Рухани азыққа ықылас алабөтен...
Біреу білер, біреу білмес, Май ауданының Майтүбек ауылында 15 ұлттың өкілі тату-тәтті түтін түтетіп, өзара түсіністікте тірлік кешуде. Кезінде тың және тыңайған жерлерді игеруге келгендердің көпшілігі кейін осы жерде тұрақтап қалған екен. Бүгінде Майтүбек ауылдық округінде 641 тұрғын болса, олардың басым бөлігін зейнеткерлік жастағы немесе сол жасқа таяп қалған адамдар құрайды. Жастардың көбі қалаға қарай жылыстап кетсе керек. Себебі ауылда тұрақты істейтін жұмыс жоқ. Әркім өз ауласындағы азын-аулақ малын өсіріп, соны алданыш етуде. Десек те, ауылдықтар жұмыс жоқ деген сарыуайымнан мүлде ада. Қолдағы малын өсірумен қатар бақша шаруашылығымен де шұғылданады.
Майтүбекте кітапхана, мәдениет үйі қалыпты жұмыс істеп тұр. Жергілікті кітапханашы Елена Ромонюк ханым ауылда кітапсүйер қауым өте көп екенін мақтанышпен жеткізді. Рухани байлық ордасындағы кітап қоры 11 мың данаға жуықтайды. Оқырмандар көбінесе тарихи туындыларды оқығанды қалайды екен.
Биыл Майтүбек ауылындағы кітапханаға жергілікті бюджет есебінен жаңа жиһаздар сатылып алыныпты. Сонау 1960 жылдан бері ауыстырылмаған, әбден тозығы жеткен ескі кітап сөрелері биыл жаңартылған екен. Жаңа үстелдер де кітапханаға жаңаша өң беріп тұр. Ауыл кітапханасының тағы бір жаңалығы – телефон желісінің орнатылғандығы. Алдағы уақытта республикалық бағдарлама бойынша бірыңғай компьютерлендірілген жүйеге қосылатын күн де алыс емес дейді кітапханашы Е.Ромонюк.
Қазіргі кітапхана ғимараты бұрын дүкен, мәдениет үйі болған көрінеді. Былтырдан бері кітапхана ретінде жасақталыпты. Ғимаратқа күрделі жөндеу ауадай қажет екені бірден байқалады. Нысанның төбесі әбден тозған, шіріп тұр. Терезелері де көптен бері жөндеу көрмеген. Кітапханашы Е.Ромонюк: «Әрине, барлық мәселе бір демде шешілмейтіні белгілі, оны жақсы түсінеміз. Биыл жиһаздар алдық, келер жылы тағы да жиһаздар жеткізіледі деп отырмыз. Бірте-бірте ғимаратқа күрделі жөндеу де жүргізілетініне сенімдіміз. Аудандық билік мәселелерімізді жақсы біледі. Мүмкіндігінше қолдау жасап, жәрдем береді деп ойлаймын», - дейді.
Кітапханада арнайы іс-шаралар жиі өткізіледі екен. Қазақстанның дамуы, Елбасымыздың саясаты, жастар тәрбиесі, рухани әлем тақырыптары бойынша мазмұнды шаралар тұрақты ұйымдастырылады, бұл жағынан тежеу жоқ. Түрлі тақырыпты арқау ететін дөңгелек үстел шараларына, әдеби кештерге ауыл қауымы, мектеп оқушылары аса қызығушылықпен қатысатын көрінеді. Биыл республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы шеңберінде Жұбан Молдағалиевтің шығармашылығына арналған қызықты кездесу ұйымдастырылып, ақынның «Мен қазақпын» шығармасы кеңінен насихатталыпты.
Кітапхана жанында «Балалардың шығармашылық клубы» жұмыс істейді. Сонымен қатар «Словение» деп аталатын этнобірлестік те бар. Бірлестік аясында көптеген шаралар қолға алынып, еліміздегі ұлттар достығын, халық бірлігін насихаттауға қомақты үлес қосылып отырғанын көрдік. Балалар клубы тарихи-өлкетану бағытында жұмыс жүргізіп, шәкірттерді ауыл тарихын, мәдениетін зерттеуге, танып-білуге тартады.
Кітапхана ауылдағы мәдениет үйімен де тығыз байланыста жұмыстар жүргізуді жолға қойған.
Тұрмысы түзудің мәдениеті де мәнді
Мәдениет үйі демекші, Майтүбектегі мәдени нысан кеңестік заманда дүркіреп жұмыс жүргізіп, кейін тоқсаныншы жылдардың басында жабылып қалған екен. Нәтижесінде, нысанның мүлкі талан-таражға түскен. Қаңырап қалған ғимарат араға біраз уақыт салып барып, 2009 жылы қайта жанданды. 110 орындық мәдениет үйінің жөндеуіне «Жол картасы» бағдарламасы бойынша және «Бұлақ» бағдарламасы негізінде қомақты қаржы бөлініп, ауқымды жұмыстар жүргізіліпті. Сонымен қатар нысанның жылу қазандығы да күрделі жөндеуден өткізілген. Мәдениет үйінің директоры Гүлмира Уматованың айтуынша, қазір мұнда 8 адам тұрақты жұмыс істеуде. Биыл көлемді қаржыға жаңа жиһаздар алыныпты. Мәдениет үйі жанында вокал, хореография үйірмелері қызмет етеді.
- Ғимаратқа жөндеу жасалды, жиһаздар алынды, жұмыс жақсы жолға қойылды. Тек бір ғана өтінішіміз бар, ол – аспаптардың жетіспейтіндігі. Болашақта мәдениет үйімізге аспаптар алынады деген үміттеміз. Ауыл халқы мәдени іс-шараларға айрықша қызығушылықпен келеді. Шараларға белсенді қатысатын тұрғындарымыз да жетерлік. Мемлекеттің қолдауының арқасында ауылдардағы мәдениет нысандары қайта жанданып жатқаны қуантады. Жергілікті халықтың рухы еселенді, мәдени таным-түсініктері арта түсті, - дейді Г.Уматова.
Мәдениет үйінің кіре беріс залында қылқаламнан туған керемет суреттер орын тепкен. Олардың авторы – Майтүбек ауылының тұрғындары, мүмкіншілігі шектеулі ағайынды азаматтар Виталий және Константин Коморовтар. Жиырманың үстіндегі жігіттер сырқаттығына қарамастан суреттерді шебер салады екен. Майтүбек ауылының әкімі Берік Бекқожин түрлі мерекелік шаралар қарсаңында ағайынды жігіттерге тапсырыс жасап, сурет салғызатындарын, олар өз еңбектерінің ақысын алатындығын айтты. Мысалы, қылқалам иелері Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай «Біз бейбітшілікті саламыз!» деп аталатын суреттер сериясын салып шығыпты. Олардың бәрі мәдениет үйінде алыстан көз тартып тұр.
Бес маман дипломмен ауылға келіпті!
Майтүбектегі фельдшерлік акушерлік пункт көршілес Қаратерек ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға қарайды. ФАП дәрігері Д.Сұлтанова басы ауырып, балтыры сыздаған жергілікті тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлығы бар екенін айтты. Қаратеректегі амбулатория дәрігері аптасына 1 рет Майтүбекке келіп, тұрғындарды қабылдайды екен. Өкінішке қарай, дәрігерлік амбулаторияда жедел жәрдем көлігі жоқ. Тек «Жигули» жеңіл көлігі ғана бар. Онымен сырқаттанған жандарды тасымалдау қиындық туғызады. Жедел жәрдем көлігі туралы мәселе сан мәрте қозғалып, депутаттар тарапынан да сөз болғанын естідік. Сәтін салса, осы жылдың соңына дейін жедел жәрдем көлігі мәселесі шешімін табады деп үміттеніп отыр ауылдықтар. Майтүбекте қазіргі уақытта 4 адам туберкулезбен сырқаттанады. Олар жіті бақылауға алынып, ем шараларын қабылдап жатыр дейді ФАП дәрігері.
Майтүбек ауылындағы орта мектепте жалпы саны 97 оқушы білім алуда. Олардың 59-ы орыс тілінде, 38-і қазақ тілінде білім меңгеруде. Мектеп 2008 жылы 5+1 жүйесі бойынша компьютермен жабдықталған. Сондай-ақ интерактивті тақта да жұмыс істеп тұр. Мектеп директоры Толқын Аманжолқызы соңғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде түлектері орташа деңгейде 78,4 балл алғандығын мақтанышпен жеткізді. Былтырғы оқу жылындағы 3 түлек мемлекеттік білім грантымен жоғары оқу орындарында білім алып жүр екен. Мектеп жыл сайын жаңа жиһаздарға қол жеткізіп келеді. Сонымен қатар тренажерлік зал да жасақталып, жаңа қондырғылармен жабдықталыпты.
Мектепте жалпы саны 67 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Бастауыш сыныптардағы 40 оқушы 100 пайыз тегін тамақтанады.
Білім ордасы оқытудың жаңа талаптарының үдесінен шығып келе жатыр дейді директор. Жаңа буын оқулықтармен, электронды оқулықтармен қамтылған. Мамандар тапшылығы деген жоқ. Айта кету керек, биылғы оқу жылында Майтүбек мектебіне 5 жас маман келіп орналасқан екен. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде жұмысқа орналасқан жас мұғалімдерге аудан тарапынан және ауылдық әкімдік тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. Қазіргі уақытта жас мамандар барлық құжаттарын рәсімдеп, ауданға өткізіпті. Таяу арада олар мемлекеттік қолдау бағдарламасына сәйкес қаржылай көтерме көмегін алатын болады.
Майтүбек мектебіне биылғы оқу жылында мұғалім болып орналасқан жастар атқарушы билікке риза. Динара Бекжанова Инновациялық Еуразия университетінің математика факультетін, Мейрамгүл Серғазина Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының биология факультетін, Аида Алишева Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының физика факультетін, Әділбек Машрапов Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының география факультетін тәмамдаған. Ал Бекболат Қайдаров гуманитарлық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітіріп, Майтүбек мектебіне жұмысқа орналасып, қазір ИнЕУ-де сырттай оқып жатыр. «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылға келген мамандар ешқандай өкінішіміз жоқ дейді. «Ауылда жұмыс істеген бәрімізге ұнайды. Елбасымыз жас мамандарға жағдай тудырып, арнайы бағдарламаны енгізді. Оның игілігін барлық жастар көріп отырғаны сөзсіз. Туған еліміздің қай түкпірінде жүрсек те, тұтастай ел үшін еңбек ететініміз даусыз. Өзім сияқты жастарға айтарым – дипломмен ауылға келіңдер, ауыл үшін еңбек етіңдер!», - дейді Әділбек Машрапов. Оның бұл ойын басқа да әріптестері құптап, қолдады.
Информатика пәнінің маманы Әйгерім Нәбиева үлкен проблеманы бөле-жара атап көрсетті. Өкінішке қарай, күніне 8 сағат интернетке шығу көзделгенімен, Майтүбек мектебі ғаламторға 8 минут та қосыла алмайды екен. Интернетке шығу үшін телефоннан сегіздік номерін теру керек. Бірақ байланыс үзіліп кете беретін көрінеді. Осылайша, жиырма бірінші ғасырда Майтүбек мектебі ғаламторға шығу мүмкіндігінен қол үзіп отыр. Осы мәселені жоғары жаққа жеткізсеңіздер деген тілектерін айтты ұстаздар қауымы.
Мектеп оқушылары волейбол, баскетбол, теннис, футбол секцияларына қатысып, тренажерлік залда жаттығады. Биыл жалпы сомасы 500 мың теңгеге спорт жабдықтары алыныпты. Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Ақылжан Бекжановтың айтуынша, 2008 жылы спорт залдың төбесіне жөндеу жүргізілген. Биылғы жылы жылу жүйелеріне жөндеу жасалыпты. Майтүбектік оқушылардың спорттық жетістіктері мол екенін сөреде тізіліп тұрған кубоктар, түрлі сыйлықтар айғақтаса керек.
Биыл мектептің асханасына да жаңа жабдықтар сатылып алыныпты. Қысқасы, Майтүбек мектебінде жағымды өзгерістер аз емес. Тек жаңаның бәрі оқушыларға сапалы білім сіңіруге қызмет етсе екен дейміз.
Қабырғасы осыдан қырық жыл бұрын, яғни 1960 жылы тұрғызылған мектепте қазір 26 мұғалім еңбек етуде. Мектеп жанында шағын орталық та жұмыс істеп тұр. Мұнда жалпы саны 22 бүлдіршін тәрбиеленуде. Олар 3 мезгіл тамақтанады. Шағын орталық барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Бүлдіршіндер үшін бәрі де қолайлы.
Қаңыраған ғимарат көп...
Өкінішке қарай, Майтүбек ауылында ауыл шаруашылығы құрылымдары тым аз. Бізге берген мәлімет бойынша ауылда 1 ЖШС және 1 шаруа қожалығы ғана бар. Олардың жұмысының өзі күңгірт, естілмейді. Жұмыспен қамту орталығында 5 адам тіркеуде тұр екен. Ауылда атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны да аз емес, жалпы саны 49 адамға атаулы көмек беріледі.
Майтүбектегі тағы бір проблема – бос тұрған, қаңырап-қираған ғимараттардың көптігі.Мұның өзі ауылдың ажарына қолайсыздық тудырып-ақ тұр. Ауыл әкімі Берік Бекқожиннің айтуынша, алдағы уақытта бұл мәселе оң шешімін табады екен. Ол үшін арнайы қаржы бөлінетін болыпты. Мұны Май ауданының әкімі Нығман Пішенбаев та қуаттады. Аудан басшысының айтуынша, тек қана Майтүбек ауылының өзіне 5 миллион теңге қаржы қарастырылмақшы. Нәтижесінде бос қалған, қаңыраған ғимараттар сырылатын болады.
Асыл ӘБІШЕВ,
Май ауданы.

