірімекеменіжылуменқамтыпотырғанаталмышкәсіпорынжұмысынаоңбағаберді.
КейінгіуақыттаМайауданындаспорттыңәрсаласынантүрлідеңгейліжарысжеңімпаздарыкөптепшығыпжүр. АудандықбалаларменжасөспірімдерспортмектебініңдиректорыА.Айткеновқолжеткізгенжетістіктеріментаныстырыпөтті. Әсіресе, мектептіқажеттіқұрал-жабдықпенқамтудабірқатарістердіңатқарылғандығынтілгетиекетті. «Жылыдажайлыспортзалдарындакүрескілемдерітөселіп, біліктіжаттықтырушылартұрақтытүрде жаттығуларөткізіпкеледі. Соныңарқасындаәлемдікдеңгейдетопжарғанпалуанжігіттершықты. БізалдағыуақыттадаҚазақстаннамысынқорғайтынжасөспірімдердішынықтырабереміз» - дедіспортмектебініңдиректоры. Облысбасшысыаталмышбағытқа қашандақолдауменқамқорлықтыңқажетекендігінбасаатапөтті.
«Майауданымалшаруашылығынжолғақойғанөңірболыптабылады. Аталғанбағытта«Сыбаға» бағдарламасындамытудықолғаалғандығынкөріпотырмыз. Елбасыныңтапсырмасыболыптабылатын«Жұмыспенқамту– 2020» бағдарламасынжүзегеасырубағытындадатыңғылықтышараларжүргізілуде. Әрсаладаболыпжатқанжетістіктердібайқапотырмыз. Ауданғажасағанбұғандейінгісапарларымнанкейінгіуақытішіндекөптегенжаңабастамалардыңқолғаалынғаны, халықтыңхал-ахуалыартыпкележатқаныаңғарылады» - дептүйіндедісапарыноблысәкіміБ.Сағынтаев.
Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ,
Май ауданы.
Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады. 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең. Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңгелік несие ресурстарын бөледі.
ҚР Президентінің Жолдауынан.
Қазақ халқы қашаннан төрт түлік малды береке мен байлықтың басы санап, көп игілігін көріп келді. Маңғаз жатқан маң далада ата-бабаларымыз ежелден мал өсіріп, оны тікелей тірлік-тіршіліктің тиімді көзіне айналдыра білді. «Мал - елге құт» деген сөз бар дана халқымызда. Төрт түліктің берекесін игілігімізге пайдаланып, ұлттық экономиканың бәсекелестікке қабілетті салаларының біріне айналдырсақ, нұр үстіне нұр болмақ.
Мемлекет экономиканың тұрақты өсіміне сүбелі үлес қоса алатын агроөнеркәсіп кешеніне соңғы жылдары жүйелі қолдау көрсетуде. Әсіресе, мал шаруашылығын өркендетуге айрықша көңіл бөліне бастағанын атап өткен абзал. Соның ішінде Президентіміздің ел шаруалары алдына қойып отырған ет бағытындағы мал басын көбейту, сапалы ет өндіру жөніндегі тапсырмасы артықшылыққа ие.
Жалпы, етті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі Үкімет белгілеген жоба шеңберіндегі мақсаттар ауқымды. Соның бірі - республикамыздағы өнімді көп беретін асыл тұқымды мал басын ұлғайту болса, екіншісі - етімізді көрші нарықтарға көптеп шығару. Осы орайда 2016 жылға қарай елімізден экспортталатын ірі қара мал етінің көлемін 60 мың тоннаға, ал 2020 жылға дейін 180 мың тоннаға жеткізу көзделуде. Егер осы міндеттерді орындасақ, саланың бәсін арттырып қоймай, мол пайда табатын боламыз. Әрине, айтуға оңай болғанмен, бұл өте күрделі проблема және жүйелі түрде айналысуды қажет етеді.
Етті мал шаруашылығын дамыту үшін кезек күттірмес бірқатар кешенді мәселелерді шешу керек. Соның бірі - заманауи технологиялармен жабдықталған мал бордақылайтын алаңдарды салу. Бұл мәселені түбегейлі бір жақты етпейінше, сыртқы нарықтарға ет импорттау қиынға соғатыны анық.
Ежелден төрт түліктің өсуіне қолайлы өңір саналатын Баянауыл ауданында бүгінде мал шаруашылығының ет бағытындағы әлеуетін құру өміршең деп танылып отыр. Жергілікті сала өкілдері де бұл ретте бастамашылдығымен танылғандарын атап өткен абзал. Аудан оның үстіне төрт түліктің саны бойынша облыста көш бастап тұр. Соңғы дерек бойынша, көрікті мекенде 70 мыңнан астам қара мал, 160 мыңға жуық қой-ешкі және 18 мыңнан астам жылқы өсіріледі. Баянауылдық мал етінің сапасы да аймағымызда ерекше бағаланады. Осы артықшылықтарды ескерген жергілікті мал өсірушілер мемлекет тарапынан жасалатын қолдауды пайдаланып, заманға сай мал қоралары мен бордақылау алаңдарын тұрғызуға талпынуда.
Асыл түлік төлден туады
Атап өтелік, ауданда қазіргі күні «Асылдандыру» атты өңірлік бағдарлама жүзеге асуда. Бұл - республика бойынша баламасы жоқ және облыстағы аудандар ішінде тұңғыш қолға алынып отырған жоба. «МТС Жайма» ЖШС шаруа қожалықтарына биыл 86 бас асыл тұқымды бұқа таратты. Шаруашылықтар алған сегіз-тоғыз айлық еркек төлдің салмағына байланысты келер жылы есеп айырысатын болады. Ірі қара малды асылдандырудың ең тиімді, әрі ұтымды жолы болып отырған «Асылдандыру» бағдарламасына ерекше маңыз беріліп, үміт артылуда. Ол арқылы жеке қолдағы төрт тұяқтылардың тұқымын жаңарту көзделуде. Бүгінде өңірдегі қара малдың жетпіс пайызы жеке үй-жайларға тиесілі. Сондықтан бағдарлама ары қарай жетілдірілетін болады. «МТС Жайма» серіктестігі бұл өңірдегі асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесіне ие үш шаруашылықтың бірі.
Баянауылдың жылы-жұмсағы импортқа шығады
Аудандағы Қаратомар ауылында бүгінде «МТС Жайма» шаруашылығы негізінде ет өңдейтін кәсіпорынның құрылысы салынып жатыр. Негізінен бұл елді мекен аудан орталығынан жүз отыз шақырымдай қашықта орналасқан. Десек те, бұл аумақтағы құнарлы жайылымдардың молдығы әрі жерінің қолайлылығы мен қолда бар инфрақұрылым сапалы ет өндірісіне жол ашады дейді ауылшаруашылық мамандары. «МТС Жайма» бұған дейін негізінен егін өсірумен шұғылданып келген шаруашылық болса, енді малды бағып-қағуға ерекше ден қоюда. Қазіргі күні серіктестікте «7000 бас асыл тұқымды қазақтың ақ бас ірі қара малын, оның ішінде 2500 бас аналықты бір мезгілде ұстауға арналған инфрақұрылымы дамыған мал шаруашылығы кешенін құру» жобасының құрылысы басталды. 2015 жылға дейін межеленген жоба аясында мың бас ірі қара малды бір мезгілде бордақылайтын алаң мен еуростандартқа сай қондырғылармен кесек еттерден вакуумдық орама жасайтын мал сою цехы да пайдалануға беріледі. Бұл мақсатты бағындыру үшін серіктестіктің басшысы, іскер азамат Батырбек Алдабергенов «ҚазАгроҚаржы» АҚ-нан 1,5 миллиард теңге көлемінде несие сұрап отырған жайы бар. Егер аталған шаруалар толығымен жүзеге асса, келешекте Ресей нарығында баянауылдық етті ұялмай таныстыратын боламыз.
Қазіргі күні Б.Алдабергеновтың басшылығымен серіктестікке шетелден асыл тұқымды мал сатып әкелу жоспарлануда. Қаржы мәселесі оңтайлы шешілсе, АҚШ елінен 600 бас асыл тұқымды Абердин-Ангус қара малын, Ресейден герефорд сиырын әкеледі. 600 миллион теңге қаржы тек мал сатып алуға жұмсалады делінуде.
Баянауыл аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Ахмет Серкебаевтың айтуына қарағанда, Абердин-Ангус қара малының еті аса дәмді әрі тез пісуімен ерекшеленеді. Күніне 850-900 грамм салмақ қосатын қасиеті бар, сойғанда 250 келі таза ет өндіріп алуға болады екен.
Шетелден әкелетін асыл тұқымды қара малдың күйін жоғалтпай ұстап тұру үшін Қаратомар ауылында қазіргі күні үлкен кешендер тұрғызылып, инфрақұрылым тартылуда. Ал ет өңдеу комбинатына келіп жұмыс істейтін білікті мамандарға арналып тұрғын үйлер салынып, бар жағдайлары жасалмақ. Жалпы, аталған жобалар толығымен жүзеге аса қалған уақытта жаңадан құрылатын жұмыс орындарына негізінен жергілікті ауыл тұрғындары алынатын болады. Қазіргі күні серіктестік басшысы Б.Алдабергенов кейбір азаматтарды курстарға жіберіп, шетелдік технологияның тіліне үйретуде.
Ауданда етті мал шаруашылығын дамытуға ынта танытып отырған шаруашылықтардың тағы бірі – «Баян Орда» ЖШС. Басшысы Мұрат Кенжебаевтың сөзіне қарағанда, қазіргі күні асыл тұқымды мал сатып алу үшін «Мал өнімдері» корпорациясымен 2 миллион АҚШ доллары көлемінде несие бөлу туралы келіссөз жүргізілуде. Шаруашылықтың ұсынып отырған жобасы бойынша Ұзынбұлақ округі аумағынан 4 мың ірі қараға арналған асыл тұқымды мал шаруашылығын құру көзделуде. Оның ішінде бір мың бас мал ұсталатын бордақылау орны ашылады. Шаруашылық құрылымының есепшотында бүгінде 300 миллион теңгедей қаражат пен қажетті техникалар бар. Мемлекет тарапынан қосымша қаражат бөлінсе, жобаны іске асыруды бірден бастап кетпек.
Жайылымы болмаса, мал азады
Мал шаруашылығын дамытуға қатысты түйткілдер шетелден асыл тұқымды түлікті сатып әкелумен шешілмейді. Келесі мәселе – жемшөп құнарын арттыру қажет. Красноармейка ауыл шаруашылығын ғылыми-зерттеу институтының директоры Б.Ермұратовтың пікірінше, ет бағытындағы мал шаруашылығын өркендетудің маңызды тетіктерінің бірі - жемшөп өндірісі. Қазіргі күні облыста жемшөп өндірісінің даму қарқынына көңіл толмайды, ол мал шаруашылығының сұранысын қанағаттандыра алмайды және болашақта мал өнімдерін қарқынды өндіруді тежеуі мүмкін. Жоғары сапалы жем өндіруге қажетті жер мен мүмкіндік бізде мол.
Бұл ретте құрама жемнің маңызы да ерекше. Өйткені, бүгінде сапалы да құнарлы жем өндіру толық шешімін таппай отыр. Мал азығы үшін пайдаланылатын бидайдың мөлшерін төмендетіп, далада өсірілетін жүгері, арпа және бұршақ дақылдарын өндіруді дамыту қажет. Сонымен бірге, болашақта өнім көлемін арттырумен қатар, мал азықтық дәннің құрылымын тұрақты қалыпқа түсіру қарастырылса. Бидайды мал азығына пайдалануды күрт азайтып, арпаны, сұлыны, тарыны және сонымен бірге, қуатты да құнарлы, ақуызға бай бұршақ пен жүгеріні қолдануды көбейту керек. Жемшөп өндірісін дамыту үшін ғылыми-тәжірибелік және ұйымдастыру шаралары жүргізілуі тиіс, деп есептейді жергілікті ғалымдар.
Ендеше, бастамашылдығымен танылып отырған баянауылдық мал өсірушілер келешекте бұл мәселеге де назар аударады деген сенім зор.
Мұрат АЯҒАНОВ.
Баянауыл ауданына бара жатқан жолда қанатын кеңге жайған Майқайың кентін көзге ілмеу мүмкін емес. Елді мекен әйгілі алтын кенішімен, әктас шығаратын өндіріс орынымен мақтанады. Түрлі ұлттың өкілдері қоныстанған елді мекенде игі істер жетерлік. Ауылда жаңаша әрі тың қарқынмен алға басып келе жатқан кәсіпорындардың бірі – «Кең дала» ауылдық тұтынушылар кооперативі.
Аталған құрылымды Гүлнәр Шәйзадақызы Тоқпаева басқарады. Ал оның жолдасы Ермұрат Жұмабекұлы «Табыс» шаруа қожалығының иесі. 1997 жылы құрылған «Табыс» шаруа қожалығында бүгінде 540 қой, 140 бас жылқы, 270 ірі қара мал өсіріледі. Қожалық иелігінде 1500 гектар жер бар. Шаруашылық ірі қара малды бордақылап, сапалы ет өндіреді. Ал «Кең дала» ауылдық тұтынушылар кооперативінде наубайхана, тәтті тағамдар өндіретін және жартылай фабрикат дайындайтын цехтар жұмыс істейді. Кооператив жүзге жуық ауыл адамдарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
- Жолдасым Ермұрат алғашқыда мал санын арттыруды көздеді. Алайда, оны өсіріп, базарға апарып сату біз үшін тиімсіз еді. Сондықтан екеуіміз ақылдаса келе, жартылай фабрикат өнімдерін шығаратын цех ашуды қолға алдық. Ол үшін алдымен мал бордақылайтын орын жасадық. Өсірген малымызды осында сойып, етінен түрлі өнімдер даярлаймыз. Мұның бір артықшылығы, түліктің барлық етін іске жаратасың. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары да өздерінің төрт түлік малдарын бізге әкеліп тапсырады. Мал бордақылайтын орында он малдың еті сыйып кететін әрі етті бір қалыпты температурада ұстайтын тоңазытқыш орнатылған. Бордақылау орнына түскен мал сойылған соң, бірден жартылай фабрикат өндірілетін цехқа жөнелтіледі,- деп әңгімеледі Г.Тоқпаева.
Жартылай фабрикат дайындайтын цех елуге жуық атаумен түрлі өнім шығарады. Бүгінгі таңда аталмыш цехта қырықтай адам еңбек етеді. Кооператив иесінің айтуынша, мұндағы қызметкерлердің тәжірибесі мол. Жұмысшылардың еңбекақысы уақытылы төленеді. Өнімдер Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Баянауыл ауданы аумағында сатылады. Цех қызметкерлері әрдайым жаңашылдықты қолдап отырады. Мұнда құда мен келін, күйеу мен құдайы қонаққа арналған ет мүшелеріне толы табақтар дайын күйінде сатылады. Г.Тоқпаеваның айтуынша, бүгінгі таңда жас келіндер еттің қандай мүшесін қай табаққа салу керектігін білмейді. Ал жоғарыдағы жаңашылдық олар үшін дайын өнім. Қазанға суды қайнатып, табақтағыны салсаңыз болғаны. Бағасы да қолжетімді. Дүкен сатушыларының айтуына қарағанда, мұндай өнімдер өтімді-ақ.
Ауыл ақсақалы Мұхтар Әбеновтің сөзінше, «Кең дала» ауылдық тұтынушылар кооперативі тек қана өнім өндіріп қоймай, елді мекеннің әлеуметтік өміріне де белсене араласады. Мектепке, балабақшаға көмек қолын созып, сауапты іс тындыруда. Ауылда өтетін мерекелердің де басы-қасында жүріп, белсенділік танытады. «Гүлнәр қарындасымыз өте еңбекқор адам. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген майқайыңдықтарға тұрақты жұмыс орнын ұсынуда. Біз мұны Гүлнәрдің елге, жерге жасаған қамқорлығы деп білеміз», - дейді ақсақал.
Ауылда кооперативтің бірнеше дүкені мен асханасы жұмыс істейді. Дүкендерде негізінен кооператив өнімдері сатылады. «Кең дала» құрылымы кондитерлік өнімдерді шығаратын цехпен мақтанады. Онда тәтті тоқаштар, мерекелік торттар тағы да басқа елуге жуық атауы бар тәттілер дайындалады. Өнімдер Екібастұз қаласында және Майқайың кентінде өткізіледі. Гүлнәр Шәйзадақызының айтуынша, кооператив ендігі кезекте Павлодар қаласына да «ауыз салуды» көздеп отыр. «Дайындалатын өнімдер экологиялық таза өнім. Сондықтан бізге тапсырыс көп түседі. Әсіресе, екібастұздықтар біздің өнімге қызығушылық танытып отыр. Мұндай тағамдарды әзірлеу үшін ыждаһаттылық қажет. Жұмыскерлеріме сенім артамын. Өнімдер сапалы дайындалады. Біздің өнімнен дәм татқан адам, оның тұрақты сатып алушысына айналады»,- дейді кооператив иесі. «Кең дала» ауылдық тұтынушылар кооперативі өз өнімдерін облыстық, республикалық көрмелерге ұсынуды игі дәстүрге айналдырған.
- Мұнда цех алғаш құрылған уақыттан бастап жұмыс атқарып келемін. Әріптестерімнің барлығы тәжірибелі мамандар. Біз шығарған өнімді ауылдықтар, екібастұздықтар жоғары бағалайды. Алдағы уақытта тәтті нан өнімдерінің жаңа түрлерін ойлап шығаруды көздеп отырмыз. Бұған біздің шамамыз жетеді,-дейді кондитерлік цехтің технолог маманы Райхан Әйтімбетова.
«Кең дала» ауылдық тұтынушылар кооперативінің наубайханасында жиырмадан аса адам жұмыс істейді. Мұнда күніне үш мыңға жуық нан пісіріледі. Нан Екібастұз қаласы мен Баянауыл ауданында таралады. Наубайхана меңгерушісі Бақыт Бекешова: «Нанды кәдімгі пеште пісіреміз. Ол үшін екі үлкен пеш жұмыс істейді. Екеуін кезекпен қолданамыз»,- дейді.
«Кең дала» ауылдық тұтынушылар кооперативінің басшысы Гүлнәр Тоқпаеваның сөзіне қарағанда, құрылым жұмыс көлемін ұлғайтуды мақсат етіп отыр. Майқайыңдықтардың мақтанышына айналған кәсіпорынның әлі талай белесті бағындырарына күмән жоқ.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
Баянауыл ауданы,
Майқайың кенті.
|
|