Баянауыл ауданының Құндыкөл ауылдық округі - қазақы қалпы сақталған ауылдардың бірі. 1433 тұрғыны бар ауылдық округте негізінен мал шаруашылығына көп көңіл бөлінеді. Елуден аса шаруа қожалығы тіркелген. 3,5 мыңға жуық ірі қара мал, мыңнан аса жылқы, жеті мыңға жуық қой-ешкі бар. 6 дүкен округ тұрғындарын қажетті азық-түлікпен, керекті бұйымдармен қамтамасыз етіп отыр. Бір атап өтерлігі, аталмыш сауда орындарындағы заттар ауыл адамдарына қол жетімді бағамен сатылады. Баянауыл ауданының қоғамдық, мәдени өміріне белсене араласатын құндыкөлдіктер «ел үшін аянып қалмаймыз» дегенді алға тартады.
БОКС СЕКЦИЯСЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Баянауыл ауданы, Құндыкөл ауылдық округіндегі Әлкей Марғұлан атындағы орта мектеп еліміздің білім саласына барынша өз үлесін қосып келеді. Оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруді көздейтін білім ордасы - аудандағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі. Қазіргі таңда мұнда 161 оқушы білім алып, бір жоғары санатты, 7 бірінші санатты мұғалім жұмыс істейді. Барлығы - 36 ұстаз. Мектепті 2002 жылдан бері басқарып келе жатқан Ілдебай Мұрсаловтың сөзіне қарағанда, шәкірттер аудандық, облыстық пән олимпиадаларына, спорттық спартакиадаларға жиі қатысады. Мұндағы оқушылардың біразы ауданның волейбол және бокс құрама командаларында өнер көрсетеді. Мектепте жас жеткіншектерді салауатты өмір салтына баулып, спорт саласына шақыратын бокс үйірмесі жұмыс істейді.
- Білім ошағындағы бокс үйірмесі алғаш рет 1989 жылы ашылған болатын. Оның ашылуына Сембай есімді мұғалім себепкер болды. Содан бері тоқтаусыз жұмыс жасап келе жатқан бокс үйірмесі талай жастың дарынын ашты. Үйірмеге қатысатын балаларды спортқа деген қабілеті мен ынта-ықыласына қарап қабылдаймыз. Әсіресе, 5-11 сынып аралығындағы балалар ынталы. Қазіргі таңда секцияда 12 оқушы екі жыл бойы үзбей қатысып келеді. 2007 жылы Баянауыл аудандық спорт мектебіндегі бокс бөлімінің Құндыкөл ауылындағы филиалын ашқан болатынбыз. Бокс секциясы сондықтан тікелей спорт мектебіне қарайды,- деді бокс үйірмесінің жетекшісі, бірінші дәрежелі боксшы Ербол Арыстанбеков.
Жалпы, Арыстанбековтер отбасы - спорт десе ішер асын жерге қоятын әулет. Ерболдың Нұрлан және Ерлан атты екі інісі - Құндыкөл ауылындағы бокс үйірмесінен түлеп ұшқан спортшылар. Ерлан Арыстанбеков облыс біріншілігін бірнеше мәрте ұтып, ел чемпионатында бақ сынаса, Нұрлан - халықаралық турнирлерде талай рет топ жарған боксшы. Көршілес жатқан Қарағанды облысының спорт мектебін тәмамдаған Ерлан спорт шебері атағына қол жеткізсе, Нұрлан - спорт шеберлігіне үміткер. «1989-90 жылдары Серік Қонақбаев ағамыз олимпиаданың чемпионы атанды, одан кейін атақты боксшы Мұхаммед Әлидің дүркіреп тұрған кезеңі басталды. Осының бәрі әсер етті ме білмейміз, әйтеуір ауылдың барлық баласы бокспен айналысты», - деді өз сөзінде Ербол Арыстанбеков.
Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған Ербол Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына түсе алмай, ауылда екі-үш жыл бапкер болып қызмет атқарады. Арада бірнеше жыл өткен соң Қарағанды қаласына оқуға түсіп, сол жерде бокс үйірмесіне жазылады. Шеберлігін шыңдаған ол бірнеше рет республикалық турнирлерде бақ сынайды. 1999 жылдан бері Ә.Марғұлан атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Ерболдың шәкірттері де облыстық жарыстарда көзге түсіп жүр. Былтыр 1995-96 жылы туған жасөспірімдер арасындағы облыс біріншілігінде аталмыш бокс үйірмесінің шәкірттері Алданыш Тастанбек пен Нұржан Сембаев үшінші орынды иеленді. Ал жуырда ғана Май ауданында еңбек ардагері Уақап Сыздықовты еске алуға арналған жарыста Ернар Аужанов бас жүлдені жеңіп алса, Нұржан Сембаев үшінші орынды қанағат тұтқан. «Аймағымыздың 8 командасынан 90-ға жуық боксшысы қатысқан турнирде шәкірттерім жақсы өнер көрсетті», - дейді Ербол. Бокс секциясын жандандыруға Болат Кәрімқұлов есімді спорт ардагері көп үлесін қосқан көрінеді. Ол бокс үйірмесіне керекті құрал-жабдықтарды алуға көмектесіпті. Оқушылардың толыққанды жаттығуларына барлық жағдай жасалғанын алға тартты Ербол Арыстанбеков. Мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындары бокс үйірмесіне қатысатын жас жеткіншектердің болашағынан көп үміт күтеді.
АУЫЛ АҚЫЛШЫСЫ - АРДАГЕР
Уақыт құйындай зырлап өткен сайын көненің көзі болған асқар таудай аталар мен апалардың қатары сиреп келеді. Өкінішті-ақ. Құндыкөл ауылдық округінде фашистік Германия мен Кеңес Одағы арасындағы сұрапыл соғысты көзбен көрген үш ақсақал ғана бар. Солардың бірі – Риза Сәкенов. 85 жастағы Риза ақсақал жүрісі тың, сөзі нық. 1943-48 жылдары ІІ Украин майданында болған ақсақал сол кездегі қан майданды ерекше тебіреніспен еске алады. «Биыл 85 жылдық мерейтойымды бүкіл ауыл болып атап өтті. Ауылдың мәдениет үйіне өзім қатарлы адамдарды жинап, үлкен мереке ұйымдастырды. Сол үшін ауыл тұрғындарына, ауыл әкімі Солтан Байділдинге айтар алғысым шексіз», - деді ақсақал өз сөзінде. Екі бала сүйіп, 7 немере, 4 жиен көрген ақсақал «қазіргі жағдайым жақсы» дейді. Үкімет соғыс және еңбек ардагерлеріне үнемі көмек көрсетіп отыратынын да алға тартты. Қуаныштысы сол, Риза ақсақал тек өзінің немере-жиендерінің болашағына ғана емес, барша қазақ жастарының келешегіне алаңдайды. «Бір қиыны Абай атамыз «жұмысы жоқтық, қарны тоқтық аздырар адам баласын» демекші, жастардың көбі жұмыссыз. Құндыкөл ауылын көп жылдар бойы мекен етіп келемін. Сол жылдар арасында ешқандай бұзық бала кездестірмедім. Алайда, заман өзгергесін бе, адамдар да құбылып келеді. Әсіресе, жастар жағы қазіргі таңда жаман әдеттерге көптеп әуестенеді. Осы үшін қатты қынжыламын», - деді ақсақал өз сөзінде. Риза ақсақал мемлекеттік көмектің уақытында келіп тұратынын жеткізді. «Ауылдан, ауданнан көмек сұрасам, айтқанымды екі етпейді» деп ауыл, аудан басшыларына өз ризашылығын білдірді. Мемлекет Риза ақсақалдың көп жылғы ерен еңбегін ескеріп, Павлодар қаласынан бір бөлмелі пәтерді сыйға тартыпты. Бүгінгі тірлігіне қанағат ететін ақсақал «ел-жұртымыз аман болып, еліміздің шетін ешқашан жау алмасын» деп ақ батасын берді.
МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ҚАЙТА ЖАҢАРДЫ
Құндыкөл ауылындағы халық көп жиналатын орындардың бірі – мәдениет үйі. Айтулы мерекелер мен атаулы күндерді ауыл тұрғындарына арнап мәдени шараларды жиі ұйымдастыратын мәденеит үйі биыл күрделі жөндеуден өтті. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінген 2 миллион теңгеге ғимараттың төбесі жөнделіп, есік-терезелері бүтінделді. «Былтыр қыс айларында мәдениет үйінің іші салқын болатын. Биыл күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Енді қақаған суыққа да төтеп береміз»,-дейді Құндыкөл ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Ерқанат Тұрғанбеков. 2008 жылы мәдениет үйіне ауданнан жаңа 200 орындық әкелініп, биыл жаңа музыкалық құралдар алынды. Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып жұмыс істейтін Маржан Абзалбекқызының айтуынша, ауылдың өнерпаз тұрғындары ауданның мәдени іс-шараларына жиі қатысып, белсенділік танытып отырады. Мерекелік кештерді үнемі ұйымдастырып, халық көңілінен шығамыз, дейді көркемдік жетекші. «Мерекелік іс-шараларды өткізбес бұрын аудан орталығында орналасқан кітапханаға барып, сценарийге керек мәліметтерді аламын. Сосын өз бетімізше, мүмкіндігімізге қарап ұйымдастырамыз. Баянауыл ауданында «Достық. Бірлік. Тәуелсіздік» атты фестиваль өтті. Байқауға біздің ұжымымыз белсене қатысып, айрықша марапаттауларға ие болды. Мерекелік кештерді Ә.Марғұлан атындағы орта мектептің ұжымымен бірлесе өткіземіз. Жеке дауыста ән шырқайтын әншілер де баршылық»,- дейді Құндыкөл мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Маржан Абзалбекқызы. Мәдениет үйінің қызметкері Айгүл Хамитова Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай ұйымдастырылған патриоттық әндер сайысында Баянауыл ауданы бойынша бас жүлдені иеленіп, облысқа жолдама алды. Павлодар қаласында өткен байқауда да бас жүлде ұтып алды. Сондай-ақ, аудан орталығында оқушылар арасында өткен патриоттық әндер сайысында Айдана Құрашова да бас жүлдеге ие болды.
Құндыкөл ауылының мәдениет үйінің ішінде орналасқан кітапхана - ауыл тұрғындарын рухани байлықпен қамтып отырған орда. Мұндағы кітап қоры 2290-ды құрайды. Оның 1226-сы қазақ тілді кітаптар болса, қалғаны - орыс және басқа да тілде жазылған кітаптар. Кітапхана меңгерушісі Айтжамал Шаймерденқызының айтуынша, рухани азық ордасына оқушылар мен зейнеткерлер көптеп келеді. «Тұрғындардың сұраған кітаптарын үнемі тауып беруге тырысамыз. Егер кітапханада ондай кітаптар болмаса, ауданға сұраныс тастаймыз. Олар өз кезегінде біздің өтінішімізді толықтай қанағаттандырады»,-дейді кітапхана меңгерушісі. Жыл басынан бері Құндыкөл ауылдық кітапханасына 330 жаңа кітап келіп түскен. Олардың басым бөлігі - ғылыми және әдеби кітаптар, дейді Айтжамал Шаймерденқызы. Мұнда биыл Жаяу Мұса Байжанұлының мерейтойына арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Кітапханаға келген тұрғындар «Мөлдір бұлақ», «Денсаулық», «Жұлдыздар отбасы» секілді журналдарды оқи алады.
Көштен қалмай, көппен бірге тұрмыс кешіп отырған құндыкөл-діктердің тұрмысы ойдағыдай. Тек ауыл тұрғындарын қатты қынжылтып, алаңдататын бір-ақ нәрсе бар. Ол - ауыл адамдарының отандық телеарналарға қолдары жетпеуі. Қазақстандық телеарналар көрсет-пейтіндіктен ресейлік телеарналарды көруге мәжбүрміз дейді кұндыкөл-діктер. Олар бұл мәселенің жуық арада шешілгенін құп көреді.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
Баянауыл ауданы.

