ТОҚТАЛЫҚТАРДЫҢ БАЯНДЫ БОЛАШАҚҚА СЕНІМІ МОЛ

Ауылқазақ рухының, мәдениетінің, дәстүрлі шаруашылығының алтын бесігі. Ендеше, ауылды түлетуді, ауыл шаруашылығын өркендетуді өнген халқымыз бен өскен Отанымызды түлету деп түсінген жөн болар. Сондықтан бүгінгі ауыл жағдайы, оның әл-ауқатының жақсаруы мемлекетіміз үшін аса маңызды екендігі сөзсіз.

Ауыл аймақтың күн санап көркейіп келе жатқандығын ескерсек, еліміздің баянды болашағына үлкен үмітпен қарауға болады. Уақыт өткен сайын еңсесін тіктеп, жарқын өмірге деген үмітін арқалап келе жатқан осындай елді мекендердің бірі - Ертіс ауданының Тоқта ауылы.

Редакциямызға аталмыш ауылдан оқтын-оқтын «жергілікті мәдениет үйі, мектеп күрделі жөндеуден өткізілді, шағын орталық ашылды» деген сынды жағымды жаңалықтар келіп тұратын. Бірақ жүз рет естігенше, бір рет көзбен көрген артық емес пе? Сондықтан жақында аталмыш ауылды бетке алып, жолға шықтық.

 

Жол алыс. Павлодар қаласынан аудан орталығына дейінгі арақашықтық шамамен 180 шақырым болса, Тоқта ауылына дейін тағы да сексен шақырымдай жүру қажет. Онымен қоса, аудан орталығы Ертістен асып, жол бойындағы Панфилов ауылына жеткен соң нағыз азап басталды. Себебі Тоқтаға апарар тас жолдың жағдайы мүлде сын көтермейді. Асфальттар көшiп, ойдым-ойдым күйге түсiптi. Қиқы-шойқы жолмен тоңқылдап, ары кеткенде бір сағаттық жолды екі жарым сағатта жүріп әрең жеттік.

Шаршап, шалдығып жеткен бізді ауыл әкімі Сәуле Нұрмағамбетова қарсы алды. Елді мекеннің бүгінгі тыныс тіршілігімен танысу мақсатымен бірден «барлауға» шықтық. Ауыл әкімімен бірге алдымен жергілікті мектепке ат басын бұрдық.

 

Мектеп ауданда үздіктер қатарында

Тоқта орта мектебі биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша орташа есеппен алғанда 95,5 ұпаймен аудандағы 22 мектепті басып озып, бірінші орынға ие болған. Онымен қоса, тестілеу құрамына енген бес пәннің үшеуінен, қазақ тілі, математика, орыс тілінен үздік көрсеткішке қол жеткізіпті. Бір атап өтерлігі, бұған дейін ауданда мұндай көрсеткіш болмаған. Яғни, еліміздің білім беру жүйесіне ҰБТ енгізілгеннен бері Ертіс ауданы алғаш рет осындай жоғары жетістікке қол жеткізіп отыр. Бұл - әрине, тоқталықтар үшін үлкен қуаныш. Мектеп директоры Әбжат Шахматалинов бастаған ардақты ұстаздар қауымының еселі еңбегінің жемісі. Жалпы, Тоқта орта мектебі білім деңгейі бойынша аудандағы алдыңғы қатарлы оқу ордаларының бірі. Талай жылдан бері жоғарыда аталған тестілеуден үздіктер қатарынан көрініп келе жатқандығы осының айқын дәлелі бола алады. Ал биылғы жетістіктері арқылы мектеп ұжымы, спорт тілімен айтқанда өзіндік рекорд жасап, тек ауылдың ғана емес, тұтас ауданның мәртебесін асырып отыр.

eМектеп 1964 жылы тұрғызылған. Ғимараты ескі. Материалдық базасы да жаңартуды қажет етеді. «Аудан басшылығының ауылымызға жаңа мектеп саламыз деп уәде беріп келгеніне міне, жиырма жылға жуық уақыт өтті. Одан бері талай басшы ауысты. Дегенмен әлі күнге дейін не жаңа мектеп жоқ, не осы ескі мектебіміздің жабдықталу жағдайын жаңарта алмай келеміз», - дейді мектеп директоры Ә.Шахматалинов. Тек өткен жылы ғана аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, оқу ордасының терезе, есіктері ауыстырылып, жылы дәретхана мен балалардың ойын бөлмесі жабдықталып, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның өзі толық деңгейде емес. Ғимараттың біраз бөлігінде терезелері сол ескі қалпында, ауыстырылмай қалған. Онымен қоса, мектеп шатырына жөндеу жұмыстары қажет. Бұл тұрғыдағы жұмыстарды ауыл әкімдігі, мектеп ұжымы мен тұрғындар бірлесіп, қолдарынан келгенше атқаруға тырысуда. Бүгінгі күнге дейін жоқтан бар жасап, барды ұқсатып үйренген жергілікті халық мұның өзіне қанағат дейді.

Биыл мектеп жанынан шағын орталық ашылыпты. Бүгінде онда он бүлдірішін тәрбиеленуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Балапан» республикалық бағдарламасының жемісін тұрғындар үлкен қуанышпен қарсы алып отыр. Орталық заман талабына сай әсем жабдықталған.

Тағы бір ерекше атап өтерлігі, мектепте қызмет етіп жүрген мұғалімдердің жүз пайызға жуығы осы оқу ордасының өз түлектері. Ауыл мектебінен түлеп ұшып, жоғары білімін алып, қызметтік жолын кіндік қаны тамған, туған мекендерінен бастауды жөн санаған жастар. Биылғы жылдың өзінде бес жас маман жұмысқа қабылданыпты. Ал ұстаздардың жалпы саны – жиырма. Қазіргі кезде мұнда 47 бала тәрбиеленіп, білім алуда.

Ауыл мектебінің проблемалары тек қана білім беру жүйесінің ғана қызметкерлері шешетін мәселе деп қарамай, елім, жерім дейтін әрбір қазақ азаматтарының міндеті болуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстардың бастыларының бірі - оқу бітіріп, ауылға жұмыс істеуге ниет білдіріп, талаптанып отырған түлектерге жол ашу. «Ауылым – алтын бесігім» деген сөздің мағынасын студент атанып, үлкен қалаға барғаннан кейін шын мәнінде түсінгендейміз, дейді жас мамандар. «Бұрын суын ішіп, топырағын басып жүргенде қадіріне жете бермейтін ауылымызға әр келген сайын көңіліміз толқып, бір серпіліп қалатынбыз. Сондықтан қаладағы оқуымды тәмамдаған соң көп ойланбастан бірден туған мекеніме жол тарттым. Өзімізге тәлім-тәрбие беріп, үлкен өмірге аяқ бастырған аяулы ұстаздарымыздың ортасына қайта келгеніме қуаныштымын. Ол кісілердің қолдауының, көмегінің арқасында біз де абыройлы ұстаздық қызметтің қыр-сырын меңгерудеміз», - дейді жас маман Гүлзат Қожамжарова. Мұғалім атанып, биыл жұмысқа қабылданғандардың қатарында Дияз Зағитов, Жамал Абраева, Бақытгүл Абулкаирова, Салима Нұрбаева, Назгүл Қазбекова да бар.

Бір қуаныштысы, мектептің компьютерлік жабдықталуы көңіл көншітерліктей деңгейде. Интерактивті тақта жұмыс істейді. Жаңадан алынған компьютерлер әлемдік ғаламтор желісіне қосылған. Биыл асхана жабдықтары да жаңартылыпты. Мұнда бірден төртінші сыныпқа дейінгі және әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардан шыққан оқушылар тегін тамақтанады. Бір атап өтерлігі, мектептің өз бақшасы бар. Оқушылар ұстаздармен қатар көктемде картоп отырғызып, жаз бойы оны күтіп-баптап, күзде айтарлықтай қомақты өнім жинайтын көрінеді. Ал ет, ұн басқа да қажетті тұтыну тауарларымен жергілікті шаруа қожалықтарының басшылары көмектеседі, дейді ауыл әкімі С.Нұрмағамбетова. Сондай-ақ ауылда жұмыс істейтін шағын наубайхана мектепті ас атасы - нанмен қамтамасыз етіп отыр. Білім ордасында салауатты өмір салтына көп көңіл бөлінеді. Денешынықтыру залында күндіз оқушылар жаттықса, кешке ауыл жастары волейбол, баскетбол ойнауға жиналады екен.

Тоқта орта мектебі туралы сөз қозғағанда оның директоры жайлы атап өтпеуге болмайды. Тоқсаныншы жылдардың басында, ел өміріндегі қиын кезең тұсында мектепке басшылық жасау ісі Ә.Шахматалиновке тапсырылады. Сол кезден бері Әбжат Ақтайұлы өзіне артылған міндетті абыроймен атқарып келе жатқан жайы бар. Өз кәсібіне шын берілгендігінің арқасында ол бүгінде ауылдағы құрметті азаматтардың бірі. Өмірінің басым бөлігін ұстаздық қызметке арнаған Ә.Шахматалинов өзінің еселі еңбегінің арқасында талай ұрпақ тәрбиелеп, талай жасты үлкен өмірге аяқ бастырды. Оқу ордасының ескі болса да бүгінгі күнге дейін жақсы күйінде сақталғандығын да ауыл халқы мектеп директорының есімімен байланыстырады. Бәлкім бұл да тектен-тек болмаса керек. «Халық айтса, біліп айтады» емес пе? «Мен бақыттымын. Себебі бүгінде мектебімізден түлеп ұшқан жастардың барлығы өмірде өз орындарын таба білді. Әрбірі бір кәсіптің тетігін ұстап, өз еліне, халқына қызмет етуде. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт жоқ», - дейді Әбжат Ақтайұлы.

 

Әлеуметтік саланың әлеуеті жоғары

Бұдан кейін ат басын мәдениет үйіне бұрдық. 1982 жылы тұрғызылған бұл мәдениет ошағы өткен жылы «Жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта іске қосылған болатын. Көптен бері есігі құлыптаулы тұрған аталмыш мәдениет үйі бүгінде халық игілігіне айналып отыр.

Тұрғындар үшін есігін қайтадан айқара ашқан бұл нысанда 100 орынға шақталып жабдықталған концерттік залы бар. Сондай-ақ, екі қабатты мәдениет үйінің ғимаратына ауыл әкімдігі, кітапхана, пошта бөлімшесі де орналасқан. Іші кең, жарқын, әсем мәдениет үйінің көркі көз тартарлықтай. Ауылдағы той-томалақтардың басым бөлігі де осында ұйымдастырылатын көрінеді. Онымен қоса, әр мереке сайын мәдениет үйінің меңгерушісі Мұдасир Исембаев бастаған жергілікті жас өнерпаздар мерекелік шаралар ұйымдастырып отырады. «Осылайша, қолымыздан келгенше тұрғындарға өзіндік мереке сыйлауға тырысамыз. Бір атап өтерлігі, ауылда өнерлі жастар, балалар көп. Сондықтан олардың өнерге деген бұл талпыныстарын қолдап, бос уақыттарын тиімді өткізуі үшін вокал үйірмесін ашуды ұйғардық. Бишілеріміз де жоқ емес. Тек бір өкініштісі, мерекелік шараларға арналған сахналық киімдер тапшы», - дейді М.Исембаев. Бір атап өтерлігі, мәдениет ошағын жөндеу жұмыстарына жергілікті тұрғындар да көптеп тартылған. Соның арқасында жұмыссыз жүрген бірқатар азаматтар еңбекпен қамтылыпты.

Ауылдық кітапхананың 250 тұрақты оқырманы бар. Басым бөлігін жастар құрап отыр. Бұл да қуанарлық жағдай. Жалпы, мұнда алты мыңға жуық кітап қоры жиналған. Оның ішінде екі мыңы қазақ тіліндегі кітаптар. Тек мұнда балаларға арналған ертегі кітаптар жоқ. Ауданға келге шалғай ауылдарға жетпейтін көрінеді.

Жергілікті пошта бөлімшесі де тұрақты жұмыс істеп тұр. Қариялар зейнетақысын, жұмысшылар жалақысын осыннан алады. Газет, журнал секілді мерзімді басылымдар уақытылы келіп тұрады. Алайда жергілікті әкімдіктің «Қазпочта» АҚ-на айтар назы бар. «Аталмыш мекеме шалғай ауылдардағы өз бөлімшелерінің жұмысына немқұрайлы қарайды. Мысалы, ауылдық пошта бөлімшесін қажетті жиһаздармен біз өз күшімізбен жабдықтауға тырысудамыз. Ал бұл мақсатқа қазынадан қаражат қарастырылмаған», - дейді С.Нұрмағамбетова.

Өкінішке қарай, уақыт өткен сайын мердігер компанияның салғырт жасаған жұмысының нәтижесі байқалуда. Мысалы, мәдениет үйінің шатыры қайта жөндеуді талап етеді. Сыртқы қабырғаларын да дұрыс әрлемеген. Ауыл әкімі Сәуле Шайхиденқызы биыл нысанның сыртқы бетін өз күшімізбен ақтауға тырыстық дейді. Алайда екі қабатты ғимараттың үстіңгі бетіне дейін жету үшін арнайы құрылғылар қажет. Ал осының барлығын жасауы тиіс мердігер ізім-қайым жоқ болып кеткен.

Жергілікті ауыл әкімдігі биыл мәдениет үйінің алдына бюджет қаражатынан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы мерекесіне орай шағын ескерткіш тас орнатқан. Оның үстіне сонау зұлмат жылдары осы ауылдан қан майданға аттанып, Отан үшін отқа түскен ерлердің, соғыс, тыл ардагерлерінің есімдері қашалып жазылған мәрмәрдан жасалған тақтайша орнатылыпты. Өкінішке қарай, тізім әлі толық емес көрінеді. «Себебі тың игеру жылдары ауылымызға соғысқа қатысқан азаматтар көптеп келген. Міне, осы аға-апаларымыздың біразының есімі жазылмай қалды. Дегенмен біз бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастырамыз. Ескерткішті одан да әсемдеу, үлкенірек қылып жасауға болады»,- дейді ауыл әкімі. Онымен қоса, бұл ретте С.Нұрмағамбетова ауылдың еңселі азамттарына, кәсіпкерлерге үміт артатындығын да жасырып қалмады. Себебі жеңімпаз ұрпақтың даңқты ерлігі жасымас жігердің, ұлы рухтың, Отанымыздың еркіндігі мен тәуелсіздігі жолындағы біздің халқымыздың рухани бірлігінің үлгісі болып қала береді емес пе. Ал бүгінгі ұрпақтың парызы – осы Ұлы Жеңістің маңызы мен мәнін қастерлей білу, батырлардың биік тұлғаларын уақыт өткен сайын асқақтатып, есімдерін жүректе сақтау.

Ауылда фельдшерлік-акушерлік бөлімше жұмыс істейді. Айына шамамен елу, алпыс адамды қабылдаймыз, дейді бөлімше меңгерушісі Вера Беляева. Бір қуанарлығы, елді мекенде сырқаттың ауыр түрлеріне шалдыққан адамдар жоқ. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Жылжымалы дәріхана жұмыс істейді. Бірқатар тұрғындар әлеуметтік негізде тегін, немесе жеңілдетілген дәрілермен қамтамасыз етілуде. Жедел жәрдем көлігі бар.

Тағы бір атап өтерлігі, Тоқтада тұрғындарды таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп тұрған кешенді блок модуль бар. «Аудан әкімі Владимир Левченконың үлкен қолдауымен 2008 жылы іске қосылған аталмыш КБМ тұрақты жұмыс істеп тұр. Ауыл халқының барлығы ауыз суды нысаннан тұтынады. Мұндағы бір фляг су - он теңге», - дейді С.Нұрмағамбетова. Дегенмен, бір атап өтерлігі, аталмыш құрылғы екі жылдан бері жөндеу көрмеген. Қаражат жағы тапшы болып тұрса керек.

Сондай-ақ биыл ауылда мал союға арналған цех тұрғызылыпты. Бұл да - жергілікті әкімдіктің жемісті жұмысының нәтижесі.

 

Келешекке нық сеніммен

Осылайша, ауыл әкімімен бірге Тоқтаны бір шарлап өттік. Шыны керек, ауылдың сыртқы көрінісі көңіл көншітерліктей емес. Көшелері, аулалар жинақы болғанымен ондағы бос, қаңырап қалған ғимараттар елді мекеннің көркін бұзып тұр. Әсіресе ауылға кіре беріс жердегі бұрынғы совхоз кезінен қалған қоймалар мен ауыл шаруашылық техникаларын қоятын зәулім ғимараттар ауыл ажарына кері әсерін тигізуде. Жартылай бұзылған күйінде тұрған бұл нысандар ауылдың бұрынғы директорынан қалған «мұра» болса керек. Ал жергілікті әкімдіктің қолы байлаулы. Себебі бұл нысандар жекеменшік қолда.

Қалай дегенмен, Тоқтаның әлеуметтік тұрмысының жақсарып келе жатқандығын көріп, бір қуанып қалдық. Бүгінде мұнда жалпы саны 346 адам тұрады екен. 42 шаруа қожалығы, үш дүкен бар. Тұрғындар егін егіп, мал өсіріп, өз шаруашылықтарын дамытуда. Халық еңбек етуден ерінген емеспіз дейді.

Өтпелі кезеңнің ауыртпалығы қатты батқан ауылдардың бірі - Ертіс ауданындағы Тоқта ауылы. Кезінде шаруашылығы дамыған, дүркіреп тұрған ауыл бірнеше жылдың ішінде тоқырауға ұшырады. Туған елдің топырағын қимай, келешекке сеніммен қараған ауылдастардың үміті соңғы жылдары ақтала бастады. Ауылға бүгінде қайта жан бітті десе де болады. Тұрғындар бұл жетістіктерін ауыл әкімі С.Нұрмағамбетованың есімімен байланыстырады. Үйінде аяулы ана, адал жар, қызметінде белсенді, іскер басшы. Бұл Сәуле Шайхиденқызының бойынан табылатын ізгі қасиеттердің шағын бөлігі ғана. Ол - ауыл тұрғындарына жігер, болашаққа деген сенім беріп отырған әкім. «Халық арасында кең таралған «Ауылым – алтын бесігім» деген сөз бәрімізге жарыса айтылатын қанатты сөзге айналғалы қашан. Мен өзім осы ауылда туып-өстім. Ер жеттім, білім алдым. Сондықтан Тоқта біз үшін ерекше ыстық. Қуанышымызға орай, ауылымыз жылдан-жылға көркейіп келе жатыр. Тұрғындардың бірлігі, туған мекеніне деген ықыласы арқасында біраз игілікті істер атқарылуда. Бұл - біздің перзенттік парызымыз», - дейді ауыл әкімі.

 

Данияр ЖҰМАДІЛОВ,

Ертіс ауданы, Тоқта ауылы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30