Кеше облысымызда «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» атты жастардың республикалық марафон-эстафетасы басталды. Шамамен бес жүзге жуық белсенді ұл-қыздар Павлодар ауданының Красноармейка ауылында бас қосып, төрт мыңдай ағаш көшеттерін отырғызды. Аталмыш акция еліміздің барлық аймақтарында қолға алынуда. Осылайша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауылдық жерлерді көркейтіп, көгалдандыру туралы тапсырмасы аясында өткен жылы бастау алған бұл шара жастар арасында үлкен қолдауға ие болып, жалпыұлттық қозғалысқа айналып отыр.
Ауыл - қазақтың негізгі күретамыры. Ұлт руханиятының ошағы да содан бастау алады. Салт, дәстүр, мәдениеттің сарқылмас мол қоры ауылдарымызда сақталып келеді. Өркениетті қоғамдағы қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ететін де - осы елді мекендер. Өкінішке қарай, нарықтың нар көтермес ауыр жүгі ең әуелі ауылдарымызға салмақ салды. Тәуелсіздіктің соңғы кезеңдері елді мекендер еңсесін бірте-бірте тіктей бастады. Қазіргі кезде Үкімет тарапынан ауыл-аймақты қолдау шаралары еселей түскені белгілі. Бұл бағыттағы игі бастамаларға жастар қауымы да өз үлестерін қосып отыр. Республика бойынша мыңдаған жастар жұмылып, қолға алып отырған аталмыш акция - осының айқын дәлелі. «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» екенін айқын түсінген жастар қауымы халқымызға тән ұйымшылдықты танытып, ортақ мүдде жолында бір кісідей атсалысуда.
Красноармейка ауылына жиналған жастар алдымен жоғарыда аталған республикалық марафон-эстафетасының салтанатты ашылу рәсіміне арналған митингке қатысты. Олардың қатарында «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен жастар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, студенттер және оқушылар, сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жауынгерлері бар. Атап өтерлігі, белсенді жастардың қолға алған игі істерін жүзеге асыруына облыс басшылығы бастап, аудан әкімдері қостап қолдау көрсетіп отыр. Шараға қатысушыларды құттықтауға облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы А.Құрманова, Павлодар ауданының әкімі Қ.Бәстенов, еңбек ардагерлері келді.
Аға буын өкілдері жастардың ықылас-ниеттеріне оң бағасын беріп, сәттілік тіледі. Бұдан кейін қатысушылар тікелей жұмыстарына кірісті. Қолдарына қажетті құрал-жабдықтарын алып, ағаш көшеттерін отырғызды.
Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауын насихаттап, іске асыруға бағытталған акция «20 екпінді апта – Тәуелсіздіктің 20 жылдығына» деген ұранмен өтуде. Павлодарлық жастар ауылдарды көріктендіріп, күл-қоқыстан тазартып, көгалдандыру арқылы нақты, нәтижелі іс-әрекеттерімен аймақ жұртшылығына сый жасамақ. Кеше ресми бастау алған бұл шара енді кем дегенде төрт айға ұласатын болады. Оған аймақ бойынша мыңдаған жастар жұмылдырылады. Қазіргі кезде, осы мақсатта облыстың қалалары мен аудандарында 148 бөлімшесі құрылған. Бұған туған өлкесін гүлдендіруге атсалысқысы келетін кез-келген еңбекқор жастың қатысу мүмкіндігі бар. Ең бастысы, олардың еңбегі елеусіз қалмайды. «Естеріңізде болса, «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты жастардың республикалық марафон-эстафетасы алғаш рет өткен жылы ақтөбелік жастардың бастамасымен қолға алынған. Бұл шара біздің аймақ жастарының да зор қолдауына ие болды. Биыл аталмыш акцияға қатысуға ниет білдірген ұл-қыздардың саны едәуір көбейді. Әсіресе ауыл жастарының белсенділігі ерекше», - дейді «Павлодар облысы ауыл жастары одағы» корпоративтік қорының атқарушы директоры С.Жартыбаев.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, акция сондай-ақ, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеп, еңбекқорлыққа баулуға бағытталған. Сондай-ақ, жұмыспен қамтамасыз етуге де мол септігін тигізеді.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ,
Павлодар ауданы.

