АУЫЛДЫҢ АУҚАТТЫЛЫҒЫ –ҚАУЫМНЫҢ ЖЕҢІСІ

alt

Өз өмірлерін ауылмен байланыстырғандар үшін Үкімет жергілікті билік органдарымен бірлесіп, селолық кәсіпкерлікті дамыту жөнінен шаралар кешенін әзірлеуге тиіс.

 ҚР Президенті Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауынан.


Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауында ауыл-аймақтарды гүлдендіруге, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға баса мән беріліп келеді. Жолдау жүктеген міндеттерді орындау мақсатында Павлодар облысына қарасты Успенка ауданында атқарылған іс-шаралар аз емес. Бұл жөнінде аудан әкімі Нұрлан Қабыкенұлы Әутәліповтің газетімізге берген сұхбатында мәлім болды.  

- Нұрлан Қабыкенұлы, сұхбатымызды ауданның бүгінгі ахуалынан бастасақ.  
 - Бүгінгі күні өзім басқарып отырған ауданның экономикалық жағдайы жылдан-жылға дамып келеді. Халықтың әл-ауқаты өткен жылдарға қарағанда біршама жоғары деңгейде. Бұл ретте өңірдің гүлденуіне жекелеген шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің үлкен үлес қосып отырғанын атап өткен жөн. Алайда, мемлекет тарапынан да жан-жақты қолдау көрсетіліп, ел игілігі үшін көп жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде, 2011 жылдың алғашқы үш айында мал мен құс басының өскені, мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің дамығаны байқалады.
Бүгінгі күні ең басты мәселе – егіс науқанына жан-жақты дайындалу. Осы мақсатта 10 257 тонна тұқымдық материал себу сапасын тексеру үшін арнайы зертханаға жіберілді. Шаруа қожалықтары мен диқандар егіс науқанын уақытында және сапалы жүргізу үшін ауыл шаруашылық техникасын дайындықтан өткізуде. Қазір техникалар 100% дайын деп айтуға болады. Сонымен қатар, өңірде 2011-2015 жылдарға арналған ауданның аумақтарын дамыту бағдарламасын іске асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленуде. Осы жоспарға сәйкес, биыл Успенка ауылында күнбағыс майын өңдеу зауыты, нан-тоқаш бұйымдарын шығару цехы пайдалануға берілетін болады. Қозыкеткен ауылында күнбағыс майын өңдеу цехын іске қосу, Ковалев ауылында күнбағысты өлшеп-орау цехын ашу, Ольгин ауылында диірмен кешенін салу жоспарланып отыр.
Ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасы бойынша ауданға қарасты 22 елді мекеннің       13-і жоғары әлеуетті, 9-ы орта әлеуетті деген мәртебеге ие. 2014 жылға дейін жоғары әлеуетті елді мекендер санын 18-ге жеткізу көзделуде. Осы жұмыстар ойдағыдай іске асса, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бұдан да жақсарады деген сенім бар.
- Ауданның дамуына жекелеген шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің де үлес қосып жатқанын атап өттіңіз. Ал өңірде осы кәсіпкер азаматтарға қолдау көрсету, несие беру мәселелері қандай деңгейде?
- Шағын және орта бизнесті дамыту арқылы халықты жұмыспен қамтып, жергілікті бюджетке түсім көлемін арттыруға болады. Атап өтерлігі, осы аудандағы халықтың  экономикалық белсенді санының 13% шағын бизнеспен айналысады. Бұл іс әлі де жалғасын табуда. Бір ғана мысал келтірер болсам, былтыр «Ақнұр» шағын несие ұйымы арқылы 8 адам 3,1 млн. теңге сомасында несие алды.
Кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін ынталандыру, оларға әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы шеңберінде «Даму» АҚ-ның қолдауымен ауданда 2 күндік тегін оқыту курстары ұйымдастырылды. Және де осы жылы кәсіпкерлерге арнап «Салық заңнамасы», «Бизнес-жоспар» тақырыптарында семинар өткізуді жоспарлап отырмыз.
- Өңірде ет, сүт өнімдерін өндіру талап деңгейінде ме?
- Нәпақасын төрт түліктен табатын ауыл тұрғындары мал басын жылдан - жылға арттыруда. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша ауданда мал басының өскені байқалады. Осы көрсеткіш биылғы жылдың алғашқы 3 айында да сақталуда. Бүгінгі күні өңірде 22 945 ірі қара мал, 4 410 жылқы, 21 001 қой, 7 394 шошқа және 53 319 құс бар.
Ауыл шаруашылығының шикізат өнімдерін дайындау және қайта өңдеу үшін ауданымызда 19 дайындау пункті жұмыс істейді. Сүт және ет дайындау жұмысы жақсы жолға қойылған, аудан бойынша сүт қабылдайтын 15, оның ішінде 10 стационарлық, және ет дайындаумен айналысатын 8 пункт жұмыс істеуде.
Мал өсірумен айналысушыларды қолдау мақсатында жүзеге асып жатқан республикалық «Сыбаға» бағдарламасына ауданымыздың 14 шаруашылығы қатысады деп жоспарлануда. Осы бағдарлама бойынша биыл Успенка ауданына «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 13 млн. теңге көлемінде несие қаражаты бөлініп отыр. Сондай-ақ, ауданда ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту үшін «Галицкое» ЖШС-де бордақылау алаңының құрылысы жоспарлануда.
- Жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде?
- 2010 жылы халықты жұмыспен қамтуға байланысты қолға алынған шараларды жүзеге  асыру үшін 18,2 млн.теңге жұмсалды. Барлығы 602 жұмыс орны құрылып, 219 тұрақты жұмыс орны ашылды. Кеңейтілген әлеуметтік жұмыс орындарына 95, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 42 адам, ал жастар тәжірибесі бағдарламасы аясында 30 түлек жұмысқа орналастырылды.
50 жұмыссыз адам кәсіби дайындық және қайта даярлауға жіберілді. Қоғамдық  жұмыстарға 209 адам тартылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық  деңгейі 0,4 пайызға  төмендеді. Жұмыспен қамту саласындағы басты бағыттардың бірі - әртүрлі топтағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру. Осы мәселені шешу мақсатында маусымдық, тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары пайдаланылады.
Биыл аудан бойынша 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Соның нәтижесінде, 120 жұмыссыз азамат түрлі салада тұрақты жұмысқа орналасатын болады. Қазіргі уақытта жұмыс берушілердің сұранысына сай ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинист мамандығы бойынша тіркелген 20 жұмыссыз адам кәсіби даярлаудан өтуде. Курс аяқталғаннан кейін олар тұрақты жұмысқа орналастырылатын болады. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында жұмыспен қамту орталығын ашу ісі қолға алынуда. Осы мақсатта республикалық бюджет есебінен  11 млн-нан астам теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ауданнан 80 адамды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына жіберу сондай-ақ өз бизнесін ашу үшін 30 азаматқа шағын несие беру қарастырылған. Әл-ауқаты төмен ауылдардағы тұрғындарды экономикасы дамыған елді мекендерге көшіру үшін 20 тұрғын үй салу жоспарлануда.
- Жұмыс істеу мақсатында алыстан ат терлетіп келген жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету, қаржылай қолдау көрсету шаралары туралы не айтасыз?
- Елбасының «Дипломмен - ауылға» жобасы аясында әлеуметтік салада қызмет етуге келген жас мамандарға 70 АЕК (105840 теңге) көлемінде жәрдемақы, тұрғын үй сатып алу үшін 630 АЕК қаржы төлеу қарастырылған. Республикалық бюджеттен ауылдық елді мекендерге тұру үшін келген әлеуметтік саланың 32 маманына 3,5 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақылар төленді. Сондай-ақ, алғаш рет тұрғын үй сатып алу үшін 14 маманға 11,5 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді. Жергілікті бюджет есебінен 33 жас маманға 4,2 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Аудандағы жас мамандарға қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
- Өңірдегі білім беру саласының аяқ алысы қандай? Мамандар жеткілікті ме?
- «Келешек - білімді жастардың қолында!» деп Елбасымыз айтқандай, өңірде білім беру саласына әрдайым көңіл бөлініп келеді. Атап айтар болсам, аудан бюджетінің 59,8 %-ы білім беру саласын дамытуға арналып отыр. Бүгінгі күні өңірде 20 мектеп бар. Онда 384 ұстаз еңбек етіп, 1729 бала білім алуда. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін 2 интернат қызмет көрсетеді. Бұл мекемелерде 32 бала тәрбиеленуде. Негізінен, бұрынғы жылдармен салыстырғанда, білім беру саласында да алға басушылық байқалады. Бүгінде мектептер 100% интернет желісіне қосылып, интерактивті және мультимедиялық құралдармен қамтамасыз етілген. 1-4 сынып оқушылары 100 % тегін ыстық тамақпен қамтылған. Балалардың қабілетін дамыту үшін эстетикалық бағыттағы «Балдырған» орталығы, «Қайсар» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубы жұмыс жасайды.
Ауданға 2010 жылы 24 жас мұғалім келді, олардың барлығына жағдай жасалды. 7 адамға үй сатып алуы үшін пайызсыз несие берілді. Алайда, әлі де ауданда мұғалімдер тапшылығы бар. Мәселен, 2011-2012 оқу жылында аудан мектептеріне 29 маман қажет болып тұр. Қазіргі таңда ауданның 18 студенті облыс әкімінің гранты бойынша жоғары оқу орындарында педагогикалық білім алып жатыр. Олардың ішінен 9 адам оқуларын бітіріп, 2011-2012 оқу жылында ауылдарына келеді.
Жылдан-жылға аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығаюда. Пән кабинеттерінің құрал-жабдықтары алынып, мектеп асханаларына арналған жиһаздар жаңартылды. Өткен жылы ауданымыздың 11 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта ауданның 5 мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Тағы бір атап өтерлігі, қазір бүкіл мектептерге жылы дәретхана орнатылып,  бұрынғы қазандықтар жаңа сертификатталған жылыту қазандықтарына ауыстырылды.
- Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы орындалуда ма? Бүгінгі күні аудандағы бүлдіршіндердің қанша пайызы мектепке дейінгі мекемелермен қамтылды?
- Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша республика көлемінде жаппай қолға алынған мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы Успенка ауданында да өз деңгейінде жүзеге асуда. Аталған бағдарлама аясында балғындарды мектепке дейінгі білім берумен қамту 88,3 пайызды құрап отыр. Ал үстіміздегі жылы Равнополь, Дмитриев орта мектептері мен №2 Успен жалпы білім беру мектебінің жанынан шағын орталықтар ашу жоспарлануда. Жалпы, бүгінгі күні өңірде 15 мектепке дейінгі мекеме қызмет атқарып, онда 662 бала тәлім-тәрбие алуда.
- Тұрғындардың денсаулығын жақсарту, сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында нендей жұмыстар қолға алынуда?
- Кез келген адам үшін алдымен темірдей мықты денсаулық қажет. Қазақта «бірініші байлық - денсаулық»,- деген қанатты сөз бар. Сол басты байлықты сақтап қалу үшін ауданымызда 18 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істеуде. Оларда 22 жоғары білімді дәрігер мен 78 орта  буындағы  медицина қызметкері еңбек етуде.
Медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін 2010 жылы орталық аудандық ауруханаға 3 жақты келісілген шарт бойынша құлақ және көз дәрігерлері, сонымен қатар 3 жылдық еңбек өтілімен балалар дәрігері жұмысқа келді. Жас мамандар 500 мың теңге көлемінде жәрдемақы алды. Биыл жоғары медициналық оқу орнынан 3 жақты шарт бойынша тағы да 4 дәрігер келеді деп күтілуде.    
Мамандандырылған және білікті медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін орталық аудандық дәрігерлер бригадасы елді мекендерге барып, тұрғындарға көмек көрсетіп тұрады. Алдын-ала дәрігерге көріну үшін орталық ауруханада сенім телефон жұмыс атқарады. Бұл туралы ақпарат үнемі аудандық газет бетінде жарияланады.
Былтырдан бастап шалғайдағы ауыл тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жеке кәсіпкер «Ержанов» жылжымалы дәріханасы белгіленген кесте бойынша жұмыс атқара бастады.
Биыл 15 құрылымдық дәріхана лицензия алды. Солардың көмегімен ауылдағы медициналық мекемелерге дәрі-дәрмектер тегін және жеңілдетілген бағамен үлестірілуде.
- Өлкенің мәдени өміріне тоқталсаңыз. Ауылдық округтердегі мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасы талапқа сай ма?
-  Тұрғындардың рухани байлығын арттыруға жетелейтін бірден бір орын - мәдени ошақтар. Қазіргі таңда ауданымызда 20 клуб, 18 кітапхана және 1 тарихи-өлкетану музейі жұмыс істейді. Соңғы жылдары «Жол картасы» және «Бұлақ» бағдарламасы бойынша      7 ауылдың мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлық ауылдық кітапханаларға телефон байланысы орнатылды.
Мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасы біршама нығайтылды. Жыл сайын аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мәдениет үйінің сахналық киімдері жаңартылып, ауылдық клубтарға музыкалық аппаратура алынуда. Биыл Белоусов, Вознесен, Тимирязев мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізу, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, клубтар және кітапханаларды толықтай компьютерлендіру ісі жоспарлануда. Сонымен қатар, ауданда көптеген мәдени шаралар жиі өткізіліп тұрады. Әсіресе, этномәдени бірлестіктердің филиалдары белсенділік танытуда.
- Ауданға қарасты ауылдық округ әкімдерінің халық алдында есеп беру кездесулерінде тұрғындар тарапынан телефон байланысын жақсарту, жолдарды жөндеу, әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, өзге де мәселелер көтерілген болатын. Аталған өтініш талаптардың шешілу барысы қалай?
- Қазіргі таңда барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру кездесулерінде айтылған ескертулер мен өтініштерді орындау жөнінде шаралар әзірленді. Тұрғындардың талап-тілегі орындалады. Ауданның барлық елді мекендеріне телефон байланысы орнатылған. Биыл Қоңырөзек, Константинов ауылдарында ұялы байланыс жүйесі іске қосылды. «Қазақтелеком» АҚ аудандық көмегімен талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылып, кең жалақта интернет қызметіне қосылу мүмкіндігі пайда болды. Сонымен қатар, аудан бойынша шалғайдағы ауыл тұрғындарына қазақстандық, ресейлік және шетелдік арналардың көрсетілімдерін сапалы көрулеріне мүмкіндік беретін спутниктік сандық қабылдау жабдықтарын орнату жұмысы жүргізілуде. Қазір аудан бойынша 169 сандық теледидар орнатылды.
Тұрғындар көтерген мәселелердің бірі - дәріхана жұмысын жандандыру. Осыған орай, жуырда Қоңырөзек ауылында қосымша бір коммерциялық дәріхана ашылды. Тағы да екі ауылда дәріхана ашу жоспарлануда. Сапалы медициналық қызмет көрсету үшін орталық ауруханада сенім телефоны жұмыс істейді. Сол арқылы тұрғындардың алдын ала дәрігерлерге жазылуына мүмкіндік жасалуда.  
- Елбасының халыққа Жолдауында халықты таза ауызсумен қамтамасыз етуге ерекше мән берілді. Бұл мәселе ауданда шешімін тауып жатыр ма?
- «Су – тіршілік көзі», - дегендей, халықты сапалы сумен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінуде. Аудан бойынша орталықтандырылған су құбырлар жүйесі Успен, Галицкое және Тимирязев ауылдарында орнатылған. Соның арқасында 5 323 тұрғын таза ауыз суға қол жеткізді. Ал былтыр Успенка ауылының су құбыры желілерін күтіп ұстауына аудандық бюджеттен 5,5 млн. теңге бөлініп, оған орталық су қысымының мұнарасы мен магистралды желілері жөнделді және 15 су тартқыш бағаналары сатып алынды.
2011-2020 жылдарға арналған республикалық «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде ауданның барлық елдімекендерін сумен жабдықтау жүйелерін құру мен қайта жөндеу жұмыстары жоспарлануда.
-Әңгімеңізге рахмет!



Сұхбаттасқан   Н.ШОДЫР
 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Сәуір 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30