Мен кезінде Қашыр ауданының қазіргі Тегістік ауылында біраз уақыт қызмет етіп, осы жерде алты баламды тәрбиелеп, ер жеткіздім. Қазірде ол ауылдың топырағы мен үшін ыстық. Бір кездері екі мыңға тарта халқы болған, арасынан облыс көлемінде лауазымды қызмет атқарған тұлғалар мен батыр аналар шыққан ауылдың бүгінде келбеті басқа. Осы күнгі тұрмыс-тіршілігін көріп, еріксіз өткен кезеңді еске алып, іштей қапаланасың. Мыңғырған малы, табын-табын жылқысы болатын. Бүгінде шаруа баққан ауылдағыларда төрт тұяқтының саны да көп емес. Қырыққұдық деген жерден қопа шөбін шауып әкелетінбіз. Соны қысқы мезгілде малға азық ретінде пайдаланатын едік. Қазірде жергілікті ағайындар осы шабындыққа бұзау-қозысын еркінше жібере алмайтын болған. Себебі, басқа жақтан келген кәсіпкер бұл алқапты жыртып, өз пайдасына жаратуда. Маңатына шаруаның малын жуытпайды. Бұл жағдай ауылдағы туған-туыстарға оңай тиіп отырған жоқ.
Ауылдың мектебі болмаса, мұндағы жұрт баяғыда тарап кетер еді. Бірақ оның салынғанына да қырық жыл болды, әлі күрделі жөндеу көрген жоқ. Тағы бір айтатын мәселе, ауыл көшесіне су алатын құдықтар орнататын уақыт жеткен. Тегістік ауылынан облыс орталығына автобустың жүрмейтінін де мұндағы халық бұрыннан айтып келеді. Бірақ естір құлақ табылмай тұр.
Тегістік ауылының аумағы 25-30 шақырымды құрайды. Осыншама жайылымы бар жерде 400-500 жылқы ұстайтын бірнеше шаруашылық құрып, қымыз дайындайтын ферма ашса, ауылдықтарға жұмыс көзі табылмай ма? Тегістіктің тұрғындары қазіргі кезде көршілес Трофимовка ауылына жұмысқа барады. Баға мәселесі де көпшілікті ойландырады. Жергілікті дүкен болса, тұрғындар қант-майын, шайын алыстағы аудан орталығына барып, сатып алып жүрмес еді. Осы мәселелер шешілсе, ауылдағылардың тұрмысы жақсарады деп ойлаймын. Ауылдың жағдайы жаныма батқан соң, жазып отырмын.
Ж.ДОСЖАНОВ,
зейнеткер.

