Биылғы жылы Баянауыл ауданы, Теңдік ауылындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің ұжымы екі жас маманмен толықты. Еңбек жолдарын осы аталған мектептен бастаған Күмісай Жаңбырова мен Ләззат Сексенбаева тәжірибелі әріптестерімен бірге қоян-қолтық жұмыс істеуде. Көршілес жатқан Ұзынбұлақ ауылындағы он бір жылдық мектепті бітіріп, Қарағанды қаласынан білім алып келген Күмісай «оқушылармен жұмыс істеу біз секілді жас мұғалімдердің тәжірибесін толықтырып, еңбекке деген құлшынысын арттырады» дейді. Ал туған ауылының мектебін тәмамдап, Павлодар қаласындағы Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжді бітірген Ләззат «Білім алған мектебіме аянбай еңбек ету менің – басты мақсатым еді. Енді сол мақсат жолында туған жер үшін тер төгуге бар күшімді саламын» деген ұстанымды алға тартады. Ләззат өз ата-анасымен тұрып жатса, Күмісай нағашыларының қолында тұрмыс кешіп отырғандығын жеткізді. Қанаты қатаймаған қос маманға тәжірибелі әріптестері де түсіністікпен қарап, жақсылыққа қарай жөн сілтеуді ұмытқан емес. Бүгінгі тірліктеріне еш өкінбей, қайта қуанышты күй кешетін қос маманның келешегінен ауыл тұрғындары көп үміт күтеді.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
Баянауыл ауданы, Теңдік ауылы.

