Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі қуантады. Ауыл әкімі Әділхан Мұхамеджановтың айтуынша, мұндағы халық саны жыл сайын өсіп, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы едәуір жақсарып келеді. Елдімекен қалаға жақын орналасқандықтан, аймағымыздың өзге ауыл-аймақтарынан қоныс аударушылар көп. Жыл сайын кем дегенде оннан астам жаңа үйлер салынып, ауыл көркіне сән қосуда. Кенжекөл ауылына қарайтын Байдала, Долгое шағын ауылдарының да қазіргі жағдайы жаман емес. Атап өтерлігі, алты мыңға жуық тұрғыны бар ауылда жұмыссыздар тізімінде тұрған небары сегіз-ақ адам бар. Өзгесі екі қолға бір күрек тауып, ел қатарлы бай-қуатты тірлік кешуде.
Бұған дейін ауыл халқы үшін ауыз су мәселесі қиындық тудырып келген. Қазіргі таңда су құбырлары тартылып, нәтижесінде тұрғын үйлердің 50 пайызы таза ауыз сумен қамтылып отыр. Ал 2012 жылға дейін кенжекөлдіктер 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Әділхан Жаркенұлының айтуынша, бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 19 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылып қойған. Сонымен қатар ауыл шетінде жаңадан үйлер салынып жатқан аумақтарда электр жарығының болмауы да күн тақырыбындағы күрделі мәселенің бірі еді. Бүгінде «Энергоград» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көмегімен барлық көшелерге электр желісі тартылуда. Тағы бір қуантарлық жайт, жақында ауылда жаңа дәріхана ашылады деп жоспарлануда. Айта кету керек, бұл игілікті іске демеуші болған - жергілікті кәсіпкер Е.Адамов деген азамат.
Ауыл әкімінің сөзіне қарағанда, осында үлкен фирмалар, акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер болмаса да, жекелеген қалталы азаматтар халық қамы үшін қолдан келген көмектерін аямауда. Мәселен, С.Үсенбаев есімді кәсіпкер тұрғындарға арнап монша салса, «Едрешова» шаруа қожалығы ауыл балалары мен жасөспірімдерінің бос уақытын тиімді өткізуі үшін арнайы орталық ашқан.
Мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасы аясында биылғы жылы 14 миллион теңгеге жуық қаржы игеріліп, ауыл жолдары жөнделген.
Он жеті ұлттың өкілі тату-тәтті күн кешіп жатқан келешегі зор келбетті ауылда мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, кітапхана, пошта, мешіт, екі кафе, он шақты дүкен және басқа да түрлі бағыттағы халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік нысандар бар.
Жалпы, Кенжекөл ауылының тұрғындары үшін жағымды жаңалықтар аз емес. Келер жылы мұнда жаңа аурухана салынады. Ал 2013 жылға қарай мәдениет үйі бой көтереді деп жоспарлануда.
Ауыл мектебінде айшықты істер көп...
Кенжекөл ауылындағы орта мектепте 620 бала білім нәрімен сусындауда. 1985 жылы қабырғасы қаланған ғимарат негізінен 420 балаға лайықталып салынған. Алайда ауылдағы халық санының өсуіне байланысты мектеп жасындағы оқушылар қатары артып, бүгінде олар екі кезең бойынша білім алуда. Сондай-ақ Байдала, Долгое ауылдары мен мұндағы отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілері де осы мектепте оқиды. Алыс-жақыннан келетін оқушылар үшін көлік мәселесі оң шешімін тапқан. Аз қамтамасыз етілген отбасыларының балалары үшін де тегін ыстық тамақ қарастырылған. Оқу-құралдары да жеткілікті. Алайда ұстаздар қауымы мектеп ішінің жөндеу жұмыстарын қажет ететінін айтады. Ал Байдала мен Долгое шағын ауылдарындағы бастауыш мектептеріне өткен жылы мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасы бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бүгінгі күні білім ордасында 55 мұғалім еңбек етеді. Олардың 51-і - жоғары білімді мамандар. Ұжымда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің грамоталарымен марапатталып, «Білім беру ісінің үздігі» атанған ұлағатты ұстаздар да баршылық.
Мектеп директоры Жұлдыз Тайкебаеваның айтуынша, осында 30 сынып кабинеті, зертхана, шеберхана, асхана, кітапхана, спорт зал және 120 орындық мәжіліс залы бар. Материалдық-техникалық база көңіл көншітерліктей. Оқушылар үшін 6 интерактивті тақта, оннан астам компьютер жұмыс істейді. Компьютерлердің барлығы интернет желісіне қосылған. Ұстаздар қауымына арналған әдістемелік кабинет пен «Өзін-өзі тану» бөлмесі толықтай жаңа жиһаздармен жабдықталған. Физика кабинеті де заман талабына сай зертханалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бір сөзбен айтқанда, мектеп оқушылары физика пәнін оқып қана қоймай, онда іс жүзінде зерттеу жұмыстарын да жасайды. Мұғалімдер бұл мүмкіндік оқушылардың ғылыммен айналысуына жол ашатынын алға тартады.
Оқушылардың сапалы білім алуы үшін ұстаздар қауымы тынымсыз еңбек етуде. Соның дәлеліндей, өткен оқу жылында мектеп бітірушілер ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) қала мектептері бойынша 88,68 бал алған. Ал қазақ сыныптарын тәмамдаған түлектердің ҰБТ-дағы орташа көрсеткіші 101,25 балды құраған. Осыдан-ақ, мектептегі білім деңгейінің жоғары екенін аңғаруға болады. Былтыр алтын ұядан жаңа өмірге қанат қаққан 20 түлектің 10-ы мемлекеттік білім грантын жеңіп алып, жоғары оқу орындарына түссе, 4-уі бюджеттік колледждерде білім алуда. Басқалары да қарап қалмай, өмірден өз жолдарын тауып, ақылы оқу орындарына түскен.
Қарапайым ғана ауыл мектебі жас ұрпаққа білім берумен қатар олардың шығармашылық қабілеттерінің дамуына да ерекше мән береді. Осы мақсатта оқушылар үшін түрлі үйірмелер жұмыс істейді.
Жалпы, мектептің қол жеткізген жетістіктері аз емес. Мәселен, облыс мектептерінің әдістемелік жұмыс жобасы байқауында Кенжекөл орта мектебі «Ауыл мектептеріндегі тәрбиелік жүйенің ең үздік моделі» аталымы бойынша жеңімпаз болса, өткен жазда қалалық «Жаз-2010» байқауынан бірінші орын алып, облыстық байқауда «Мектеп жанындағы үздік лагерь» деген атауды иеленген. Қалалық «Жыл мұғалімі-2010» байқауында да осы мектеп «Үміт» аталымы бойынша жүлдегер атанған. Сондай-ақ кенжекөлдік оқушылар облыстық, республикалық пән олимпиадаларына, өзге де шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды қанжығаларына байлауда.
Балабақшадағы балғындар бақытты!
Павлодар қалалық әкімдігі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуге баса мән беруде. Оған жыл сайын қала ішінде, қалаға қарасты елді мекендерде ашылып жатқан балабақшалар мен шағын орталықтар дәлел. Қуантарлығы, бұл игілікті істің жемісін кенжекөлдік бүлдіршіндер де көруде. Осыдан бір жарым жыл бұрын Кенжекөл ауылында №20 балалар бақшасы есігін айқара ашты. Бүгінде мұнда 2-6 жас шамасындағы 140 бала екі тілде тәлім-тәрбие алады. Үлкен ауыл үшін балабақша ғимараты тарлық етеді. Мектепке дейінгі мекеменің директоры Гүлшекер Балағазинованың сөзіне қарағанда, бақшада кезекте тұрған балғындар саны басым.
Аталмыш мектепке дейінгі білім беру мекемесі балаларға тәлім-тәрбие берумен қатар олардың тіл байлығын, дүниетанымын дамыту мақсатында да көп іс-шаралар атқаруда екен. Гүлшекер Тоқтарқызы: «Балабақшаның ашылғанына шамалы уақыт болғандықтан әдістемелік оқу-құралдары тапшы. Дегенмен, балаларымызға жақсы тәрбие, нәтижелі білім беру үшін мұндағы тәрбиешілер Павлодар қаласындағы үлгілі бақшаларға барып, тәжірибе алмасып тұрады. Сонымен қатар даярлық тобындағы балаларды мектепке дайындау үшін ауыл мектебі мен балабақша арасында тығыз байланыс қалыптасқан. Ересек балалар жиі мектепке барып, партаға отырып, оқушылық өмірге бойларын үйретеді. Психологиялық тұрғыдан алып қарағанда, балалар үшін бақша мен мектеп арасындағы сабақтастықтың маңызы зор. Қазір осында 12 тәрбиеші жұмыс істейді. Кадрлар жеткілікті», - дейді.
Бақшада балаларға мемлекеттік тілмен бірге шет тілдері де үйретіледі. Тәрбиешілердің пікірінше, Сара Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» пәні биыл бақша бағдарламасына еніп, сәтті жүзеге асуда.
Әрбір мереке қарсаңында тәрбиеленушілерге арналған қызықты шаралар ұйымдастырып тұру балабақша үшін дәстүрге айналған.
Міне, бұған дейін үйде отырып, бүгінде бақшада жүрген кішкентай ауылдықтар осы мекеме ашылғаннан бері бақытты әрі көңілді күн кешуде. Себебі ауылда мұндай бақшаға баруды армандап жүрген балалар көп. Ауыл тұрғындары да келешекте осында жаңа балабақша ашылса екен деп армандайды.
Жеткіншектер бос уақытын тиімді өткізеді
Кенжекөл ауылында балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен, түрлі шығармашылық жұмыстармен айналысуларына ерекше мән берілген. Олай дейтініміз, ауылда жеткіншектерге арналған «Сұңқар» атты балалар-жасөспірімдер клубы, балалардың бос уақытын өткізу орталығы ашылған.
«Сұңқар» балалар-жасөспірімдер клубында «Тоғызқұмалақ», «Дзюдо», «Самбо», «Қолданбалы шығармашылық өнер», футбол, баскетбол, тағы басқа ондаған үйірмелер жұмыс жасайды. Мұндағы барлық үйірмелерге балалар ынталы қатысады. Мәселен, «Қолданбалы шығармашылық өнер» үйірмесіне 23 бала жазылған. Осы үйірменің жетекшісі Эльмира Смақова: «Балалар осында әр түрлі қолөнер бұйымдарын жасауды үйрене отырып, ой-өрістерін, шығармашылық қабілеттерін дамытады. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының қызығушылығы зор. Ғылым мен техника күн санап қарыштап дамып жатқан тұста жеткіншектер үшін шығармашылық сипаттағы мұндай үйірмелердің берері мол», - дейді.
Ал спорттық үйірмелерге үздіксіз қатысып жүрген балалардың арасында облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, қанжығаларын жүлделі орындармен майлап жүргендер де аз емес екен.
Ашылғанына бес-алты ай ғана болған балалардың бос уақыттарын өткізу орталығында жеткіншектер үшін барлық мүмкіндік жасалған. Ғимарат іші жылы әрі жаңа жиһаздармен жабдықталған. Интернет желісіне қосылған бес компьютер, екі бильярд залы бар. Осы орталықты ашуға мұрындық болған «Едрешова» шаруа қожалығының директоры Анар Едрешованың айтуынша, орталық-ауыл жастарының игілігіне арналып ашылғандықтан, бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізгісі келген үлкен-кішінің бәріне есік ашық.
Міне, осыған қарап ауыл жастары үшін, жалпы ауылдағы тұрғындар үшін жасалып жатқан игі істердің көп екенін аңғаруға болады.
Нұржайна ШОДЫР,
Павлодар қаласы, Кенжекөл ауылы.





