Қазіргі уақытта облысымыздың әрбір ауданында өнер мектептері жұмыс істейді. Қала берді, ауылдық жерлерде ұлттық өнерді ұлықтауға арналған үйірмелер бар. Ақтоғай ауданындағы өнерсүйер қауымның көңілінен шығып жүрген Өнер мектебінде көптеген жас жеткіншектер дәріс алады. Ұлттық рухты тереңнен түсінетін ұлағатты ұстаздардан білім алатын ақтоғайлық жас өрендер өңірлік өнерді көркейтуге барынша атсалысып келеді.
Данат Қайыржанов - Ақтоғай аудандық Өнер мектебіндегі ең жас ұстаздардың бірі. Өнер ордасында жұмыс істегеніне екі жыл ғана болған Данат домбыра класында сабақ береді. Қазіргі таңда оның қарамағында 10 бала тұрақты түрде қазақтың қара домбырасын серік етіп келеді. Павлодар қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық колледжді тәмамдаған ол «туған жердегі өңірлік өнерге үн қосу - менің басты мақсатым» дейді. «Әсіресе, домбыра үйірмесіне 3-10-сынып аралығындағы балалар көптеп қатысады. Ең бастысы, қазақы өнерді көркейтуге атсалысқысы келетін жас өрендердің намысшылдығы мен өжеттілігі қуантады», - дейді Д.Қайыржанов.
Аталған мектепте 16 жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келе жатқан Руслан Айдаровтың өмірі мен өнері - көпке үлгі. Өнер мектебіндегі ұлттық аспаптар оркестрі мен ансамбліне жетекшілік ететін Русланның қарамағында 12 бала тұрақты түрде домбырамен айналысады. «Жалпы, қазақтың қара домбырасының құлағында ойнауды мақсат ететін жас жеткіншектердің басым көпшілігі - аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектептің оқушылары. Жас өрендерге қазақтың ұлттық өнеріне өз қолтаңбаларын қалдырған Дина, Құрманғазы секілді өнер алыптарының туындыларын үйретеміз»,- дейді Руслан Айдаров. Русланның айтуынша, аудан орталығында өтетін мәдени іс-шараларға білім ордасының шәкірттері бір адамдай белсене атсалысады.
Өнер мектебіндегі тәжірибелі мамандардың бірі – Геннадий Казанцев. Оқушыларға гитара класынан сабақ беретін Геннадий - аудандық, облыстық өнер байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Геннадий Владимировичтің класында сабақ алуға Ақтоғай ауданының көптеген жас өнерпаздары ниет танытады. Сонымен қатар Өнер мектебінде би үйірмесі, ән салу сыныбы, вокал сыныптары жұмыс істейді. Өрендерге шығыс, өзбек, қазақ билерін үйрететін Айгүл Жүсіпова да - мектептегі тәжірибелі ұстаздардың бірі. Би сыныбы жетекшісінің айтуынша соңғы уақытта ел арасында ерекше қолдауға ие болып жатқан «Қара жорға» биін үйренуге ниет білдіргендердің саны басым. Жұмысқа тұрғанына үш ай ғана уақыт өткен Ирина Осипова - сурет үйірмесінің жетекшісі. Қазіргі таңда Иринаның жетекшілігімен әртүрлі жастағы 28 жас өрен сурет салудың қыр-сырын меңгеруде. «Жұмысқа алғаш қабылданған уақытта жас балалармен жұмыс істеу қиындық тудыра ма деп қорыққам. Алайда, өнерім мен жігерім қорқынышымды жоққа шығарды. Білмейтін тұстарымды тәжірибелі әріптестерімнен сұрап аламын. Олар да маған әрқашан көмек қолын созуға дайын тұрады», - дейді Ирина.
Аудандағы жас өнерпаздардың дарынын шыңдап, өнеріне қанат бітіріп жүрген ұстаздардың жасап жатқан игі бастамалары көңілге қонымды. Жас ұрпақтың санасына ұлттық өнерді дарытатын дарынды ұстаздар мен өнерді өркендетуге үлес қосқысы келетін талапты жас өрендер барда қазақ өнері ешқашан көштен қалмайтыны даусыз.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
Ақтоғай ауданы.


