Қазан айының 17-18 күндері Павлодар облысы әкімдігі Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Аналитикалық ақпарат орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының және оның құрамындағы облыстық «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья», «Регион.kz» газеттерінің басшылығы мен бірқатар қызметкерлері жұмыс сапарымен Қашыр ауданында болды. Сәрсенбінің сәтінде жолға шыққан аталмыш басылымдардың тілшілері екі күннің ішінде ауданның барлық дерлік ауылдарын аралап шығып, оқырмандармен кездесті. Елді мекендер тұрғындарының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.
Қашырлықтар облыстық басылымдар журналистерінің ауданға мұндай үлкен топпен алғаш келуін игілікке балады. Өкінішке қарай, тілшілер қауымының шалғай ауылдарға жолы жиі түсе бермейтіндігі белгілі. Сондықтан болар, елді мекендердегі кездесулер барысында халық көсіле һәм шешіле сөйледі. Көңілдеріндегі күпті мәселелерін де іркіп қалмады.
Бүгінде мемлекет тарапынан ауыл-аймақты дамытуға бағытталған іс-шаралардың жемісі нақты көрініс табуда. Бұл бағыттағы игі бастамалардан Қашыр ауданы да қалыс қалған жоқ. Жыл өткен сайын елді мекендер көркейіп, ауыл халқы бойларын тіктеп келеді. Осындай ауылдардың бірі – Жаңақұрылыс ауылдық округі. Бір ғасырлық тарихы бар аталмыш округтің орталығы - Трофимовка ауылы кезінде елімізге жер аударылған украин ұлты өкілдерімен негізі қаланған. Өткен жылы мұнда 70 орындық мәдениет үйі ашылыпты. Онда вокал, хореография үйірмесі жұмыс істейді. Ал жергілікті мектеп жанынан биыл шағын орталық іске қосылған. Қазіргі кезде орталықта 14 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ауылда төрт күндізгі стационарлық жатып емделетін орны бар фельдшерлік-акушерлік бөлімше қызмет көрсетеді.
Жаңақұрылыс ауылдық округіне қарасты елді мекеннің бірі – Тегістік. Мұнда биыл мәдениет үйі бой көтеруде. Дәлірек айтқанда, жергілікті атқарушы билік ауылдағы бос тұрған ғимараттардың бірінен мәдениет үйін жасамақ ниетте. Оған аудандық бюджеттен 3,5 миллион теңге бөлініпті. Онда қазір сегіз адам еңбектенуде. Басым бөлігі - жергілікті тұрғындар. Жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Онымен қоса, өткен жылы он бес жыл бойы істемей тұрған су скважинасы қайта қалпына келтірілген. Сондай-ақ «Жол картасы» бағдарламасы аясында ауылдық зират қоршалыпты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған республикалық «Балапан» бағдарламасының игілігі Тегістікке де жеткен. Биыл мұнда мектеп жанынан шағын орталық ашылыпты. Тұрғындар бұған дән риза.
Дегенмен, елді мекенде талайдан бері шешімін күткен өзекті мәселелер де жоқ емес. Соның бірі әрі бастысы - телефон байланысының жоқтығы. «Әсіресе біреу-міреу ауырып қалса қиын. Мысалы менің жолдасым ауыр сырқат. Кейде жағдайы қиындап, қысылып жатқанда қайда барарымызды білмей, дәрігер шақыра алмай қиналамыз», - дейді ауыл тұрғыны, ұстаз Мүгүлсім Баширова. Ал қыс кезінде жағдай мүлде ушығатын көрінеді. Себебі ауылдың жолдарын қар басып қалады. Жергілікті ауылдық округте елді мекендерге апарар жолдарды қардан тазалауға қажетті техника жоқ. Бір атап өтерлігі, былтыр аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қыс айларында жол тазартуға арнайы тендер жариялаған. Ең қызығы, бұл тендерді павлодарлық кәсіпорын ұтып алыпты. «Әрине, ол кәсіпорын өз техникаларын сонау облыс орталығынан біздің ауылдарға күнде арнайы жіберіп отырмайтындығы белгілі. Тым болмады апта сайын келіп, жолды ашып беріп отырса, тәубе дер едік. Бірақ біз оларды әрі кеткенде айына бір рет көретінбіз», - дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Амангелді Адамов. Шынымен, Тегістік - шалғай орналасқан ауылдардың бірі. Аудан орталығы Тереңкөл ауылынан мұнда жету үшін кем дегенде тоқсан шақырымнан астам жол жүріп өту керек. Онымен қоса, ауылға апарар жолдың да жағдайы сын көтермейді. Осылайша Тегістік халқы қыс түссе болды, ауылында қамалып қалады. «Сыртқы дүниемен» байланыс жасайтын телефон желісі де жоқ.
Мәселе мұнымен аяқталмайды. Тұрғындардың аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшылығына айтар назы көп. Мысалы, аталмыш ауылда үш жылдан бері медицина қызметкері болмаған. Бір-екі жас маман келіп еді, олардың өзі мұнда тұрып, жұмыс істеу үшін қажетті жағдай жасалмағандықтан бірнеше айға шыдамай кетіп қалды, дейді тегістіктіктер. Сондықтан тұрғындар басы ауырып, балтыры сыздаса, ауылдық округ орталығы Трофимовкаға асығатын көрінеді. Жол да жақын емес. Дегенмен, жақында Тегістікке медициналық қызметкер жұмысқа келіпті. Бірақ жергілікті медициналық бөлімше ғимараты бірнеше жылдың ішінде әбден ескіріп біткен. Оған күрделі жөндеу жұмыстары қажет. «Аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшылығы ауылдық медицина бөлімшелеріне мүлде көңіл бөлмейді. Соның салдарынан бізге жас дәрігерлер тұрақтамайды. Себебі медицина қызметкері еден жуушының да жұмыстарын атқаруы тиіс болды. Тіптен отынды да өздері жағуы қажет еді. Себебі бұл жұмыстарға басқа қызметші қарастырылмаған. Жалақы тек дәрігерге бөлінген», - дейді тұрғындар. Тіпті отын да дұрыс берілмейтін көрінеді.
Телефон мәселесі Жаңақұрылыс ауылында да бар. ХХІ ғасырда тұрып ескіліктің күнін көріп отырған аталмыш ауылдардың тұрғындары телефон желісінің жақын арада тартыла қоятындығына сенбейміз дейді. Себебі тиісті органдардың мұндай уәде беріп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған. Құрғақ уәдеден әбден шаршаған халық бұл мәселе облыстық деңгейде шешілмесе, басқадай қайран жоқ дегенді алға тартып отыр.
Жаңақұрылыс тұрғындары мерзімді басылымдарды уақытылы ала алмайтындықтарын айтты. Мысалы, журналистермен кездесуге келген облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тұрақты оқырмандары басылымның күнделікті нөмірлері қолдарына бірнеше аптадан кейін ғана тиетінін жеткізді. Тіпті, жаз мезгілінде айлап ала алмайтын көрінеді. Себебі ауылда пошта қызметкері жоқ. Ал елді мекендерге хат-хабарларды, газеттерді таратуы тиіс ауылдық округтің пошташысы өз ісіне салғырт қарайтын көрінеді.
Осылайша, ауданның ауылдарын аралаған «Аналитикалық ақпарат орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының, облыстық «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья», «Регион.kz» газеттерінің басшылығы, қызметкерлері мен тілшілер қауымы бейсенбі күні аудандық әкімдікте жиналды. Онда аудандық активпен кездесу ұйымдастырылды. Шара барысында облыстық басылымдардың бүгінгі тыныс-тіршілігі таныстырылып, газеттің тұрақты оқырмандары, авторлары марапаттауларға ие болды. Артынша кездесу «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының кеңсесінде жалғасты. Мәжіліске жергілікті атқарушы билік өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары, ауыл әкімдері қатысты. Кездесу барысында екі жақтық әріптестік қатынастар сөз болды.
Ауданға шығармашылық топпен жұмыс сапарына бірге шыққан Павлодар қалалық №2 ауруханасының кардиолог дәрігері Әсем Сәрсекеева Трофимовка, Жаңақұрылыс ауылдарында болып, отызға жуық тұрғындарды қабылдады. Маманның кәсіби кеңесіне жүгінген жұртшылық өз ризашылықтарын білдіріп жатты. Бұл - жоғарыда аталған облыстық басылымдар мен аталмыш қалалық аурухананың бірлесіп қолға алған «Денсаулық+» жобасының жемісі.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ, Қашыр ауданы.



