Дәстүрге берік Шалғайдағы ауыл

Баянауыл ауданының шалғай ауылдарының бірі отыз шақты түтіні бар Шоман ауылы тау бөктерлерінің етегін ала орналасқан. Шашырай салынған ақшаңқан үйлер көл жағалай қонған ақ шағалаға ұқсайды. Ауылдың оң жақ қанатында бөлініп қалған бірнеше қамысты көлдер көрінді. Бұл көлдердің де өз тарихы барға ұқсайды. Бұрын бір бай болған екен. Ол он екі ұлына он екі құдық қаздырыпты-мыс. Кейін сол құдықтардың суы тасып, үлкен көлдерге айналыпты. Құрбымның сегіз-тоғыз жасар ұлы маған барын салып, әңгімелеп келеді. Мен ауыл балаларының зеректігіне, әңгімешіл, ашық мінездеріне сүйсінумен болдым. Олардың сөйлегенін қызық көріп, сөйлете бергім келді. Малды ауылдағылардың барлығына жуығы бие байлап, қымыз піседі екен. Жазда қымызға, қыс болса, соғымға шақырып, қонақжайлық көрсетуді әдетке айналдырған. Өзге ауылдардағы тәрізді қонаққа келгендер қызара бөртіп, арақ-шарапты сімірмей, ішімдік орнына майлы қымыздан тамсана ішіп, әңгіме-дүкен құрып қайтады екен. Көшеде мас адамды көрсе, бүкіл ауылға сөз желдей есіп, тарап кетеді екен де, жұрттың бетіне қарауға жүздері шыдамаған күнәһарлар үйден шығудан қалатын болыпты. Содан қайтып, ел көзіне ішкен қалпында көрінбейді екен. Мен бастапқыда сенбедім, әйтсе де, сенуге тура келді. Себебі, бір-бірімен құдандалы, туыстар боп тараған қарға тамырлы қазақ ауылының адамдары жел сөзден қатты намыстанады екен. Тамаша дәстүр! Бұрынғының салтында ел ішіндегі тентектер мен шектен шыққандарды ауылдың үлкендері даналықпен жөнге салатын болған. Ал мына заманда ауылдағы жұмыссыздықты желеу етіп, азаннан қара кешке дейін ішімдікті боздататындар аз ба? Келген қонақ ренжіп кетпес үшін дастарқанға ақшишалар қою да бұлтартпас заңдылыққа айналғалы қашан?!

Аз ғана ауылдың бірлігі мен тірлігі жарасып, өзгелерге өнеге етерлік тұстары көңілге айырықша қуаныш ұялатады. Әйтсе де, тату ауылдың бір әттеген-айы бар көрінеді. Ауыл жастарының демалатын орны болмай, демалысқа келген жастары ауыл ішінен тұрақ таппай, көрші ауылдарды кезіп, кезбе күй кешетін де сәттері бар екен. Балаларының түн қатып көрші ауылдарға барғыштауы ата-аналарды да алаңдатпай қоймайды. Жастар қамын ойлаған ауыл тұрғындары келер жылы «Жол картасы» саясатынан жақсы жаңалық күтуде. Ұстамы дұрыс, дәстүрлі ауылдың игі тілегіне сәттілік тілейік!

Айгүл САИТОВА.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31