АУЫЛ ТІРЛІГІ – АЙШЫҚТЫ, БОЛАШАҒЫ НҰРЛЫ

 

Газетіміздің өткен нөмірінде Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылының тыныс-тіршілігі жайында ««Кенжекөлдің» келешегі-кемел, келбеті-келісті» деген тақырыпта мақала жарық көрген болатын.

Әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, көркі күннен-күнге көз тартып келе жатқан ауылда әлі де сөз ететін игі істер баршылық.

 

Жас дарындар - ел тірегі

Кенжекөл ауылында отыз жылдан астам тарихы бар музыкалық мектеп жұмыс істейді. Атап өтерлігі, аймағымыздағы өзге ауылдарда мұндай арнаулы өнер мектебі жоқ екен. Музыкалық мектептің осы күнге дейін сақталып, дарынды балалардың талантын шыңдап келе жатқанына оның директоры Қапиза Сәдуақасованың қосқан үлесі зор.

Ширек ғасыр бойы өнер ордасын басқарып отырған ол: «Мектебіміз бірнеше мәрте жабылып қала жаздады. Алайда ұрпақ қамын ойлаған ұжымның арқасында көп қиындықтарды бірге басымыздан өткердік. Қазір балаларға сапалы музыкалық білім беру үшін алаңсыз қызмет етудеміз. Шаңырағымыздан талай талант иелері сусындап, қияға қанат қақты. Бүгінде олардың алды өрелі өнерімен республика жұртшылығына танылуда»,-дейді.

Қазіргі таңда осында 75 бала білім алады. Ең бастысы, оқушылардың жақсы білім алуы үшін барлық мүмкіндік жасалған. Музыкалық аспаптар мен қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті.

 

Өнерпаз өрендер үшін «Домбыра», «Қобыз», «Вокал», «Саксофон», «Аккордеон», «Фортепиано» сыныптары ашылған. Оқушылар аталған сыныптарға барып, музыкалық аспаптарда ойнауды меңгерумен қатар түрлі жанрда ән салып, би билеуді де үйренеді. Әрбір мереке қарсаңында оқушылар ауыл тұрғындарына арнап концерт қояды. Сондай-ақ олар көршілес ауылдарға, Павлодар қаласындағы қарттар үйіне барып, өнер көрсетуді дәстүрге айналдырған. Мектеп ішінен құрылған «Ән шашу», «Домбыра» ансамбльдері мен басқа да өнер топтары көрермен ықыласына бөленіп, ұстаздарын қуантуда.

Қапиза Сәдуақасованың айтуынша, бұл өнер ордасына оқуға түскен балалар осында 5-6 жыл бойы білім алады. Бұдан кейін оларға арнайы музыкалық мектебін тәмамдағаны туралы куәлік беріледі. Соның көмегімен еліміздегі таңдаулы музыкалық жоғары оқу орындарына түсіп, мәдениет саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген түлектер көп. Олардың қатарындағы Жанар Ермекбаева, Динара Дүйсенбаева, Ризолла Садықов, Арай және Алтынай Қабдесовалар, Жамбыл Төлешов сынды түлектер - мектеп мақтанышы. Тіпті, осынау қасиетті өнер ұясының кейбір шәкірттері шет мемлекеттерге барып, тас жарған талантының арқасында сол жаққа сіңісіп те кеткен екен.

Мектеп оқушылары халықаралық «Дельфилік ойындар», республикалық «Айналайын», «43-ші жас музыканттар сайысы» және өзге де байқауларда бақ сынап, жүлделі орындарды иеленуде. Бұл - ауылдағы музыкалық мектеп үшін үлкен мәртебе.

 

Тұрғындар денсаулығы - басты назарда!

Елбасымыз жыл сайынғы Жолдауында халықтың денсаулығына баса мән беріп, салауатты ұрпақ тәрбиелеуді тапсырған. Бұл ретте Кенжекөл ауылында атқарылып жатқан игі шаралар көп. Ондағы дәрігерлік амбулатория қызметкерлері де алты мыңға жуық ауыл тұрғынының денсаулығы үшін күн-түн демей тынымсыз еңбек етуде. Қуантарлығы, соңғы жылдары ауылда бала туу көрсеткіші артқан. Кенжекөл ауылдық дәрігерлік амбулаторияның педиатры Марияш Сейітқазина: «Былтыр осында 100 сәби дүниеге келсе, үстіміздегі жыл басынан бері 115 нәресте туды. Барлығының денсаулық жағдайы бірқалыпты. Соңғы 10-15 жылдан бері бала өлімі болған жоқ. Біз тұрғындардың дені сау болуы үшін қолымыздан келгенді аямаймыз. Қазіргі уақытта елімізде медицина саласына ерекше көңіл бөлініп, дәрігерлер үшін көп мүмкіндіктердің жасалып жатқаны қуантады», - дейді.

Дәрігерлер ел ертеңі болар балғындар жағдайына көп көңіл бөледі екен. Мұнда тіркеуде бір жарым мың бала бар. Олардың барлығы сары ауру, қызылша, басқа да түрлі жұқпалы індеттерден аман-есен. Бүлдіршіндер дер кезінде ем-дом алып тұрады. Ауылдық ақ желеңділер «Сақтықта қорлық жоқ» демекші тұмауға, жұқпалы ауруларға қарсы салынатын екпелердің аздық ететінін алға тартады. Өкініштісі, аталған мәселе өзге өңірлерде де бар.

Ауылдағы дәрігерлік қызмет көрсету мекемесіндегі ем-шара, зертхана, екпе жасау бөлмелері қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Бірқатар қарапайым медициналық талдаулар (анализдер) осындағы зертханада тексеріліп, нәтижесі сарапталады. Ал күрделі талдаулар қала түбіндегі ауруханаларға жөнелтіледі.

Жалпы, кенжекөлдіктерге медициналық көмек көрсету дұрыс жолға қойылған. Десе де, келер жылы ашылғалы отырған жаңа ауруханада ауылдықтарға бұдан да сапалы қызмет көрсетілетіні анық. Сонымен қатар, жақында тұсауы кесілетін дәріхана да кенжекөлдіктер игілігі үшін ашылуда.

«Бірінші байлық -денсаулық» деген ұранды ұстанған тұрғындардың айы оңынан туар қуанышты сәт алда.

 

 

Білімді, иманды ұрпақ тәрбиеленеді

Халықты рухани азықпен сусындататын мәдени орынның бірі - кітапхана десек, бұл бағытта кенжекөлдіктер үшін үлкен мүмкіндік жасалған. Ауыл оқырмандарына кітапхана қызмет көрсетеді. Атап өтерлігі, рухани білім ордасында он жеті мыңнан астам кітап қоры бар. Сонымен қатар үстіміздегі жыл басынан бері 335 жаңа кітап сатып алынған. Олардың 220-ы - қазақ тілінде жарық көрген кітаптар. Кітапханашы Раушан Тәліпова: «Осы мекемеге ауыл бойынша бір жарым мың оқырман тұрақты келіп тұрады. Кітапхана олардың сұраныстарын қанағаттандыра алады. Өйткені оқырмандарымыздың үлкені де, кішісі де іздегендерін тауып, ризашылықтарын білдіріп жатады. Жыл сайын мұндағы кітап қорын байытып отырамыз. Сондай-ақ белсенді оқырмандарымыз үшін түрлі іс-шаралар да ұйымдастырып тұрамыз», - дейді.

Кітапханада республикалық, облыстық газет-журналдардың саны көп. Әсіресе балаларға арналған әдебиеттер мен журналдар басым. Сондықтан да білім қуған мектеп оқушыларының көбі қолдары қалт ете қалса, осында жүгіреді екен.

Ауыл әкімі Әділхан Мұхамеджановтың айтуынша, мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасы аясында былтыр бұл мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, терезелері толығымен жаңартылған. Жылу құбырлары да жөнделген. Ең бастысы, оқырмандар үшін кітапхана есігі әрдайым ашық, іші жылы.

Кенжекөлде мешіт те бар. Осындағы алты мыңға жуық тұрғынның төрт мыңнан астамы қазақ ұлты болғандықтан, ислам дінін ұстанғандар көп. Жұма күндері мешітке келіп, садақа салып, марқұм болған туған-туыстарына құран бағыштатып жататын жамағат жетерлік. Мұсылман қауымы үшін ауылдағы Алла үйінің есігі айқара ашық. Ауылда мешіттің болуы - халық үшін қуанышты жайт. Себебі мешітке келіп, діни уағыздар естіп жүрген әр адамның жүрегі тазарып, имандылыққа бет бұра бастайтыны - ақиқат.

 

Нұржайна ШОДЫР,

Павлодар қаласы,

Кенжекөл ауылы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31