басқамыстықтар баянды болашақ жолында
Ақтоғай ауданынан шалғайда жатқан елді мекендердің бірі – Басқамыс ауылы. Қазақы қалпы сақталған аталмыш ауыл бұрнағы жылдары Шідерті деп аталатын-тұғын. Үш жүзге тарта тұрғыны бар ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі көңіл көншітерліктей. Төрт түлік мал өсіріп, жаз болса егін егіп, күнделікті тіршіліктің күйін күйттейтін Басқамыс ауылдық аумағы Ақтоғай ауданы бойынша ауыл шаруашылығы жақсы дамыған елді мекендердің санатына жатады. Ең бастысы, ауылда екі қолға бір күрек таба алмай жүрген адамды кездестірмейсіз. Тұрғындардың барлығы дерлік келешек қамы үшін тынымсыз еңбектенеді.
МЕКТЕП ТҮЛЕТКЕН ТҮЛЕКТЕР
Жолыңыз түсіп Басқамыс ауылына бара қалсаңыз, алдымен алыстан мен мұндалап зәулім мектеп көзге түседі. Бұл - Шідерті орта мектебі. Үш қабатты білім ошағының іші мұнтаздай жайнап тұрғанымен, мұнда білім алатын оқушылардың саны 30-ға жетер-жетпес қана. Өкініштісі осы. Бірақ баланың санына қарап жатқан ұстаздар жоқ. Білім сапасына ерекше көңіл бөлетін мектеп ұжымы былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуден аудан бойынша үшінші орынға ие болды. Мектептің өнерлі ұл-қыздары да аудандық мәдени іс-шараларға белсене атсалысады. Шідерті орта мектебіне жұмысқа тұрғанына көп бола қоймаған Анар Қаржаубайқызы білім ордасының көркемдік жетекшісі әрі музыка пәнінен сабақ береді. Балалардың музыкалық қабілетін дамытып, өнерге деген құлшынысын арттыруды мақсат еткен Анар мектептегі домбыра, би, хор үйірмелеріне жетекшілік етеді. «Бүгінде хорға 21 бала қатысады. Сондай-ақ, «Қара жорға» биін үйренуге ниет білдіргендердің ынта-ықыласы жоғары. Заманауи билерді де айрықша орындап шығатын талантты ұл-қыздар баршылық»,- дейді ол. Мектеп ұстаздары аудандық, облыстық ән байқауларының жеңімпазы Әйкерім Боранбаеваның болашағынан көп үміт күтеді. Білім ошағының былтырғы түлектері Бибінұр Ауған мен Рымкеш Сүлеймен - ұстаздар сенімін ақтаған шәкірттер. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ әдебиет әлеміне терең үңіле білген қос түлек - аудандық, облыстық көркем шығарма оқуларының жеңімпаздары. Бүгінгі таңда Павлодар қаласындағы Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжде білім алатын Бибінұр мен Рымкеш жуырда ғана ұйымдастырылған қалалық Абай оқуларының жеңімпаздары атанды. Мектеп ұжымы осы екі түлегімен мақтанады. Білім ошағының директоры Қарлығаш Қабылқақова - өз ісінің шебері. Еңбек жолын қарапайым ұстаздықтан бастаған ол мектеп директоры қызметіне дейін көтерілді. Бұл Қарлығаш Еркінқызының еңбекке деген құштарлығы мен өз ісіне сүйіспеншілікпен берілгендігінен болар.
ИМАНДЫ ӨЛКЕ
«Ел ағасыз болмайды» дегендей, Басқамыс ауылының жастарын тура жолға салып отыратын ақсақалдар қауымы жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Жастардың жүректерін иман нұрымен нұрландырып, адал болуға шақыратын ақсақалдардың бас қосатын орны – Жантемір ата атындағы мешіт. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Басқамыс ауылының құрметті азаматы Серікбай Бояубаев жерлестері үшін Алланың үйін тұрғызып берді. Ақкөл-Жайылма өңіріне танымал Исабек ишан, Жандарбек аталардың қасиетті жолын жалғаушы Сопаш Сәлімұлы ауылдастарын имандылыққа шақырудан жалыққан емес. «Алла үйіне өмірдің қызығы мен шыжығын бастарынан өткерген қариялармен қатар мектеп оқушылары да үнемі келіп тұрады. Жұма намазына жамағатпен бірге жығылып, Алла Тағаланың ақ жолымен жүруді көздейтін жас жеткіншектердің мұндай игі бастамалары қуантады»,- дейді Сопаш ақсақал. Жазғы демалыс уақытында мұнда Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінен ұстаздар келіп, мектеп оқушыларына бір ай бойы діни дәріс береді. Дәстүрге айналған игілікті іс биыл да жалғасын тапты. Қасиетті Құран Кәрімнің сүрелерін жетік меңгерген балалар ел ордасы Астанаға үш күндік сапармен демалып қайтты. Діни дәрістер балаларды тура жолдан таймай, тек қана адал болуға үндейтіндігін алға тартты Сопаш ақсақал. Мұсылмандардың ұлық мерекесі қасиетті Рамазан айында, Құрбан айт күндері мешітте мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Әсіресе, Ислам дінін ел арасында насихаттауда Тезекбай, Қабдуахит аталардың сіңіріп жатқан еңбегі шаш етектен. Иманды өлкенің бүгінгі тіршілігі осылайша өтіп жатыр.
АУДАН БОЙЫНША АЛҒАШҚЫ ОРЫНДА
Жоғарыда атап өткеніміздей Басқамыс ауылдық аумағында ауыл шаруашылығы басты назарға қойылған. Әсіресе, тұрғындар төрт түлік мал өсірумен айналысады. Қазіргі таңда ауылда «Шұбарқұлын», «Шұхмет» шаруа қожалықтары және «Құдияр» фермерлік шаруа қожалығы жұмыс істейді. Жанболат Әшірбеков басқаратын «Құдияр» фермерлік шаруа қожалығы егін егу жұмыстарымен айналысады. Жыл сайын бидай мен күнбағыс өнімдерін өсіретін қожалықтың жұмысына аудан басшылары жоғары баға береді. Ал Жомарт Сүйінов иелік ететін «Шұхмет» шаруа қожалығы төрт түлік мал санын арттыруды алға қойған. Ірі қарадан бастап, қой-ешкіге дейін асырайтын қожалық ауыл тұрғындарының біразын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 1992 жылдан бері жемісті жұмыс атқарып келе жатқан «Шұбарқұлын» шаруа қожалығы да мал шаруашылығымен айналысады. Қожалықтың басшысы Орынбасар Нұрлықайымованың айтуынша орталық алғашқы уақыттарда егін шаруашылығын алға қойды. Бертін келе мал шаруашылығы саласын жетілдіруді көздеген қожалық бұл салада жемісті жұмыс істеуде. «Қожалығымда 100-ден аса ірі қара, 200-дей қой-ешкіміз бар. Биыл «Жайлау» бағдарламасы бойынша 100 қой сатып алдым. Қожалықта менімен қосқанда бес адам жұмыс істейді. Жұмыскерлердің еңбекақысын ай сайын ақшалай немесе материалды түрде беріп тұрамын»,-дейді Орынбасар Айтбайқызы.
Шаруа қожалығы өткен жылы ет және сүт өнімдерін көп беретін симментал тұқымды сиырдан он бас сатып алды. Техникалары да қожалықтың шаруашылық жұмыстарын атқаруда көп септігін тигізіп отыр. Орынбасар Нұрлықайымова қарамағындағы жұмыскерлердің жағдайына баса назар бөледі. «Жұмысыңды адал атқарып отырған адамдардың жағдайына үнемі алаңдап отырамыз. Олардың қиыншылығы - менің де қиыншылығым. Мен көтерген ауыр жүк - олардың да көтергені»,- дейді Орынбасар Айтбайқызы. Биылғы жылы қожалық сүт өнімдерін «Сүт» акционерлік қоғамына тапсырды. Акционерлік қоғаммен арнайы келісімшартқа отырған қожалықтың бастамасы жаман емес. Олар маусым айынан бастап 15 тоннадай сүт жіберген. Мұндай игі бастама қожалықтың жұмысын жандан-дырып қана қоймай, ауыл адамдарына қосалқы көмек болды. Сүттің литрін 30 теңгеден алған «Шұбарқұлын» шаруа қожалығы тұрғындардың қаражаттан тапшылық көрмеуіне септігін тигізген көрінеді. Қожалық басшысы игі бастама келесі жылы да жалғасын табады дейді.
Басқамыс ауылдық аумағының әкімі Сержан Нұрлықайымовтың айтуынша елді мекен биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласында Ақтоғай ауданы бойынша бірінші орынға шығыпты. Ауылдың мұндай дәрежеге көтерілуіне шаруа қожалықтарының тигізер септігі мол.
Еліміздегі агрокешеннің дамуына осылайша үлес қосып отырған ауылдың шешілмей жүрген мәселелері де жоқ емес. Әсіресе, тұрғындарды жол мәселесі әуре-сарсаңға салады. Бұрқасын борандарда бітеліп, шелектеп жауған жаңбырдан езіліп кететін жол мәселесі шешілсе, ауылдықтар үшін төнген қара бұлт сейілер еді. Өйткені тұрғындардың айтуынша қалаға қатынайтын жолда кей кездері адам шығыны да болып жатады.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
Басқамыс ауылы, Ақтоғай ауданы.

